Ағылшынша үйретіп, қазақы тәрбие беретін ұстаз

Ежелден қонақжай қазақ елі өткен ғасырдан бастап көптеген өзге ұлт өкілдерінің ортақ Отанына айналды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан шетелде тарыдай шашырап жүрген өз қандастарын атамекенге қайтара бастады. Олармен бірге жақын шетел азаматтарына да жол ашылып, еліміз бүгінде жер бетіндегі көп ұлтты мемлекеттің бірі болды. Сондай тағдыр тоғысымен туған жерімізге табан тіреген тілеулес жанның бірі – Гульчехра Жұманазарова. Ол 1982 жылдың 18 сәуірінде Қарақалпақстан Республикасы, Нөкіс қаласында дүниеге келген. Ұлты - қарақалпақ. Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының орыс-ағылшын филологиясы факультетінің ағылшын тілі бөлімінде оқып, білім алады.

- 2009 жылы жолдасым Серік Бекеевпен Нөкісте некемізді қидық. Көп ұзамай 2010 жылы Құлсарыға алғаш қадам бастым. 2019 жылы №1 жалпы орта білім беретін мектепке ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Осы білім ордасында сынып жетекшісі де болдым. 2 оқушым аудандық олимпиададан жүлделі III орынды жеңіп алды.

Қазіргі таңда жолдасым «Казкомсервис» ЖШС-інде көлік жүргізуші болып қызмет етеді. Қазіргі таңда 2 ұл, 1 қыздың анасымын. Балаларым №18 М.Сатыбалдиев атындағы жалпы орта білім беретін мектепте білім алуда. Үшеуі де үздік, екпінді оқушылар қатарында. Қуанатыным: өзге ұлт өкілі болғаныма қарамастан бөлектету болған емес. Айналамдағы жандар әрқашан көмек қолын созып отырады. Мұғалімдері өте ауызбіршілікте. Қазақ халқына алғысым шексіз. Қазақ, қарақалпақ тілдері ұқсас болғасын қазақ тілін үйрену қиынға соқпады, тез меңгеріп кеттім. Аллаға шүкір, мұнда да достарым көп. Осы сәтті пайдаланып, барша жылыойлықтарды, біртұтас қазақ халқын Қазақстан халқы бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! - дейді Гульчехра Айназарқызы.

Ұстаз жанның ұлты өзге демесек, бойында қазақтың қаны қайнап тұр. Өйткені ол сөз арасында өзінің туған әжесінің қазақ қызы екенін айтып қалды. Ендеше, Гульчехраның қазақтың жігітіне тұрмысқа шығып, өзіміздің қаракөздерімізді өсіріп жатқаны да бекер болмаса керек. Өткен 2024 жылы қазан айының 30 жұлдызында Қазақстан халқының бірлігін насихаттау мақсатында ауданда көп ұлтты отбасылармен, өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен арнайы кездесу өтті. Онда түрлі бұйымдардан көрме, жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Міне, осы шараға қатысқан Гульчехра Жұманазарова арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Өскелең ұрпаққа ағылшыннан дәріс беріп, қазақ тілінде тәрбиелеп жүрген, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысатын осындай ұлағатты ұстаздар барда қазақ халқының жерінде бірлік пен ынтымақ салтанат құра бермек.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT