Қайырымдылық – ізгіліктің айқын көрінісі болып есептеледі. Волонтерлік қызмет деп осы қайырымдылық жасауға бағытталған жүрегі мейірім мен жылулыққа толы адамдардың ілтипатпен көрсеткен қоғамдағы ерекше қызметін айта аламыз. Бірлесе жұмыс жасап, қоғамға қаншалықты үлес қосып пайда тигізе алсаң, соншалықты мейірбан екеніңді көрсетуге болады. Сондықтан «ерікті» сөзін кейін пайда болған жаңа заманның термині деп қарауға болмайды. Өйткені қайырымдылық - ата-бабамыздан келе жатқан қанымызға сіңген қасиет. Дана халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөз бар. Біз бүгінгі қоғамда да қазақтың жақсылық жасауға, көмектесуге, қол ұшын созуға дайын тұратынын көріп жүрміз.
Ауданымызда да қайырымды жандар өте көп. Солардың бірі - «Жылыой жүрек жылуы» еріктілері. Олар - коронавирус індеті әлемді жайлаған өткен жылдардан бастап күні бүгінге дейін халыққа қызмет етіп келе жатқандар. Әу баста игі істерін жұма сайын кем дегенде 5 отбасыға қайырымдылық жасап, азық-түлікпен көмектесуден бастаған. Алдымен ауданның белсенді жанашырлары болып топ құрып, мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратып, қайырымдылық шарасын тоқтаусыз жалғастырған.
Бүгінде «Жылыой жүрек жылуы» қоры құрылып, ресми тіркелген. Құрылтайшысы жеке кәсіпкер –Амандық Сабазов. Оның айтуынша, арнайы қор ашуға қазіргі қаржы жинайтын алаяқтардың болуы, адамдардың қайырымдылық жасаймын деп алданып қалуы себеп болған көрінеді. Сол себепті заңды түрде тіркеліп, ресми қор ашуды жөн санаған. Алғашқы қайырымдылықты жасап бастаған кездері жоғарыда айтқандай, 2019 жылғы карантин кезі. Осы кезден бастап көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жалғызбасты қарияларға көмек қолын соза бастаған. Бүгінгі күнге дейін бірқатар игі істерге себепкер болып, басы- қасында жүр. Мұқтаж адамдарға қаражат жинап үйін жөндеуге, ішкі жұмыстарын жасауға әлденеше рет көмектескен. Апаттық жағдайдағы үйде тұрған жалғызбасты мүгедек баласы бар жасы егде апайға 20 млн тұратын жаңа үй тұрғызып, кілтін табыс еткен. Сондай-ақ, көпқабатты үйде тұратын аз қамтылған көпбалалы 4-5 отбасының пәтеріне жөндеу жұмыстарын жасап, шатырларн жабуға жәрдемдескен. Әр үйге кеткен қаржының сомасы шамамен - 2-3 млн.
-Жылыойдың белді азаматтары мен еріктілері арқасында осындай игі істерге бастамашыл болып жүрміз. Барлығы халықтың жиналған қаржысының арқасында. Бастапқы жылдары азық-түлікпен көмек қолын соза бастадық. Кейін қаражат жинап үй әперуге кірістік. Бүгінгі таңда 15-ке жуық белсенді еріктілеріміз, жанашыр азаматтарымыз бар. Барлығымыздың мақсатымыз «Көп түкірсе - көл» дегендей қоғамға жәрдемдесу»,-дейді Амандық Сабазов.
2022 жылы жалғызбасты анаға қордың ақшасына 13 млн теңгеге үй алып берді. Желтоқсан айында науқас баланың еміне деп 30 млн қаржыны 5 күнде жинап, Үндістан мемлекетіне ота жасатуға жіберді.
-Осы кезге дейін мұндай қомақты қаржыны 5 күнде жинап көрмеппіз. Бұл- ішек ауруына шалдыққан Бекарыс атты жерлесімізге жиналған қаражат.Ата-анасына халық 9 млн қаржы жинаған болса, біз де небәрі 5 күннің ішінде емге қажетті 25 млн теңге жинап бердік,-дейді Амандық.
Бүгінде республикалық «Асар-үме» қоғамдық қоры және «Харекет» қорымен тығыз байланыста. Ауданымызда аталған қоғамдық қорлардың өкілдері мен еріктілері жұмыс жасауда. Атап айтсақ, «Асар-үме» қоры арқылы ауданымызда 6 отбасы баспаналы болды. Сол баспаналы болған отбасылардың ішінде жеке кәсібін бастаған 2 отбасыға демеушілік мақсатында 500 мың теңгелік сертификат табысталды.
Күні бүгінге дейін жасаған сауапты істеріне орай,Алғыс хаттармен марапатталыпты. Атап айтсақ, «Жылыой жүрек жылуы» қайырымдылық қоры 2021 жылы «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясының лауреаты атанса, одан өзге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен, аудан әкімінің алғыс хатымен, «Асар-үме» мәдени-білім қоры» қоғамдық қорының президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Бұл қоғамға тигізген өлшеусіз еңбектерінің қарымтасы болар.
Адал ниетті азаматтардың басын бір арнаға тоғыстырған «Жүрек жылуы» осылайша өздерінің жүрек жылуын баршаға сыйлап жүр.
А.Жұмабергенова