Алтын құрсақты аналарға құрмет

«Аmаnаt» партиясы аудандық филиалы «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында және Отбасы күніне орай алтын құрсақты аналарға құрмет көрсетті.

Бір қолымен әлемді тербетсе, бір қолымен бесік тербеткен аналарды ұлықтау шарасына ауданға қарасты ауылдық округтерден 6 әйел қатысты.

-Егемендік жылдарында еліміздің демографиялық саясатына ерекше екпін берілді. Бүгінге дейін қазақтың қарадомалақ балаларының санын арттыру мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып отыр. Соның нәтижесінде халық саны 20 миллионнан асты. Бұл – көп балалы аналарымыздың жанкештілігінің нәтижесі. Ана мен балаға жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Марапат – аналарға деген шынайы құрметтің бір көрінісі, - деді "Аmаnаt" партиясы аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов.

Салтанатты жиында аналарға партия атынан арнайы алғыс хат табысталды. Жүздерінен қуаныш сезілген аналар да өз кезегінде ризашылықтарын білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғыстарын жеткізді. Солардың бірі Жем ауылдық округінің тұрғыны - Сандуғаш Шабайқызы. Кейіпкеріміз - жеті құрсақ көтерген көп балалы ана. Бүгінде ұл-қыздарынан 9 немере-жиен сүйіп отырған аяу-лы әже. Ол кездесудің жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын айтып, өзінің алған әсерімен бөлісті.

Батыр ана «Басқосуда партияның атқарып жатқан жұмыстарымен кеңінен таныстық. Сонымен қатар, алдағы атқарылатын іс- шаралар жөнінде толық ақпарат алдық. Осылай біз секілді көп балалы аналарды елеп-ескеріп, жан-жақты қолдап, қошеметке бөлеп жатқан "Аmаnаt" партиясына дән ризамын. Бұл бізге күш-жігер береді»,-дейді Сандуғаш Шабайқызы.

Көп балалы аналар тек отбасының ғана емес, қоғамның ұйытқысы. Олардың тәрбиелеп отырған ұрпағы – елдің ертеңі. Сондықтан аналарға көрсетілетін ілтипат ұлттық құндылықтар мен отбасылық дәстүрлердің сақталып, ұрпақ сабақтастығының нығаюына жол ашады.

А.СҮЛЕЙМЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT