72 жасында жазықсыз атылған

Ашаршылық. Репрессия. Екі зұлмат та қазақ деген қасиетті халықты қырып-жоюға бағытталды. Бірақ ұлан-байтақ ұлы даланың заңды мұрагерін қызыл империя тағынан тайдыра алмады. Біз сөз еткелі отырған кейіпкер сол өткен ғасырдың 30-жылдарындағы бірінен соң бірі қатар келген қос қызыл террордың қаһарына бірдей ұшыраған жан.

Иә, еліміз егемендік алғасын ашаршылық пен репрессия құрбандарын ақтау үшін шұғыл шаралар қолға алынды. 1993 жылдың 14 сәуірінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданып, 1997 жыл елімізде «Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», ал «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп жарияланды. Бірақ онымен тарихтағы ақтаңдақтар толық аршылған жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 24 қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойып, Кеңес өкіметін И.Сталин билеп тұрған ХХ ғасырдың 30-50 жылдары аралығындағы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, түрлі себептермен жазықсыз сотталып, темір тордың арғы жағында жапа шеккен жандар толықтай ақтала бастады. Соның қатарында Жылой жерінде туып-өскен жерлесіміз Ерғазы Манашев та бар еді.

Рас, 1990 жылдың 16 наурызында сол кездегі Гурьев облысы прокуратурасының қорытындысымен Ерғазы Манашев репрессия құрбаны ретінде ресми түрде ақталды. 1991 жылдың 28 мамырында Қазақ КСР Прокуратурасының шешімімен толықтай ақталғаны жөнінде үкім де шықты. Бірақ артында қалған ұрпақтарына бұл аздық етеді. Өйткені ол кісі туралы еліміздегі архивтерде әлі күнге бірде-бір дерек табылмай отыр. Бұл жөнінде сталиндік солақай соқыр саясат құрбанының немересі, газетіміздің тұрақты авторы Қалыбай Ерғазиев мәлім етті. Ол жақында редакциямызға келіп, атасы жайлы ақтарыла әңгімеледі.

Қалыбай Нәжімұлы ақсақалдың айтуынша, атасы Ерғазы Манашев 1866 жылы қазіргі Атырау облысының Жылыой ауданында дүниеге келген. Өз заманында көзі ашық, сауатты әрі дәулетті азамат ретінде танылған ол ешқашан коммунистік партия қатарына өтпеген. Жаңа қоғамның жаршысы болмай-ақ, көзге түспей жүрсе де, бұл әрекеті кеңестік озбыр биліктің көздеген нысанасынан құтқара алмады. Голощекиннің «Кіші Октябрь» төңкерісі басталып, жаппай коллективтендіру науқаны қызып тұрған шақта «Ауа көшуді ұйымдастырды, көшуден бас тартқандарға күш көрсетті, шайқастарға қатысты» деген жалған айыптар тағылды. Сөйтіп, 1931 жылдың 19 желтоқсанында Гурьев облысында тұтқындалып, 1932 жылғы 5 сәуірдегі үкіммен үш жылға жер аударылады.

Өкініштісі сол, бұл әділетсіздік мұнымен де шектелмеді. Жазасын өтеп келген Ерғазы Манашевті қызыл империяның қолшоқпар шолақ белсенділері елде тыныш жүргізбеді. Басқан ізін аңдып, «тырнақ астынан кір іздеп» тағы да жала жауып, темір торға тоғытты. Бұл жолғы тағылған айып бұрынғыдан да ауыр еді. 1938 жылдың 4 шілдесінде қамауға алынған Ерғазы Манашевқа «Кеңес үкіметіне қарсы әрекет етті, панисламистік ұйымдарға қатысы бар, тыңшылықпен айналысты» деген еш негізсіз айыптар тағылды. Көп ұзамай сол жылдың 28 қазанында өлім жазасына кесу туралы үкім шығарылып, ол келесі күні-ақ тез арада орындалды. Осылайша 72 жастағы ақсақал үкімге қарсы шағым жазуына да мұрға берместен, заңды құқығы аяққа тапталып, «халық жауы» ретінде атылып кете барды.

Ең сорақысы – Қалыбай ақсақал өз атасының қай жерде, қандай жағдайда өлім құшқаны туралы бірде-бір дерек білмейді. Архивтерде ешбір фотосуреті, қолжазбасы, нақты мәліметтері сақталмаған. Тарихтың толық аршылмаған ақтаңдағы деген осы да. Оның қасында сұрапыл соғысқа кетіп, хабар-ошарсыз кеткен боздақтың да қазіргі таңда бір мәліметі табылып жатыр емес пе? «70-тен асқан шағында темір торға қамалып, осыншама қорлап, басын қарайтатын сүйегін де жоқ қылып жіберетіндей не жазығы бар еді, қандай ауыр қылмыс жасап еді, ақсақал?» деген ой келеді.

Атасын іздеген немересі біраз жерге хат та жазады. Тіпті, Президенттік архивке де жолдады. Ол жақтан келген архивтік анықтамада Ерғазы Манашевқа 1931 жылы РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-2, 59-3-баптарында көзделген қылмыстарға қатысы бар деген айып тағылғаны жазылады. Ал 1938 жылы тағы да РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 6, 8 және 11-тармақтарында көзделген қылмыстарға қатысқаны үшін қайта қамауға алынғаны айтылады. Тек КСРО Жоғарғы Кеңес Төралқасының «30-40-шы жылдар мен 50-ші жылдардың басында орын алған қуғын-сүргін құрбандарына қатысты әділдікті қалпына келтіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» 1989 жылғы 16 қаңтардағы қорытындысы негізінде Ерғазы Манашевтың ақталғаны хабарланған. «Қарастырылған істерде Ерғазы Манашевтің мүлкін тәркілегені, қай жерде атылғаны, жерленгені, моласы туралы мәліметтер, сондай-ақ оның қолжазбалары, фотосуреттері және басқа да жеке құжаттары табылмады» делінген анықтамада.

Қалыбай ақсақалдың айтуынша, атасының алғашқы келіншегі Ахспан күйеуі сотталғаннан кейін бөлек кетсе, Зәкуан атты жұбайынан туған Нәжім деген ұлынан ұрпақ тарайды. Бүгінгі күні олар Жылыой жерінде күн кешуде. Одан бөлек Ерғазы Манашевтың туған бауыры Құрмаш Манашұлы да саяси қуғын-сүргіннің құрбаны атанды. Ол 20 жыл бойы басы қамауда, өзі айдауда болады. Ауыр азапты бастан өткергенімен, кейінгі жылдары елге оралып, үлкейген шағында дүниеден озды.

Қылышынан қан тамып тұрған қызыл империяның дәуірінде екі бірдей ағайынды азаматтың басынан өткен бұл зұлмат тұтас бір әулеттің тағдырын тәлкекке салды. Себебі, Қалыбай Нәжімұлының сөзіне сүйенсек, КСРО кезінде оның өзіне де қысым көрсетілген көрінеді. Соған қарамастан атасы Ерғазы Манашевтың артында қалған ұрпақтары ел ішінде еселі еңбек етіп, бейбіт өмір сүріп жатыр. Бірақ олардың жүрегінде әділдікке деген сенім мен аталарының асыл рухына деген құрмет ешқашан сөнген емес.

Иә, жоғарыда айтқанымыздай, сталиндік репрессия құрбаны Ерғазы Манашев 72 жасында екінші мәрте сотталып, ату жазасына кесіліп, арада жарты ғасыр өткесін барып ресми түрде ақталды. Бұл, әрине, әділдіктің бір тамшысы ғана. Өйткені оның бастан кешкен тағдыр тауқыметінің астарында әлі айтылмаған ақиқат пен шырылдаған шындық жатыр. Олай дейтініміз, Ерғазы Манашевтың өмірінен жазықсыз жапа шеккен мыңдаған қазақтың бейнесін көруге болады. Оның ғұмыр жолы – әділетсіздікке қарсы үнсіз күрестің куәсі. Ұлттың рухани тарихындағы осындай ерлер есімі ел жадынан ешқашан өшпеуі тиіс. Тарих үндемейді, бірақ, ұмытпайды.

Е.ҚОШАҚАНОВ,

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT