Әкемнің мерекесі

Отан тағдыры сынға түскен қиын-қыстау заманда бүкіл елдің бас көтерер азаматтары қолына қару алып, майданға аттанғаны аян. Міне, осы көп боздақтың ішінде Жеңіс күнін жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан соғыс ардагері, менің әкем Көшім Қалышев та бар еді.

Көшім Қалышұлы 1925 жылдың 16 мамырында ауданымыздағы бұрынғы Қызылқала ауылдық кеңесіне қарасты Айранкөл елді мекенінде дүниеге келген. 1941 жылдың 7 шілдесінде сол жердегі ауылдық мектепті үздік бағамен бітіреді. Бұл уақыт - мектеп мұғалімдері де жаппай майданға аттанып жатқан аласапыран кезең болатын. Білім ордаларында мамандар тапшылығы біліне бастайды. Сондықтан әлі 17-ге толмаған өрімдей бозбала Көшім сол кездегі аудан орталығы Қосшағыл поселкесінің орта мектебіне оқытушы болып жұмысқа орналасады.

Сол заманның ақын-ұстазы Жылқышы Ізтұрғанов бала мұғалімге арнап; « Біздің Көшім Қалышев, Қойыңызшы танысып. Көзінің қырын салмайды-ау, Жатса да бала алысып!» - деп әзіл өлең де шығарған екен. 1943 жылдың қаңтар айында жасы 17-ден асқан әкем Қызылқала ауылдық кеңесінен армия қатарына шақырылып, қан майданға аттанады. Алғашқы шайқасты Украина жерін жаудан азат етуден бастайды. Жауынгерлік жорығын фашист басқыншыларына қарсы кескілескен ұрыс қимылдары жүріп жатқан І-ІІ Батыс Украина майданында №343- ші ауыр артиллерия атқыштар полкінде атқыш болудан бастайды. Осы кезден бастап Отын үшін «етігімен су кешкен» әкем жауған оқ пен оттың ортасында жүріп талай жорықтарды бастан өткереді. Бірнеше рет жарақат та алады. Бірақ тәнге түскен жарадан жан-жүрегіне түскен жара ауыр еді. Фашистердің қолынан қыршын кеткен қанды көйлек жолдастары еске түскенде әкеміз госпитальдың жылы төсегінде жата алмады. Жарақаты жазылған соң қайтадан сапқа қосылып, әрмен қарай ерлікпен соғысады. 1944 жылы №62 жеке артиллерия бригадасының 1-дивизиясында нысанашы (наводчик) ретінде борышын өтеп, жаудың жасырынған жерін дәл көздеп, талай фрицті жер жастандырды. Бұл уақытта әкем ұрыс даласындағы көрсеткен көптеген ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірнеше медальдармен наградталып үлгерген еді.

1945 жылдың 7-8 қаңтарында әкем өзінің жауынгер жолдастарымен бірге Польша жерінде ұрысқа қатысып жатқан-ды. Жауды ұясында талқандауға асыққан кеңес әскерлері фашистердің қатты қарсыласқанына қарамастан бірінші және екінші бекіністерін бұзып-жарып өтіп, 50-60 шақырым алға жылжиды. Осы бір кескілескен ауыр шайқаста әкем аяғынан ауыр жарақат алады. Майдан даласынан бірден госпитальға жөнелтіледі. Госпитальда емделіп жатқанда қарулас достары И.Киселев пен Г.Горельковтан қуанышты хат алады. «Сен Отан алдында көрсеткен ерлігің үшін «Кызыл жұлдыз» орденімен марапатталдың. Құттықтаймыз! Қатарымызға тез орал, орденіңмен күтеміз!» деп жазған еді хатқа олар. Бірақ госпитальдан жазылып шыққан әкемді әскери қолбасшылық басқа бөлімге ауыстырып жібереді де, әлгі айтылған орденін алуға тағдыр жазбады. Жеңіс сағаты соққаннан кейін де сарбаздар сапынан қалмаған әкем әскери қызметін жалғастырады.1945 жылдың 10 мамырынан 10 қазанына дейін Германияның Магденбург қалалық комендатурасында жүрген еді. Онда кеңес армиясының бөлім командирі болып қызмет етеді.

1945 жылдың аяғында кеудесінде II дәрежелі Отан соғысы ордені және бірнеше медальдары жарқырап, туған еліне жеңіспен оралады. Елге келгеннен кейін де соғыстың салған жарақаты жазыла қоймайды. Соған байланысты мектеп мұғалімі болып еңбекке араласады. Жас ұрпаққа сапалы білім ғана емес, отансүйгіштік, патриоттық бағытта саналы тәлім-тәрбие де бере білді. 1946 жылы анамыз Айсұлу Нұрбайқызымен жанұя құрып, ұл-қыз өсіріп, өнегелі отбасын құрды.1953 жылдан бастап ауданның мұнай барлау экспедициясында жүргізуші болып ұзақ жыл абыройлы еңбек етті. 1986 жылы сол мекемеден құрметті зейнеттік демалысқа шықты. Жастайынан соғыс дәмін ерте татып, өмірдің ащы-тұщысын көріп өскен әкеміз қарапайым еңбек адамы болды. Өзгелер секілді «соғыс ардагерімін» деп төс соғып, ешкімге міндетсінбей, барға қанағат етіп, Отанына адал қызмет қылды. Әкеміз артында қалған ұрпақтарын өмірлік мақсат-мұратына жеткізіп, оқытып-тоқытып, бір-бір мамандық иесі атануына күш салды. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Өзі бейбіт өмір сыйлаған перзенттерінің алдында әкелік парызын молынан өтеген азамат еді. Анамыз Айсұлумен 52 жыл бірге тату-тәтті ғибратты ғұмыр кешті. Ағайын-тумаға, балаларына, немерелеріне қадірлі қария атанды.

Асқар тауымыз 1998 жылы 73 жасында өмірден өтті. Ал анамыз 2002 жылы дүниеден озды. Бұл күндері, біздер - балалары жылма-жыл қалыптасқан дағды бойынша 9 мамыр – Жеңіс күні «Әкеміздің мерекесі» деп қара шаңырақта бас қосамыз. Оның асқар таудай биік тұлғасын сағынышпен еске алып, жеті шелпек пісіріп, бейіт басына зиярат етуге барамыз. Әкеміздің рухына, анамыздың аруағына дұға бағыштаймыз. Биыл, міне, Жеңіске 77 жыл толады. Бұл жолы да «Әкеміздің мерекесін» үлкен тебіреніспен қарсы алмақпыз.

Айта кету керек, әкеміздің Ұлы Отан соғысында алған жоғарғы наградасы - Отан соғысы орденімен шектеліп қалмайды. Әңгіме арасында Польша жерінде көрсеткен ерлігі үшін қарулас достарынан сүйінші хат алғанын жазғанбыз. Міне, осы мәліметтің анық-қанығын білу үшін 1980 жылы әскери комиссариат арқылы сұрау салдырып көрген екен. Міне, сонда № 62 жеке артиллериялық атқыштар бригадасы бойынша 1945 жылдың 9 қаңтарындағы №1 бұйрықпен жауынгер Көшім Қалышевтың №1111904 «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталғаны туралы хабар алынған екен.

Светлана ҚАЛЫШЕВА,

Құлсары қаласы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT