Қазіргі заманда интернет пен әлеуметтік желілер адамдардың негізгі ақпарат көзіне айналды. Алайда осы кеңістікте түрлі арандатушылық (провакациялық) және деструктивтік контенттер де таралып жатыр. Бұл – қоғамда алауыздық тудырып, адамдарды адасуға итермелейтін, ислам дінінің мәні мен мақсатын бұрмалайтын теріс әрекеттер.
Ислам – бейбітшілік пен бірлік діні. Алла Тағала Құран-Кәрімде былай дейді: «Адамдармен жақсы сөйлесіңдер» (Бақара сүресі, 83-аят). Бұл аят бізге адамдармен әдепті, сабырлы және салиқалы түрде сөйлесуді бұйырады. Арандатушылық мазмұн – керісінше, адамдардың арасында өшпенділікті қоздырады, ал бұл – мұсылманның әдебіне жат.
Фитнадан (арандатушылықтан) қалай сақтанамыз? Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Фитна (бүлік) ұйықтап жатыр, оны оятқанға Алланың лағнеті болсын» – деген. Демек, қоғамда бүлік пен алауыздық тудыратын контенттерді тарату – үлкен күнә. Мұндай әрекеттер тек жеке адамға емес, бүкіл қоғамға зиян келтіреді.
Ақпаратты сүзгіден өткізу – әр мұсылманның міндеті. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Егер бір бұзық адам сендерге хабар әкелсе, оның анығына көз жеткізіңдер» (Хужурат сүресі, 6-аят) ,– делінген. Бұл аят – қазіргі ақпарат тасқынында мұсылманның қандай ұстанымда болуы керектігін айқындайды. Яғни, жалған, арандатушы және деструктивтік мазмұнды таратпас бұрын, оның шындығына көз жеткізу – иманның талабы.
Ислам діні адамдарды жақсылыққа, бейбітшілікке, сабыр мен бірлікке шақырады. Арандатушылық және деструктивтік контенттерге қарсы тұру – әрбір мұсылманның азаматтық әрі діни борышы. Біз өзімізден бастап онлайн және офлайн ортада салиқалы сөз айтып, тек сенімді әрі пайдалы ақпаратты ғана таратуымыз қажет. Себебі әрбір сөзіміз бен ісіміз үшін Алланың алдында жауап беретінімізді ұмытпайық. «Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйылған қауым – ең қайырлы қауым» (Әли Имран сүресі, 110-аят).
Ұрпақ тәрбиесінің қос қанаты
Сол секілді білім алудың да үкімі - парыз. Ал орамал тағу – ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуі тиіс. Бірақ шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Оны да мұсылман жамағаты дұрыс ұғынуы керек.
Бүгінгі заманның үдерісі еліміздің әрбір азаматы мен лауазымды тұлғасына білімді, иманды, отаншыл ұрпақ қалыптастыруды талап етуде. Бұл – баршамыздың ұлы борышымыз, асыл міндетіміз. Біз мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындарындағы мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырамыз. Бұл мәселені ушықтыру дұрыс емес. Өйткені елімізде орамалға түбегейлі тыйым салынбағанын түсінуіміз керек. Тек орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында шешім қабылданған.
Діндар азаматтар қоғамнан бөлек өмір сүрмейді. Дініміздегі бойұсыну – негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан мұсылмандар заңға құрметпен қарауы тиіс. Еліміздің заңнамалары бізге ел ертеңі - балалардың орта білім алуын қамтамасыз етуімізді міндеттейді. Білімсіздік бүлікке бастайтынын ұмытпайық. Сондықтан қыз баланың толыққанды зайырлы білім алуын ата-аналары еліміздің заңнамасы талаптары шеңберінде қамтамасыз еткендері жөн.
Алла Тағаладан елімізді түрлі бүліктен сақтауын тілейміз. Халқымыздың бірлігі мен берекесі арта бергей!
Думан Балықшиев,
аудандық орталық мешіттің бас имамы