Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің мерекесі қарсаңында еңбектес болған ағаларым мен баспахана қыздарын еске алып, қалам тербегенді жөн көрдім.
Алғаш рет еңбек жолымды 17 жасымда аудандық «Ембі», (қазіргі «Кең Жылой») газетінде бастадым. Сол кезде-ақ қызмет еткен жылдарымда жарқын, нар тұлғалы ағаларға кездескенім үшін өзімді бақытты санаймын. Ұзына бойы созылған ескі корпус барақ мекеме болатын. Бергі маңдайы редакция алқасы, ортасы «Халық соты» мекемесі, шеткі жағы баспахана. Сол баспахананың бөлмесінде жауапты хатшы Сапарбек Сәрсенов, корректор Қаржау Оразбаев, редактордың орынбасары Қаржаубай Сұлтанғалиев, ауыл шаруашылығы бөлімі Жәрдем Тайыпов, экономика бөлімі Айтуар Өтегенов, автотранспорт бөлімі Қуаныш Ержанов үшеуі бір бөлмеде отыратын. Редакцияның бергі жағында редактор Мұңал Далбаев, хат бөлімі меңгерушісі Қонаш Қалдыоразов, тілшілер Бөкенбай Құмарғалиев, Тементай Әділханов, фото-тілшілер Иманғали Ізтілеуов, Бисенбай Бигелдиев.
Ауыл шаруашылығы бөлімінде төрт совхозды ақпаратпен қамтамасыз етіп, 50 жылдай басқарған ағам Жәрдем Тайыпов болатын. Қарапайымдылығымен, еңбексүйгіштігімен қалам тербеген адам. Тірі болса ол кісі биыл 100 жасқа толар еді. Аға кезінде 4 совхозды тебірене жазған. «Қыста қой қоздап, қорада шу», «Жазда шабындыққа шалғы салынды», «Шалғыншылар сүт бұлағын ағызды» деген айдарлары болды. Малшылар 110-150-ден қой төлін алды. Алғандарын мадақтап талай дүниелерді газет бетіне шығарған.
Жәрдем ағай бірде маған: «Қызым, совхоздан хабар жазғанда екі дана қылып жазсаңшы, еңбекақың аз ғой, бір данасын облыстық радиоға жіберіп тұр, қаламақы (гонорар) аласың» дейтін.
Кез-келген адамға қамқорлық жасауға дайын тұратын еді. Жәрдем аға мен Дариға апа екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырған үлкен әулет. Айман, Шолпан, Әсемғали, Мәншүк, Нарын баласы бәрі үйлі-жайлы. Бүгінде қара шаңырақта ұл-келіні, немерелері өсіп келеді.
«Ембі», «Кең Жылой» газеттерінде 50 жыл бір салада жауапты хатшы болған ағайым - Сапарбек Сәрсенов. Ағамыз да биыл көзі тірі болса 85 жасқа келер еді. Иә, Сапарбек ағамен де 40 жылдай еңбектес болдым. Сабырлы, өз ісіне мығым болатын. Газетке қол қоярда мұқият қайта-қайта қарайтын. Үтір, нүктесіне дейін мән беретін.
Ағай балаларға арналған кітаптардың авторы. 4-5 кітабы жарық көрген. Мәдениет апай екеуі он шақты баланы дүниеге әкелген, жалғыз қызы Гүлназ Ақтөбе қаласында тұрмыста. Тоғыз ер бала, бір қызы бар.
Екі аяққа тұрып, әрбір әріпті теріп, көз майларын тауысқан асыл апаларым Нақан, Зиба, Сұлу, Ғалия, Бидай, Айша, Ақанай, Мәру, Ырысжан, Тұрсын, Хадиша, Ақзиба, Роза, Алтын, Рысжан т.б баспахана қыздары еңбек етті. Ол кезде аптасына 3 рет шығатын. Газетке түнгі сағат 12-де қол қойса да, сол күнгі газетті түнімен басып, таңертең почта қызметкерлері алып кетуші еді. Баспаханадағы қыздар сағатпен санаспайтын. Иә, осылайша баспахана қыздарын да сағынышпен еске аламын.
Мереке күндері газет екі бояумен шығатын. Қызыл түспен, қара түспен шығатын болды.Сол кезде де жұмыстары күрделене түседі, оған налымай еңбек ететін.
Дүниеден өткен ұжымдастармен осындай естеліктер өтті. Жатқан жерлеріңіз жайлы болсын демекпін.
Жұмақыз ҚАСЫМҚЫЗЫ