Таңмен таласа тұрып, ел мүддесі үшін еңбек ететін, қоғам тынысын қалт жібермей бақылап, халық пен билік арасын алтын көпірдей жалғап жүрген мемлекеттік қызметтің қызығынан қиындығы басым. Міне, осы саланың сара соқпағына дара жол салып, адал қызметімен елге танылған ардагер азаматтар қатарында Нұрбай Сүйембаевтың есімі де ерекше аталады.
1955 жылдың 25 желтоқсанында дүние есігін ашқан Нұрбай Нұрханұлы Құлсары поселкесінде туып, 1972 жылы білім ордасынан қанат қағып, еңбекке ерте араласқан. Алғашқы еңбек жолын Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасы мен Оңтүстік-Ембі тереңді барлау-бұрғылау экспедициясында слесарь-сантехник, автослесарь болып бастап, 1975 жылға дейін жұмыс жасайды. 1979 жылы Гурьев (Атырау) музыкалық училищесін тәмамдаған ол аудандағы саз мектептерінде мұғалімдік қызметте болып, директордың орынбасарына дейін көтеріледі. 1990 жылы қазіргі №15 орта білім беретін мектептің директоры атанып, басшылық етеді. Еңбектен қол үзбей сол жырдарда А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының мектеп директорларын даярлау курсынан өтіп, Гурьев педагогика институтының тарих-филология факультетін аяқтайды.
Мәдени өмірден бөлек, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан Нұрбай Сүйембаев 1994 жылы аудандық мәслихаттың, келесі жылы аудан әкімі аппаратының бас маманы ретінде мемлекеттік қызметке де аяқ басады. Сол жылдар аралығында аудандық мәслихат депутаты атанып, халықтың мұңын мұңдап, билік пен бұқара арасындағы алтын көпір болуға тырысқан оны 1998 жылы аудан әкімінің орынбасары қызметіне шақырады. Ол міндетті де абыроймен атқарды. Бірақ араға жыл салып өндірісте бақ сынап көргісі келген азамат «Теңізмұнайқұрылыс» АҚ-на аудармашы-инспектор болып ауысып кетеді.
Бірақ «Ат айналып қазығын табады» дегендей, ол 2002 жылы ол мемлекеттік қызметке қайта келді. Тәжірибелі маман бірден аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, 2003 жылы шағын шаһар мәртебесі берілген жас Құлсары қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалады. Кейін бөлімге қайта оралып, 2008 жылға дейін ауданның ішкі саясат саласын басқарды. Сол жылдан бастап аудан әкімі аппаратының азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі штаб бастығы болып жүргенде 2009 жылы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметіне ауысады. Нұрбай Нұрханұлы бұл міндетті мінсіз он жылға тарта атқарады.
Иә, ол жай ғана басшылық қызмет атқарған жоқ, ұтымды ұйымдастырған іс-шараларының бел ортасында өзі жүрді. Оның еңбек жолы талмай ізденудің, тынымсыз еңбектің, туған еліне деген махаббаттың көрінісі іспеттес еді. Әрбір өткізілген іс-шара, ұйымдастырылған байқау, ұлттық мерекелер мен өнер кештері оның кәсіби шеберлігі мен іскерлігінің айқын айғағы. 2014 жылы сол кездегі аудан әкімі Мақсым Ізбасовтың бастамасымен «Киелі мекен – Кең Жылыой» атты тарихи танымдық-тағылымдық кітап жарық көрді. Сол еңбек жарық көргенше Нұрағаң редакция алқасын басқарып, бітер істің басы-қасында жүрді. Соның арқасында аудан тарихы жаңа парақтармен толығып, жаңа кітап көпшіліктің көңілінен шықты. 2018 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан Нұрбай Нұрханұлы көпке дейін қоғамдық қызметтен қол үзген жоқ. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі ретінде өңірдегі саяси науқандардың әділ әрі ашық өтуіне атсалысты. Биыл жетпістің жотасына шыққалы тұрған мемлекеттік қызмет ардагері Нұрбай Сүйембаевтың ел мүддесі жолында сіңірген еңбегі орасан зор. Сондықтан аудан әкімдігі мен аудандық мәслихат оның ұзақ жылғы еңбегін ескеріп, ауданның «Құрметті азаматы» атағын берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ