Ақкиізтоғай ауылында Меңдекеш Сатыбалдиевке арналған билборд орнатылды

Ақкиізтоғай - аса талантты ақын Меңдекеш Сатыбалдиев туып-өскен ауылы. Содан ба, ауылдың саф ауасы да, құмдары да, іргесіндегі мөлдірей аққан Жем өзені де жыр оқып тұрғандай... Ақын жырларын. Жақында осы ауылға Меңдекеш бейнесі бар билборд орнатылды.

Бильборд ауылға кіре беріс жерде тұр. Туған ауылына келген әр қонақты сөз зергері «Міне, бұл-менің ауылым!» деп дидарынан нұр шашырап, бұйра шашы Жемнің толқынындай иірімденіп, күлімдей қарсы алып тұрғандай. Неткен жарасымды көрініс! Биыл - ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтың туғанына 85 жыл. Бұл бильборд, сөз жоқ, ақын тойына тарту болғандай. Ақкиізтоғай бұрын әлдене жетіспегендей немесе бір бұрышы құлазып тұрғандай көрінетін. Сөйтсек, осы шағын ауылдан шығып, есімі бар қазаққа танылған дарынды ақынға арналған не бір ескерткіш мүсін, не бір осындай суреті жетіспейді екен. Алайда ауылға тек Меңдекеш Сатыбалдиевке арналған бильборд қана ілінбеген.

- Ауылға барлығы 12 бильборд орнатылды. Олар қазақ халқының көрнекті тұлғаларына арналған,- дейді округ әкімі Қанат Мыңбаев, - Ақкиізтоғайдан Ақмешіт тарихи кесенесіне қарай бұрылатын жол бойына да осындай билборд ілдік.

Ақын ауылында енді сізді Меңдекеш бейнесі қарсы алады. Бұл, шынында да көңіл толқытарлық ғажап көрініс, кейінгі буынға ғибрат!

 

С.ТӘЖІҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT