Ауданымызда республикалық ардагерлер кеңесінің құрылғанына 35 жыл толған айтулы күн аталып өтті . 1987 жылы құрылып, өз жұмысын бастаған ардагерлер кеңесі - еліміздегі үлкен қоғамдық ұйымдардың бірі.
Мемлекетіміздің дамуына атсалысып, кейінгі толқынға дария ақылымен, тәрбиелі тәлімімен үлгі боп жүрген аға буын қандайма құрметке де лайық! Кезінде барлық салада да еселі еңбек еткен, әлі де барша игі істерге бастамашыл болып келе жатқан ұйымның орны ерекше. Бүгінде облысымызда ардагерлер кеңесінің бес мыңға жуық мүшесі бар.
Барша ардагер аға-апаларды аудан әкімі Жұмабек Қаражанов осы айтулы мерекемен құттықтады.
-Ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толған мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерді арқа сүйер ақылшы санаймыз. Елдік мәселенің жақтаушысы бола беріңіздер! Баршаңызға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасы амандығын тілеймін, - деді аудан басшысы.
Салтанатты шарада сахна төріне шыққан ардагерлер кеңесінің аудандық мүшелеріне төс белгілер, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Шараға облыстық Ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы М.Әбілхайыров қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, аудан ардагерлерін марапаттады.
Талай жыл сахнада өнерімен халқының көзайымы болған ардагер өнер майталмандары да салтанатты жиынға қатысқан болатын. Олар әсем ән, күмбірлеген күй тартып, мерекелік кешті саз бен думанға бөледі.
С.БАҚТЫҒАЛИ