Ақшаны алаяқтарға аударған

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың төрағалығымен өткен жиында төрт жасөспірімге қатысты материал қаралды. 

Алдымен Б. есімді жасөспірімге қатысты жағдай талқыланды. Бұған дейінгі отырыста Б. есімді жасөспірімнің ісі қаралып, оның отбасы «жайсыз отбасы» ретінде полиция бөлімінің есебіне алынуы жөнінде ұсыныс жасалған болатын. Алайда анасы С. есімді азаматша бұл шешіммен келіспейтінін айтып, комиссияға ресми арыз түсірген. Өз арызында ол пәтерде болған жағдайға ұлының ешқандай қатысы жоқ екенін, учаскелік полиция қызметкерінен осыны дәлелдеп беруді сұрағанын жеткізді. Сондай-ақ өзінің екі баланың анасы екенін, оларды жалғыз тәрбиелеп отырғанын, анасымен бірге тұратынын жазған.

 Мамандар кәмелетке толмаған Б. есімді жасөспірімнің анасына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тиісті күтім жасау міндеттерін орындамағаны үшін ескерту берілгенін атап өтті. Отырыстың қорытындысы бойынша комиссия мүшелері жасөспірімге ескерту жасап, бұл мәселе алдағы уақытта қайта қаралатынын хабарлады.

 Отырыста қаралған екінші мәселе — үш жасөспірімнің отбасылық жағдайына қатысты болды. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін үш бала толық емес отбасында, жалғыз әкенің тәрбиесінде өсіп жатыр. Әкесі М. есімді азамат, I топтағы мүгедек. Ол балалардың анасымен заңды түрде ажырасқан. Қазіргі уақытта отбасы әкесіне берілетін мүгедектік жәрдемақы мен бұрынғы жұмыс орнынан тағайындалған төлемақы арқылы күн көріп отыр.

Алайда әкесі түсетін қаражатты белгісіз тұлғалармен байланысып, соларға аударып отырғаны анықталған. Соның салдарынан үйге қажетті азық-түлік алынбайды, тек нанға ғана ақша қалады. Балалардың күнделікті қажеттіліктері де толық қамтамасыз етілмей отыр. 

Басқосу барысында мамандар балалардың әкесімен әңгімелесу жүргізіп, оның түсетін қаражатты алаяқтарға аударып жүргенін анықтады. 

Бұл жағдайға байланысты комиссия мүшелері отбасы бақылауға алынатынын, арнайы психологтар жұмыс жүргізетінін атап өтті. 

Одан әрі А есімді жасөспірімге қатысты тағы мәселе қаралды. Ұстаздарының айтуынша, жас жеткіншек мектеп формасын сақтамайды, яғни білім ордасына орамалмен келеді. Осыған байланысты оқушының ата-анасымен бес рет мектеп директоры жанындағы кезектен тыс кеңес өткізілген. 

Жиында теолог, психолог, әлеуметтік педагог, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар мен мектеп басшылығы бірлесе отырып, ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы «Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар» туралы №26 бұйрығы негізінде түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Алайда А есімді жасөспірім орамал тағу — өзінің дербес шешімі екенін, оған ешкім мәжбүрлемегенін айтқан. Сонымен қатар орамалдың ешқандай діни конфессияға жатпайтынын, мектептің ішкі тәртіп ережесіне сай формамен келіп жүргенін, тек басында бір жапырақ орамал ғана болатынын және бұл шешімінен қайтпайтынын жеткізген. Комиссия мүшелері отырысқа қатысқан әкесіне мектеп формасын сақтау қажеттігін қатаң ескертті. 

Алайда әкесі бұған қатысты биылғы хаттамамен ешкім таныстырмағанын айтып, алдымен сол құжатпен таныстыруды талап етті. Мамандар айтылған талаптар орындалатынын, мәселе бойынша түпкілікті шешім келесі отырыста қаралатынын хабарлады. 

Комиссияның кезекті отырысында қаралған төртінші мәселе А есімді жасөспірімге қатысты болды. 10-сынып оқушысы 3 қарашадан бері сабаққа қатыспаған. Анасы сынып жетекшісіне қызының ауырып қалғанын айтып, кейін анықтама әкелетінін жеткізгенімен, мұғалімдер қазіргі таңда оқушымен де, ата-анасымен де байланыса алмай отыр. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Досжанова мен әлеуметтік педагог А.Сәрсенова бірнеше рет жеткіншектің үйіне барғанда да есік ашылмаған. Бұған дейін қазан айындағы комиссия отырысына ата-ана мен оқушының қатысуы талап етілген, алайда олар жиынға келмеді. 

Ұстаздардың айтуынша, оқушы бірінші тоқсанда бар болғаны үш күн ғана сабаққа қатысқан. Тек бір айға ғана медициналық анықтама тапсырылған, ал қалған уақыттарда сабаққа себепсіз қатыспағаны көрсетілген. Комиссия мүшелері жасөспірімді бақылауға алып, қажетті шараларды қабылдау жөнінде полиция бөліміне тапсырма берді. 

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар сала мамандарына көтерілген мәселелер бойынша нақты міндеттер жүктелді. 

А. Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT