«Алтын белгі» иегерлеріне төсбелгілер табысталды

Биыл аудандағы барлығы 20 мектептің орта білім беру бағдарламасын 718 түлек аяқтап отыр. Оның 26-сы «Алтын белгі» белгісіне иегер болса, 16 түлек «Үздік аттестат» иегерлері атанды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, топжарған оқушыларға өткен аптада аудан әкімі Халел Жамаловтың өзі қанжығасына байлаған төсбелгілері мен құжаттарын табыстады.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен шараға аудандық білім бөлімінің басшысы мен мамандары, мектеп директорлары, оқушылар және ата-аналар қатысты.

-Құрметті оқушылар! Сіздер бүгін сапалы білім мен саналы тәрбие берген ата-аналарыңыздың үмітін ақтап, білім бәсекесінде үлкен жетістікке жетіп отырсыздар. Бұл күн сіздер, яғни , мектеп бітіруші түлектер үшін де, мұғалімдер мен ата-аналар үшін де есте қалар, қуанышты сәт. Осы оқу жылында көптеген оқушылар түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен байқауларға қатысып, жақсы деңгейге жетті. Ауданымыздың білім саласының сапасы артуына осы арқылы зор үлес қостыңыздар. Қазіргі заман – білектегі күшке емес, бастағы білімге сенетін заман болғандықтан өздеріңізді дамытып, таным-көкжиектеріңізді кеңейтуге жұмыстануларыңыз керек. Әрине, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» алтын ұя мектептеріңізбен қоштасу сіздер үшін оңай болмасы анық. Десе де, сіздерді жарқын болашақ күтіп тұр. Өздеріңіз қалаған мамандықтың иесі атанып, ауданымыздың, еліміздің дамуына зор үлес қоса беріңіздер дегім келеді! – деді аудан басшысы Халел Жамалұлы өзінің түлектерге арнаған сөзінде.

Салтанатты шара сәтінде ата-аналар да аса толқу үстінде болған еді. Олар да балаларына 11 жыл бойы тәрбие мен білімді қатар берген ұстаздарға алғыс айтып, жылы лебізін білдірді.
Бүгінгі салтанатты жиынға қатысушылар! Сіздерді мерекемен құттықтаймын! Күні кеше мектеп табалдырығын аттаған, балдырған перзенттеріміз, қазірде қанаттары қатайып, үлкен өмірге қанат қаққалы отыр. Соның ішінде, бүгінгі шараның басты кейіпкерлеріне айналып отырған бір топ балалар «Алтын белгі» белгісі мен «Үздік аттесттаттарын» аудан басшысының қолынан алып жатыр. Балаларымыздың бүгінгідей жетістікке жетіп, білім бәйгесінде дарабоз атануларына мұғалімдердің қосқан үлесі аса зор. Сіздерге сол үшін барша ата-аналар атынан үлкен рахметімді айтамын! – деді ата-аналар атынан құттықтау сөз сөйлеген Бақтыгүл Аймағанбетова.
Жиын кезінде түлектердің бойында қуанышпен қатар қимастық сезімнің де бары байқалды. Олар өз ұстаздарына алғыс айтып, ұшқан ұяларын ұмытпауға сөз етті.
Айта кетейік, биылғы мектеп бітіруші түлектер арасында халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен шетелдің белді жоғарғы оқу орындарына шақырту алған оқушылар да бар.

Ш.ХАМИТОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521