Таңертеңгілік жұмысқа қарай автокөлікпен келе жаттық. Құлсары қаласындағы 7 учаскенің іші. Ұзын асфальт жол бойында анадай жерден айғайлаған ер адамның дауысын естідік.
Қырықтардағы бір жігіт ағасы қолындағы тасты кезеніп, әлденеге ызаланып тұр. Сөйткенше болмай үйдің тасасынан тайыншадай алапат үлкен алабай шыға келді. Әлгі иттің үлкендігіне таңқалдық. Мойнында шұбатылған ұзын темір шынжыры бар, сірә байлаулы тұрған жерінен босап кеткен. Өзі де қорқынышты, түсі қара ала, дәу ит. Атпалдай ер адамды айналшықтап, тұра-тұра ұмтылады. Біз де дереу әлгі азаматтың жанына тұра қалдық.
-Келіңіз, машинаға мініп алыңыз! Қауып алмасын мына пәлекет,-дедік.
Бірақ ер адам намыстанды ма, әлде айтқанымызды қорыққанынан түсінбеді ме, басын шайқап көлікке мінген жоқ. Дәу қара ит енді біздің машинамызға қарай ұмтылды. Шофер бала жалма-жан машинаның терезесін жауып үлгерді. Журналистік дағдымыз ұстап алабайды суретке түсіріп алдық. Мына суреттерден иттің бойының үлкендігін байқауға болады, себебі биік машинамыздың алдыңғы капотынан басын шығарып, тілін салақтатып тұрды.
Көшенің арғы бетінен басқа да адамдардың қарасы көрініп, олай-бұлай өткендер көбейе бастады. Бағанағы ер адам болса, әлі де айқайлап, қолындағы тасты итке қарай жіберіп қалып, хайуанаттың қожайынын сыбап жаяу кетіп бара жатыр. Жан-жағына жалақтап қарап алған дәу ит те бір кезде жүгіріп белгісіз жаққа кетіп қалды.
Құлсары қаласы көшесінде болған осы көрініс көз алдымыздан көпке дейін кетпеді. Бұл көрініс мүлдем басқаша болса қайтер ек ?! Егер әлгі ер адамның орнында кішкентай бала болса не болар еді?! Шынжырын сүйреткен тайыншадай алабай дәрменсіз балаға тап бермесіне кім кепіл?! Елімізде алабай талап, жарақаттаған балалар мен жасөспірімдер туралы естіп, оқып жүрміз. Ол оқиғалар да осындай қала көшелерінде болған.
Жалпы 7-учаскедегі тұрғындар үйлерінде осындай алабайлар мен адамға қауіпті саналатын питбул, ротвейлер сияқты тұқымы бөлек иттерді ұстауға әуес. Оларды «міне, менің осындай ерекше тұқымды итім бар» деп мақтану үшін ұстайтындар аз емес. Ал ол босап кетсе адамға, әсіресе кішкентай балалар мен әйелдер, қариялар үшін аса қауіпті екенін ойламайды. Алабай аш болса, өз қожайынын да жеп қояды дегенді естиміз. Күндіз байлаулы тұрған «ерекше тұқымды» иттерін түнде босатып қоя береді, бұл түнде көшеде ганен-қаперсіз келе жатқан тұрғындар үшін тіптен қауіпті. Тәңертеңгілік қала көшесінде ер адамға ұмтылған алабай шынжырынан жазатайым босап кеткен. Демек иесі ит ұстау ережесіне мүлдем мән бермейтін салғырт біреу.
Құлсарыда ит, мысық ұстау ережесіне пысқырып та қарамайтын, тіптен ондай ереженің бар екендігінен де бейхабар адамдар көп. Кешкілік серуендей қалсаңыз, әлгіндей аса жыртқыш «асыл тұқымды» хайуанаттарын тек қарғы баумен ғана алып қыдырып жүргендерді көруге болады. Ал ондай иттердің қарғыбауынан бөлек тұмылдырығы да болу керек. Бірақ тұмылдырықсыз, азу тісін ақситқан иттер қожайынының қолынан босап шықпақ болып, жұлқынып келе жатады. «Құдай сақтасын, қожайынына көнбей босап кетсе, тұра ұмтылмасына кім кепіл?!» деп ондайда зәрең ұшады.
Журналистер түсіріп алған фотосуреттен шынжырымен босап кеткен дәу итін иесі де тануы мүмкін. Бәлкім, ұялар, бәлкім, «біреу-міреуді талап тастамағанына шүкір» дер. Жалпы қала тұрғындары қала көшелерімен жүргенде сақ болғаны жөн. Кез-келген көше қиылысында алдыңыздан алабай атып шықпасын!
С.ТӘЖІҚЫЗЫ