Ана тіліміз - елімізді әлемдік деңгейге жетелейтін қатынас құралы. Өзге тілді де білген артық етпейді, керісінше адамның ақпарат алу мүмкіндігі артып, танымы кеңейе түсетініне ешкімнің дауы жоқ. Алайда ана тіліміз бірінші орында тұруы керек. Бір ұлтты басқа ұлттан ерекшелейтін -оның тілі. Сондықтан тіл жоғалса, ұлт та жоғалатынын еш ұмытпайық.
Әрине, соңғы кезде көптеген отбасыларда қазақ тілімен қатар, балаларына кішкентай кезінен бастап орыс тілінде сөйлеп, тәрбие беріліп келеді. Әсіресе, бұндай әдет қалаларда жиі кездеседі. Жазушы Шыңғыс Айтматов романдарында қаламымен сомдаған Мәңгүрт – қазақ халқының басындағы ана тіліне қатысты орын алып отырған қасіретті анық сипаттайтын кейіпкер. Жаугершілікте қолға түскен тұтқынның басына таз кепеш кигізіп, шыжғырған күннің астына қойып азаптап, бас сүйегін қысып, миын зақымдап, ақыл-есінен айыратын сұмдық қатал жаза болған. Мұндай бейшара тұтқын сау қалғанымен ақыл-есін, жадын түгел жоғалтады, туған ана тілін ұмытады. Кейін туған анасын кездескенде танымайды. Бұл романдағы мәңгүрт Алматы тәрізді үлкен қалалардағы өзінің ана тілінде сөйлемейтін, сөйлеуге арланатын санасыз ұрпақтың анық бейнесі. Ал оның туған тілі сорлы анасының кейпінде беріліп тұр. Туған ана тілін ұмытқан қазақ –туған анасын ұмытқан мәңгүрт. Міне, ұлы жазушы суреттеген осындай мәңгүрттердің қаптап бара жатқанына қапаланасыз. Жас келіншектер бесік жырын айтпайтыны аздай, балаларына смартфон ұстата қойып, ютуб әлеуметтік желісінен кез-келген балаларға арналған орыс тіліндегі мульт-топтамаларды қосып береді . Одан ана тілінде тәрбие мен білім алмаған қазақ баласы қазақы, ұлтының бар болмысын сүйетін азамат болып өспейтіні белгілі.
«Тәрбие – тал бесіктен» демекші айналасын тануға бейімделіп келе жатқан бүлдіршін ана тілінде тілі шығып, сөйлеп, ойлау арқылы мінез-құлқы, таным-түйсігі, ұлттық санасы, ұлттық болмысы қалыптасады. Бала сәби кезінен бастап, қазақша жыр мен термелер тыңдап ұйықтаса, оның рухани байлығы артып, қаны қазақ болып өсуіне септігін тигізеді. Оның бойына ұлттық қасиеттер дариды. Ал оны сәби бойына сіңіретін алдымен ата-ана. Батыр Бауыржан Момышұлы бүгінде немерелеріне ертек айтатын әжелер азайғандығын айтып текке налыды дейсіз бе?! Егер өсіп келе жатқан бүлдіршіндерге ұланғайыр жеріміздің қасиетін дәріптеп, батырларымызға арналған жыр-дастандарды оқып, қазақи тәрбие берсек одан тексіз азамат шықпас еді. Қарапайым қазақ үшін «қасиетсіз», «тексіз» деген сөздерден ауыр сөз жоқ. Ал ана тілін білмеу де тексіздіктің белгісі дер едік. Осы орайда, «Халқының қасиеті өз бойында дарымаған бала болашақта ұлттық құндылықтарды қалай қадірлейді?» деген сұрақ туындайды.
Баласын бесіктен белі шықпай жатып орысша немесе т.б өзге тілдерде оқытып, тәрбие береміз дегендердің түпкі мақсаты қандай? «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» деп Жүсіпбек Аймауытұлы айтып кеткен сөз ойға оралады. Алаш ардақтыларының бұрын айтып кеткен пікірлері ескіріп, ғылыми құндылығын жоймақ емес. Керісінше, ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі жаны мен қанына сіңіп қалған олардың пікірінің құндылығы уақыт өткен сайын арта түсті. Олардың айтқан сөздері алдымызға бағыт-бағдар беріп, шамдай жарқырап, қараңғыда жол көрсетіп тұрғандығы белгілі. Себебі. Алаш арыстарының бір ғана арманы- қазақ халқын қайтсек ел қыламыз деген арман еді. Алаш арыстары аманаттап кеткен арманға қиянат жасамайық, ағайын!
Балаларымызға басқа тілде тәрбие, білім бергеніміз - қазақты ұлт ретінде жоғалтумен пара пар. Тіпті мал да, аң-құстар да айналасына тек өздеріне тән табиғи үнмен үн қосып, төлімен өз тілінде сөйлеседі. Жылқы кісінейді, қой маңырайды, сиыр мөңірейді. Басқаша болуы мүмкін емес. Табиғаттың өзі жазылмаған осы заңдылығымен-ақ бізге айқын мысал беріп тұрған жоқ па?! Сонда баласымен орыс не басқа тілде сөйлесетін ата-ананың төрт аяқты жануар мен хайуанат құрлы санасы болмағаны ма?!
Мектепте де оқушыларға ұлттық бай мұрамыз эпостық дастандар мен жырларымыз тереңдетіліп оқытылмайма деген де ойға қаламыз. Міне, ана тілінің уызы мен нәріне бала осы жыр-дастандар арқылы қанады. Ал олар жеткілікті оқытылмаса, баланың тілі де шала болмасына кім кепіл! Олай дейтін себебіміз, қазақ балалары өз ойын жеткізуге келгенде шорқақ. Баяғы Жиренше, Бөлтірік шешендердің бүгінгі ұрпағының тілі былдыр, ал ана тілінің болашағы бұлыңғыр болып тұр.
Баяғы әжелер немерелеріне мақалдап-мәтелдеп ұрысатын, сөйтіп отырып-ақ ана тілінің нәрін құлағына құйып, көкірегіне сіңіретін. Ал қазіргі заманауи әжелер мақал-мәтел айту былай тұрсын, немерелерін орыс тіліндегі мектеп пен бала бақшаға сүйреп жүр. Бұдан кейін қазақ тілінің көсегесі қалай көгермек?!
Білім нәрін өзге тілде алуға болғанымен, ұлттық тәрбие мен өз халқына қызмет ететін білімді тек қана ана тілінде алуға болады. Қазақтың баласын басқа тілде оқытып, өзге ұлттық тәрбиесімен тәрбие беру – өз-өзімізге жасалған үлкен қастандық емес пе?! Баласын орысша оқытып жүрген ата-ана мен смартфоннан түспейтін баланың санасына осылар жетпесе олар қалай қазақ болмақ?!
Ендеше, ұрпағымызға өз ана тілімізде сөйлеп, қазақи тәрбиемен тәрбие берсек-ұлттың ұлы мұраты осында. Әр бүлдіршінге, қазақ баласына ана тілінде тәрбие беру – әрбір ата-ананың ақадал парызы болып қалмақ. Тіл жоқ болса-ұл та жоқ! Демек, әрбір қазақстандықтың мемлекеттік тілімізді құрмет тұтуы – парыз!
А.МОЛДАШЕВ
Фото ашық дерекөздерден алынды