Аудандағы 50-ден асқан тұрғындар үшін “Ешқашан кеш емес” жобасы іске асқан болатын. Егде жастағылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатын көздейтін әлеуметтік жоба қорытындыланып, қатысушылар Алғыс хатпен марапатталды. Жобада 65 адам 4 бағыт бойынша білім алып, шеберлік сыныптарына қатысқан.
- Құлсары қаласында үйде отырған аналар бар, зейнеткер әжелер бар, бәріміз осы жобада бас қостық. 5-6 айдан бері ұжым болып, осы жобаның аясында ағылшын тілін үйреніп, тоқыма, йога, вокалдан дәріс алдық. Осылардың барлығына мүмкіндігіміз келгенше қатысып, өзімізге көп тәжірибе жинадық. Спорттан жарысқа қатыстық. Осылардың барлығы бір сергітіп тастады,-дейді Мұстахима Исаинова.
Жоба екі бағытта өтіп, онда хореография, вокал, ағылшын тілі және йогадан тұрақты топтық үйірмелер және түрлі тақырыптағы бір реттік шеберлік сабақтары болды. Жабылу салтанатында ән шырқалып, әсерлі әңгімелер айтылды. Қатысушылар жоба келер жылы да өз жалғасын тапса деген тілектерін білдірді.
П.ҚИЗАТОВА