Адал еңбек - абырой бастауы

Бүгінгі қоғамда жұмысшы мамандардың рөлі ерекше. Өндіріс пен ауыл шаруашылығынан бастап, құрылыс пен коммуналдық салаға дейін – барлығы осы еңбек адамдарының тынымсыз еңбегінің арқасында дамып келеді. Ел экономикасының іргетасы да, халықтың әл-ауқаты да сол адал еңбекке тікелей байланысты.

Біздің ауданымызда да өз ісіне берілген, кәсібін қадір тұтатын жұмысшы мамандар аз емес. Олар күн сайын елеусіз болса да, қоғам үшін маңызды шаруаларды атқарып жүр. Еңбектің қадірін түсініп, маңдай терімен өмір сүріп келе жатқан мұндай жандар – бүгінгі жастарға үлгі, келер ұрпаққа өнеге.

Ардагерлер кеңесі әрқашан еңбек адамын қолдап, олардың еңбегін бағалауға шақырады. Себебі, еңбекпен шыңдалған адамда отансүйгіштік, жауапкершілік және адалдық қасиеттері қалыптасады. Бұл – кез келген қоғамның рухани тірегі.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жұмысшы мамандарды даярлауға, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл – еңбектің беделін арттыруға, жас ұрпақтың кәсіби бағыт алуына үлкен серпін береді.

Ең бастысы – қандай салада болмасын, еңбек еткен адам құрметке лайық. Сондықтан біз, ардагерлер қауымы, жастарды адал еңбекке баулуға, өз ісін сүйіп істеуге шақырамыз. Еңбек еткен адам ешқашан ұтылмайды, еңбектің жемісі – елдің берекесі.

 

С.ЖАЙЛАШЕВ,

Махамбет аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT