АЙБЫНЫ АСҚАҚ АҚЖІГІТ

1990 жыл еді. Сағыздан Ақаңды соңғы сапарға шығарып салып оралған әкем Жәңкей үйге келген соң көптеген дерек-дәйектерді айтты. Оны арагідік жазып алып жүрдім, көп жайды көңілге тоқыдым. Әйтеуір, Ақжігіт ағайдың атақонысы Жем бойы – Ақкиізтоғай өңірі екенін, өсіп-өркендеу кезеңі осында өрбігенін айқын білдім.

Бірде аудандық сот ғимаратындағы фотостендіге көзім түсті. Алдымнан таныс бейне жарқ етті. Сурет астына Ақжігіт Досымбаев 1944-1951 жылдарда сот орындаушысы болды деп жазылыпты. Иә, сөйтіп аз өмірінде жауапты жұмыстар тізгінін ұстап, талайға тағылымын танытқан абзал ағамыз туралы Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай қалам тербеуді жөн көрдік.

1925 жылдың 25 қазанында Жылыойдағы Аманкелді ауылдық Кеңесі аумағында дүние есігін ашқан ол 1955 жылдарға дейін туған жерінде тірлік етті. Жем бойында қоныс тепкен колхоздағы бастапқы қадамы сол кездегі аудан орталығы Қосшағылда жалғасты. Осындағы мұнай өндіру цехында оператор болды. 

Ауыл баласы өндірістегі міндеттерді де қиналмай игерді. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда аз тыныстап, көп іс тындыру қажеттілігін жүрекпен ұғынды. Соның арқасында озаттар сапынан көрініп, еңбек көрігін қыздырған өрендермен бірге келер күндер биігіне құштарлықпен қол соза түсті. Осы шақта Жылыойдағы Мұнайлы кеніші алғашқы өнімін беріп, қарқын алып жатқан-ды. Үздік маман ретінде танылып үлгерген Ақжігітті сала басшылары Мұнайлыға жұмсады. Сөйтіп бұл кен орнының серпін алуына да абзал ағамыз өз үлесін қосты. 

Еселі еңбекпен есейіп, жас көңілі жаздай жадырап жүрген Ақаңды қиын сәттер де айналып өтпеді. 1955 жылы ағасы Шалғабайдың қайтыс болуы жанын жүдеткенмен жігеріне сызат түсіре алмады. Осы кезеңде Үкіметтің ауыл шаруашылығын өркендету жөніндегі қаулысы шығып, колхоз-совхоздар қанатын жайып, оларды білікті мамандармен толықтыруға мән берілді. Уақыт талабына орай Ақаң отбасымен Сағыз ауылына көшті. Жоғары ұйымдардың нұсқауымен осында, Приморье МТС-ын құруға ауыл шаруашылығының ірі ұйымдастырушысы Шафих Ізбасов жіберілген болатын. Шәкеңмен бірге Ақжігіт ағаның партия ұйымы хатшысы болып келуі басшылардың да, елдің де оған деген сенімінің нық екенін байқатты. Ағасы Балғабай мен апасы Науханның теміржолда жұмыста болуы да Ақжігітті Сағызға қарай жетелегені тағы рас. 

Кіндік қаны Ақкиізтоғайда тамып, бүкіл ғибратты ғұмырын Қызылқоғаның экономикалық-әлеуметтік дамуын жеделдетуге арнаған ардагер ағаның балауса-балаң шағы қиын жылдарда өтті. Отбасына көмектесу үшін еңбекке ерте араласты, егін суарды, шығыр айдады, мал бақты. Есейе келе ұжым мүшелерін ұйыстыруға, партия ұйымын жандандыруға ден қойды. Соңғы демі үзілгенше Ленин атындағы совхозда директордың орынбасары қызметін атқарды. Орта арнаулы білімді ол қалған бедел-білікті өмір мектебінен алып, ауылға кең тыныс беруге жұмылумен өтті. 

– Қызылқоғаға танымал жан еді, қоғам мүддесі жолында тәртіп пен жаңалықты, жауапкершілік пен жанқиярлықты талап ететін, - деп еске алады Ақаңды білетіндер. 1942 жылдың қаңтарында Ақжігіт Досымбаев қан майданға жылыойлық азаматтар Қопаш Аязбаев, Қорабай Жарылғапов, Алуадин Орақов, Жәңкей Сисенбердиев, Қожа Нұрқасымовтармен бірге аттанды. Толассыз от-жалын ішіне он сегіз жасында кірген ол Орел бағытындағы байланыс батальонында қызмет етті. Қиян-кескі соғыста байланыстың қаншалықты маңызды екенін айтпаса да аян. 

Қым-қуыт шайқастың бірінде алғы шеппен арадағы байланыс үзіліп қалды. Батальон командирі К.Н.Иванов дереу Ақаңды көмекшісімен бірге шақырып алып, желі үзілген тұсты шұғыл тауып, жалғауға жұмсады. Содан қалың орман-тоғай ішіне сүңгіп кетеді. Әлсін-әлсін снаряд жарылып, айнала астан-кестен болады. Біраз жүргеннен кейін неміс солдаттарының даусы естіледі. Төрт фашист байланыс желісін қиып тастап, сөйлесіп тұр екен. Дереу көмекшісін сол жерге қалдырып, өзі сырт айналып, екі жақтан оқ жаудырып, немістердің көзін жояды. Көзін жойды деген жай сөз ғана, осы жерде қоян-қолтық қанды шайқас болып, басынан ауыр жараланып, контузия алды. Ең бастысы – байланыс қайта орнады, алғы шептің атой-айқасы күшейді. Осы ерлігі үшін екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталды. Содан үш ай емханада жатып, ауылға оралды.

 Ер есімін әспеттеп, мақтан тұтатын еңселі елі мен ұғымды ұрпағы барда хас батырдың ұмытылуы мүмкін бе?! 2008 жылдан бастап Сағыздағы бір көше Ақжігіт Досымбаев атында. Мәдени-көпшілік орындарда, мектептерде ол туралы көрнекі құжаттар бар, айтылар әсерлі әңгіме де бәсеңсіген емес. Журналист-тарихшы Жұмабай Доспановтың «Майдан кешкен» жинағындағы мәліметтер де ардагер өмірбаянын өрнектей түседі.

Арғы-бергі дүние-дидарында адамға тән асыл қасиеттерімен ерекшелене білген Ақаң отбасына да жылуын төгіп, ұл-қыздың қызығын көрді. Жолдасы Балыш Дүзелова 1928 жылы туған, руы Шеркеш-Дербіс Қалиман деген кісінің қызы еді, Қалекең ертеде Айранкөл маңында тірлік еткен. Белгілі ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қуаныш Ержанов отбасының үлкені болатын, өмірден мезгілсіз өтті, ұрпақтары – Құлсарыда. Алматы медицина институтын тәмамдаған Күләші 1950 жылы дүниеге келді. Көп уақыт балалар ауруханасында бас дәрігерлік қызмет атқарды. Үбірлі-шүбірлі, Эльмар, Рүстем, Әйгерім атты ұл-қызы бар, олардың бәрі – жоғары білім иесі. 1955 жылы туған Орынжаны құрылысшы-инженер болатын. Ленин атындағы совхозда прораб, кейін Ақтөбе су шаруашылығы басқармасының Сағыздағы бөлімшесінде басшы болды. 2015 жылы жүрек талмасынан көз жұмды. Ұрпақтары бар, жұбайы Алтынай – оңтүстіктің тумасы. Ал Ақаңның үшінші ұлы Бауыржан 1971 жылы дүниеге келген, екі институтты бітірген, мұнай-газ өндіру саласында. Зайыбы Шынар екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Иә, жануы мен сөнуі тез қысқа мезгілді мағыналы өткізіп, тыпыршыған тірліктің соқпақ жолдарында сыр бермеген саңлақ аға бейнесі ешқашан көнермейді. Жамағаттың жанын жадыратқан жарасымды істері жас толқынға әркез үлгі бола берері даусыз. 

Әбдіхалық ЖӘҢКЕЙҰЛЫ,

Атырау облысының ардақты ардагері,

Жылыой, Мақат аудандарының Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT