Биыл 9 мамыр күні Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толады. Астанада айтулы мерекені тойлау үшін Жеңіс шеруі өтеді. Оған Қазақстан Қарулы Күштері үлкен дайындық үстінде. Ұлық мереке еліміз көлемінде, соның ішінде Атырау мен Жылыой өңірінде де өз деңгейінде атап өтілмек. Әсіресе мерзімді басылым беттерінде осы тақырыптарда көптеген мақалалар жарық көру үстінде. Соның бірі - облыстық «Атырау» газетінің биылғы 10 сәуір күнгі №14 санында жарық көрген «Ақылға қонбайтын талап» атты сұхбат.
Онда тыл ардагері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов тыл еңбеккерлері мен соғыс ардагерлеріне қатысты көптің көкейінде жүрген өзекті мәселені көтерген. Ол – ономастика заңдылығы бойынша боздақтарға көше атауларын берудегі кезігіп жүрген кедергілер. Нақтырақ айтқанда, жергілікті ономастикалық комиссиялар «Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің есімін беруде мемлекеттік наградалары болуы қажет» деген қатаң талап қояды. Мәселен, көшеге бір майдангердің немесе тылда аянбай тер төккен азаматтың атын алып беру үшін ол кісіде «Ленин», «Қызыл ту», «Қызыл жұлдыз», «Даңқ» ордендері болуы тиіс екен. Сұхбат барысында Қатимолла Ризуанов ағамыз мұның кері саясат екенін баса айтып, қатты сынға алады. Сұрапыл соғыста кімнің қалай соғысқаны жөнінде статистикалық мәліметтер – жоқтың қасы. Қан майданнан аман қайтқандарының көбі жарымжан, мүгедек болып оралды. Елге келгеннен кейін де мүмкіндігі шектеулі жан ретінде үйде қарап отыра алмады. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен тылда да уақытпен санаспай тер төкті. Соғыстан соң бейбіт өмірді қалпына келтіру жолында да аянып қалмады. Бірақ сол тыныш заманның қызығын ұзақ көре алмады. Ауыр жарақат салдарынан көпшілігі өмірден ерте өтіп кетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мәселені ашық айтты. Ендігі кезек облыс басшылығымен қоса аудан әкімдері де осы проблемаға баса назар аударып, қорытынды шығаруы керектігін тапсырды. Өйткені соғысқа қатысқан ата-әжелеріміздің барлығы – батыр деуге лайықты жандар. Майданда болмай-ақ, өңірде еңбек етіп, жұмыс жасаған азаматтарға да көше атауы берілді ғой. Ендеше, ар мен намысты әрқашан да жоғары қояйық. Осы мәселеге байланысты «Кең Жылой» газетінің 2024 жылғы 25 қаңтар күнгі №4 (8104) санында «Есіл ерлер есімі ескерусіз қала бере ме?» атты менің мақалам да жарық көрген еді.
Онда Ұлы Отан соғысына қатысып, еліміздің ертеңі үшін қан төгіп, жан беріп келген боздақтарымыздың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында көше атауларын беруді ұсынған едім. Сондықтан аудан әкімдігі, аудан тұрғындары осы мәселеге бейжай қарамай, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің есімін мәңгілік есте қалдыруда кезігетін кедергілерді жойып, ортақ іске бірлесіп атсалысайық дегім келеді. Бұған көзі қарақты ойлы оқырман не дер екен? Бұл мәселе оң шешімін тапса, сұрапыл соғыс жылдарында бір кісідей ауыртпалық арқалаған ата-әжелеріміздің аруағы разы болар деген ойдамын.
Ақылбай ЖӨКЕШЕВ,
энергетика саласының ардагері