Осыдан бірер күн бұрын жаңа аудан әкімі Жұмабек Қаражанов жергілікті бөлім басшыларымен бірге қаладағы бірқатар нысандарды аралап, аудандағы өзекті мәселелермен танысып қайтты.
Өз міндетін көшелердің тазалығынан бастаған аудан басшысы Құлсары қаласының әкімі Е.Ысмағұлға бірқатар тапсырмалар берді.
Қала тұрғындарының демалыс орындары мен балалар ойын алаңдарының тазалығы мен жай-күйін, жалпы, көше тазалығын басты назарда ұстау керек. Құлсарының тазалығына қарап тұрғындар сіздің жұмысыңызға баға береді,- деді өз сөзінде аудан әкімі.
Сондай-ақ, Тұрғын үй- коммуналдық бөлімі басшысы Е.Аққұсовқа қоқыстардың желмен ұшып, жан-жаққа таралуын болдырмау үшін және үйілген қоқыстарды төрт түліктің шашып кетпеуі мақсатында ықшамаудандарға тормен қоршалған қоқыс алаңын салуды жоспарлау керектігін атап өтті.
Сонымен қатар, аудан әкімі Ж.Байрақбайұлы Төтенше жағдайлар бөлімі мен Теміржол вокзалына барып ондағы жұмыстармен де танысты.
Мәліметтерге сүйенсек, аудандық төтенше жағдайлар бөліміне 23 маман жетіспейді. Бөлім басшысы Нариман Өтешовтің мәлімдеуінше, жұмыстың күрделілігі және еңбекақының аз болуына байланысты маман тапшылығы сезіліп отыр екен. Оқуын аяқтап келген мамандар жалақының жайына қаныққан соң аталған салада қызмет етуден бас тартып, өндірістік компаниялардан жұмыс іздеп кететін көрінеді.
Одан бөлек, бөлім басшысы маман тапшылығынан басқа да мәселелердің барын жасырмады. Атап айтқанда, қазіргі ғимараттың ескіргенін, инженерлік желілерде ақау барын және арнайы техникалардың да жетіспейтінін айтып өтті. Ал аудан әкімі аталған мәселелерді өзінің бақылауға алатынын айтты.
А.МОЛДАШЕВ