Архив және заманауи технология

Президенттік архив делегациясы Барселонада өтіп жатқан Халықаралық архивтер кеңесінің (ХАК) кезекті конгресіне қатысты. Әлемнің жүзден аса елінен келген 2 мыңнан астам маманның басын қосқан бұл жиында архивтерді цифрландыру, құжаттық мұраны сақтау және архив саласына жасанды интеллектіні енгізу тақырыптары талқыланды.

Egemen Qazaqstan

Төрт жылда бір рет өтетін іс-шараның бұл жолғы «Knowing Pasts, Creating Futures» («Өт­кенді танып, болашақты бағдарлау») тақы­рыбы форумның бас­ты идеясын дәл бейнеледі. Экономикалық жағдай мен технологиялық даму деңгейі әртүрлі болғанымен, әлем архившілерінің табиғи апаттар мен қақтығыстар жағда­йын­да құжаттық және мәдени мұраны сақтау, жаңа буын архившілерін даярлау, кәсіби құзыреттерді дамыту және инновациялар мен жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдікті табу секілді мәселелері – ортақ. Сондықтан да форумда архивші мамандығының болашағына ерекше назар аударылып, «10–20 жылдан кейін архивші қандай болады? Олар қандай құралдарды пайдаланады?» деген сұрақтарға жауап іздеп,  архив ісінде жасанды интеллектіні пайдалану мәселесіне қатысты 23 баяндама жасалды.

Конгресс аясында өткен Халықаралық архивтер кеңе­сінің Бас ассамблеясы отырысында ХАК президенті Жозе Кирпс биыл тамызда Қазақстанға жасаған жұмыс сапары туралы айтып, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қызметіне жоғары баға берді. Ол Астанаға сапары кезінде Президент архивінің даму қарқынымен, әсіресе, цифрландыру мен қызметкерлерді кәсіби даярлау саласындағы жетістіктерімен жеке танысқанын және кейінгі жылдарда қол жеткізілген оң өзгерістерді атап өтті.

Аталған Конгресс аясында  Президент архивінің басшысы ретінде «Архив тәжірибесіндегі жасанды интеллект» атты сессияға төрағалық еттім. Бұл сессияда жаңа технологияларды енгізудің техникалық және этикалық аспектілері талқыланды. Оның жұмысына 200-ден астам маман қатысты. Сессия барысында БАӘ, АҚШ, Колумбия және Нигерия сарапшылары ЖИ-дің архившілердің кәсіби сәйкестігіне әсері, этикалық мәселелер, ЖИ енгізудің мүмкіндіктері мен сын-қатерлері және дамушы елдердің дайындық деңгейі туралы зерттеу нәтижелерін ұсынды. Көптеген баяндамашылар жасанды интеллект технологиялары мәтіндерді тану, деректердің үлкен көлемін сұрыптау және контекстік іздеу сияқты күнделікті үдерісті едәуір жеңілдететінін атап өтті. Бұл мамандарға талдау және зерттеу жұмыстарына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект бүгінде архив­тер­дің жұмысын айтарлық­тай жеңіл­дете алады. Ол ақпаратты өңдеу мен құ­рылымдауды жеделдетуге, метадеректерді қалып­тастыруға, құжаттар арасын­дағы байланыстарды анықтауға көмектеседі. Дегенмен жасанды интеллект техноло­гиялық ком­поненттері бар, белгілі бір деңгейде үйретуді, бақылау, жаңартып отыру, нәтижелерін мониторингтеу және тексеруді, сондай-ақ шешім қабылдау ал­го­ритмдерін түсінуді қажет ететін құрал.

Сонымен қатар БАӘ Шарджа әмір­­лігінің архивтері, Польша ғылым ака­демиясының Тарих институты және Италия архивтері өкілдерінің қатысуымен өткен талқылауда ЖИ-ді енгізуге дейін мұқият дайындалған нормативтік және этикалық негіздің болуы қажеттігі атап өтілді. Халықаралық және ұлттық деңгейде жасанды интеллектіні дамыту бағдар­ламаларын әзірлеу және архив саласында технологияларды жауапты пайдалану саясатын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Осы тұрғыдан ал­ған­да, Қазақстан Республикасында қа­был­­данып жатқан шаралар әлемдік үр­­діс­терге толық сәйкес келетінін атап өткен жөн. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуі­ріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында ай­тылған тапсыр­малардың іске асыру шеңберінде Үкімет жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс атқаруда. 2025 жылғы наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы отандық және шетелдік нейрожелі әзірлеушілеріне қолжетімді болатын ұлттық цифрлық архив құрудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл стратегиялық қадамдар елдің тұрақты дамуы мен цифрлық трансформация жағдайындағы ілгерілеуінің мызғымас іргетасын қалайды, соның ішінде архив саласының дамуына да ықпал етеді.

Сессия барысындағы талқы­лауда жасанды интеллект адамды алмастырмайды, бірақ ар­хив­шінің кәсіби қызметіндегі көмекші құралға айналады деген ортақ тұжырым айтылды.

Сондай-ақ Конгресте жеке деректерді қорғау, жасанды интеллектіні жауапты пайдалану және экологиялық тұрақты («жасыл») технологияларды қолдану мә­селе­леріне ерекше көңіл бөлінді. Ар­хившілер жасанды интеллекті пай­дала­нуға байланысты тәуекелдерді – дерек­тердің таралуы, алгоритмдік бейтарап­тықтың бұзылуы және есептеу үдерісінің энергия шығыны сияқты факторларды талқылады. Технологиялардың зор әлеуетіне қарамастан, нәтиже үшін жауап­кершілік әрқашан адамға тиесі­лі екені атап өтілді. Демек, шешім қабыл­дау­да соңғы сөз әрдайым архившіде қалуға тиіс.

Конгресте жаңа буын мамандарын даярлау мәселесі де жеке тақырып ретінде қаралды. Қажетті білім және цифрлық жүйелердің негіздерін түсінбей, ЖИ-ді сапалы қолдану мүмкін емес. Халықаралық архивтер кеңесі өз сайтында қолжетімді оқу модульдері мен бейнекурстар әзірлеуді бастап кетті.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтар жаһандық күн тәртібімен толық үндеседі. Кей бағыттарда біз заманауи үрдістермен қатар ілесіп келсек, кей салаларда тіпті озықпыз. Цифр­ландыру, құзыреттерді дамыту, ашықтықты қамтамасыз ету және тарихи жадыны сақтау – барлығы біздің жұмысымыздың өзегінде жатыр.

Конгресте архив ісінде жасанды интеллекті қолданудың тәжірибелік ше­шім­дері мен сәтті мысалдары ұсы­нылды. Қаты­сушылар интеллектуалды жүйе­лердің жұмысын реттеу тәсілдері тура­лы айтты. Қолжазбаларды тану, дерек­терді құрылымдау және құжат­тарды автоматты іздеудің дәлдігін арттыру бойын­ша қы­зықты тәжірибелер көрсетілді. Мұндай тәсілдерді елімізге  бейім­деп қолдануға да болады.

Сонымен қатар Конгресте ЖИ-дің тәуекелдері мен мүмкіндіктері туралы деректер жинайтын және архив ісінде оны қауіпсіз әрі орынды пайдалану жөнінде ұсынымдар әзірлейтін халықаралық сарапшылар тобының жұмысы басталды.

Халықаралық архивтер ке­ңесінің Конгресіне қатысу біз үшін елімізді халық­аралық деңгейде танытуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және әлемнің түкпір-түкпіріндегі әріптестермен тәжірибе алма­суға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ХАК-тың «Comma» журналының бас редакторы Форгет-Шартеррер Замбу­комен кездесіп, осы журналдың редакциялық алқасының мүшесі ретінде архив ісіне қатысты өзекті мәселелерді талқыладық. Сондай-ақ Ұлыбритания Ұлт­тық архивте­рінің директоры Сол Нэсспен тәжірибе алмасып, Жапония, Сингапур, Бірік­кен Араб Әмір­ліктері және Түркия­ның ұлттық архивтерінің басшыларымен кәсіби кездесулер өткіздік.

Бүгінде заманауи технология­лар құжат­тарды сақтау тәсілін өзгертіп жат­қанын көріп отырмыз. Бұл жайт архив саласының жаңа дәуірдің табалды­ры­ғында тұрғанын аңғартады. Жа­санды интеллект күнделікті жұ­мысты жеңіл­детіп, тиімділікті арттырғанымен, адам білімінің және сараптамалық тәжіри­бесінің құндылығын өзгерте алмайды. Сондықтан да архивтерге деген сенім адам тәжірибесіне, жауап­кершілігіне және өткенге деген құрметке негізделуге тиіс.

 

Әлия Мұстафина,

Президент архивінің директоры,

Ұлттық құрылтай мүшесі 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT