Қант тапшылығы неде?

Қазір елімізде жеміс-жидектердің уылжып пісіп жатқан кезі. Базарларда көздің жауын алады. Бірақ сауда жылдағы­дай емес екені анық. Күнделікті жеуге болмаса, жұрттың жәшік­теп алып жатқаны шамалы. Демек тосап қайнату науқаны да бұрынғыдай емес. Неге? Өйткені қант бағасы ұшып тұр. Көптеген сауда орнында қант мүлде жоқ. Жылдық тұрғыда оның бағасы 59,9 %-ға қымбаттап кеткен. Мұның себебі неде?

Jusan Analytics зерттеу орта­лығының мәлімдеуінше, қазір­гі уақытта Қазақстанда қант тапшылығы төмендегідей деректердің себебінен орын алып отыр:

- жергілікті шикізат саналатын қант қызылшасынан өндірілетін қант қажеттіліктің 10 %-ын ғана қамтамасыз етеді;

- шетелден өңдеу үшін жеткізілетін шикі қант көлемі мардымсыз. Оны импорттау 2016 жылдан бастап жоспарлы түрде қысқартылған;

- Ресейден жеткізілетін да­йын қантқа аса тәуелдіміз. Қазір Ресейде қант өндірісі мемлекет тарапынан реттеледі және оны сатып алу үшін арнайы рұқсат керек.

«Бұл ретте елімізде қант өндірісін тез арада жолға қою үшін ең алдымен сырттан жеткізілетін шикізат көлемін арттыру қажет. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Өйткені негізгі өндіруші елдер Оңтүстік Америка құрлығын­да орналасқан», дейді Jusan Analytics орталығының талдаушысы Тимур Дауранов. Оның айтуынша, елімізде қантты тұтыну көлемі жылына шамамен 500-550 мың тоннаны құрайды. Отандық зауыттар ұзақ жылдар бойы өндіріске шикізат ретінде негізінен құрақты шикі қантты пайдаланып келді. Қант өндірісі екі шикізатқа негізделді:

- жергілікті шикізаттан өндіру – қант қызылшасы өнімі 460-500 мың тоннаны құрады. Одан 50-75 мың тонна қант алынады.

- импортты шикі қанттан өндіру – өнім әрқалай мер­зімдерде шамамен 250-400 мың тоннаны құрады.

Алайда 2016 жылдан бас­тап жағдай басқаша сипат ала бастады.

«Жақын көршілік, тең­генің ұзақ жылдар бойы рубль­ге қатысты тұрақты баға­мы, шикі қант пен да­йын қант бағаларының бір-бірі­не жақындығы біртіндеп Ресейден жеткізілетін дайын қанттың көлемін арттыруға ықпал етті. Ал бұл Бразилиядан жеткізілетін шикі қант көлемі­нің қысқаруына әкеп соқты. Сөйтіп. отандық өндіріс қысқара бас­тады. Қазір геосаяси ахуалға баланысты елімізде қант тап­шы­лығы орын алған шақта отан­дық өндірістің жеткілікті деңгейде емес екендігі айқын байқалуда», дейді Т.Дауранов.

Қант тапшылығына қатыс­ты жағдай осылай қала бере ме? Таяуда Еуразиялық эконо­микалық комиссияның сайтында 2022 жылдың 31 тамызына дейінгі мерзімде қантты баж салығынсыз енгізу түрінде тарифтік жеңілдік беру туралы хабарлама жарияланды. Онда Қазақстанға 250 мың тоннадан аспайтын көлемде әкелінетін қант кедендік әкелім бажынан босатылатындығы көрсетілген.

«Бұл шара ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің ішкі нарығын қантпен қамтамасыз ету мәсе­лесін уақытша шешуі мүмкін. Әрі шикі қантты жеткізу бо­йынша жаңа келісімшарттар жасасып алуға мүмкіндік береді. Алайда алдағы 2-3 апта барысында қант тапшылығы әлі де қатты сезіледі. Осы уа­қыт ішінде қант жеткізуді жол­ға қойып, отандық зауыт­тардың өндірістік қуатын арт­тыру қажет», деп сөзін қорытындылады Jusan Analytics талдаушысы.

Egemen.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521