Қазақ қашанда баланы бақытына балап, көпбалалы аналарды құрмет тұтқан. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудандағы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың салтанатты түрде алқаларын табыстап, арнайы марапаттауы – соның айғағы.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов, аудан әкімі аппаратының басшысы Алмат Теміржанов пен «Amanat» партиясы аудандық филиалының басшысы Сайлаубай Таласов қатысып, алтын құрсақты аналарға жүрекжарды жылы лебіздерін жеткізіп, арнайы құттықтады. Ел Президентінің Жарлығына сәйкес Раушанай Алишова, Әсел Бижанова, Әсемгүл Бурашева, Науша Қартмағанбетова, Жұмабике Көбеева, Альмира Шайхиевалар «Алтын алқа» иеленсе, Жібек Баспаева, Ақжан Қайырова, Тілектес Анешовалар «Күміс алқамен» ұлығыланды. Қара шаңырақтан бөлек білім ошағында ұстаздық қызмет атқарып жүрген Жібек Баспаева:
-Барша құттықтаған, марапаттаған жандарға алғысым шексіз. Бұл шара мереке қарсаңына тұспа-тұс келіп, ерекше кездесу болды. Рамазан айының да нұры тұнып тұрғандай әсер қалдырды. Барша жерлестерімді қасиетті айдың келуімен және Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әйелдер қашанда құрметке лайықты,-деп қайырды өз сөзін.
Бүгінгі күні ауданымызда 607 “Алтын алқа”, 1031 “Күміс алқа” иегері бар. Дегенмен, әрбір ана, әр әйел заты ешқандай төсбелгісіз-ақ, еш мерекеге қарамастан күн сайын құрметке лайықты. «Әйелдер – асыл жандар, шуақ боп шашылғандар» деп Мұқаң жырлағандай, шаттыққа бөлейтін аруларымыздың мәртебесі асқақ болуы тиіс.
Е.АХМЕТКӘРІМ