Адал азамат – елдің тірегі

Халқымызда «Адалдық – ардың ісі» деген дана сөз бар. Адалдық – кез келген қоғамның, мемлекеттің іргетасы. Әрбір азаматтың адал болуы – ел болашағының жарқын кепілі. Адалдықтың мәні тек заңға бағыну емес, ол – адамгершілікке, әділдікке, еңбекке деген шынайы көзқарас. Бүгінгі таңда бізге нағыз адал азаматтар ауадай қажет.

Адал азамат дегеніміз – өз отбасына, қоғамына, мемлекетіне адал қызмет ететін, уәдесіне берік, сөзі мен ісі бір жерден шығатын тұлға. Мұндай азаматтар елдің дамуына үлес қосып, жастарға өнеге бола алады. Адал адамның жүрегінде арамдыққа орын жоқ. Ол әділеттілікті ту етіп, қиындықта да тура жолдан таймайды.

Біздің округімізде де осындай азаматтар аз емес. Мұғалім, дәрігер, шаруа, кәсіпкер – әр салада өз ісіне адалдықпен қарап, маңдай терімен еңбек етіп жүрген жандар көп. Олар тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, адамдық болмысымен де құрметке лайық. Осындай азаматтар қоғамда сенімділік пен тұрақтылық орнатуға ықпал етеді.

Бүгінгі ұрпақ адалдықты ата-анасынан, ұстаздарынан, қоғамнан үйренеді. Сондықтан біз, ересектер, жастарға өнеге болуымыз керек. Әсіресе мемлекеттік қызметте жүрген әрбір адам өз міндетін адал атқарса, ел алдындағы сенім де беки түседі.

Бұл ретте жерлестеріме айтарым: Адалдық – уақытша нәрсе емес, өмірлік ұстаным. Әрқайсымыз осы қағиданы жүрегімізге сіңірсек, елімізде әділдік үстемдік құрып, қоғамымызда сенім мен бірлік нығаяды. Адал азамат – ел болашағының алтын діңгегі. Сол діңгекті бірге нығайтайық!

 

Сансызбай Баймұратов, Жаңа Қаратон кенті әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT