Зеренді ауданында жаңадан салынған мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Жалпыұлттық коалиция өкілдері Ақмола облысының спортшылар қауымымен кездесті. Оған жаттықтырушылар, спортшылар және секция жетекшілері қатысты.
Коалиция Төрағасы Ерлан Қошанов отандық спортшылардың әлемдік аренадағы жоғары жетістіктеріне тоқталып, кейінгі жылдары қазақстандықтардың әлеуеті бұрынғыдан да айқын ашыла бастағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл – елімізде әділдіктің қалпына келуімен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы ұстанған саясаттың негізгі қағидаты да – осы. Ерлан Қошановтың пікірінше, соның жарқын мысалы – аталған спорт мектебінің заңсыз алынған активтерді қайтару есебінен салынуы.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасында әділдік ұғымы алғаш рет мемлекет пен биліктің жаңарған моделіндегі қағидалардың бірі ретінде бекітілгені атап өтілді. Онда ресурстар қоғам игілігі жолында қызмет етіп, азаматтардың мүддесі корпоративтік пайдадан жоғары қойылады. Осылайша, конституциялық реформа Әділетті Қазақстанды орнықтырудың іргелі қадамына айналады.
Сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік саладағы рөлін күшейту мәселесі қозғалды. Жаңа Ата заң ұзақмерзімді ережелерді қалыптастырады. Соның негізінде, жастарға және әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты саясат құрылады.
Спортшылар қауымының өкілдері баршаға тең мүмкіндік ұсыну кезінде жастардың жаңа белестерді бағындыруға деген ынтасы арта түсетінін атап өтті. Олардың айтуынша, отандық жас спортшылардың жетістіктері мен жастарға жасалып жатқан лайықты жағдай – соның жарқын дәлелі. Сондықтан олар жаңа Ата заңда әділдік қағидаттары мен адам ресурсының басымдығын бекітуді толық қолдайды.
Кездесуге қатысушылар мемлекеттің орнықты дамуының негізі ретінде жаңа Конституцияны таңдауға дайын екендерін мәлімдеді.
Ақмола облысының спортшылар қауымы жаңа Конституцияны қолдады
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 26




