16 жастағы полиглот — Тіл үйренуге күніне 30 минут жеткілікті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық 16 жасар мектеп оқушысы Бахтияр Сәдібеков бүгінде 7 тілді еркін меңгеріп, Оман Сұлтандығының елшісіне аудармашылық қызмет көрсетіп жүр. Дипломатиялық ортада мойындалып үлгерген жас полиглот тіл үйренудің құпиялары мен болашақ жоспарлары туралы Jibek Joly телеарнасының Bugin LIVE бағдарламасында баяндап берді.

Бахтиярдың тіл үйренуге деген құштарлығы осыдан екі жыл бұрын Египетке жасаған отбасылық сапарынан басталған. Сол кезде шет тілін білмеудің қиындығын сезінген ол, елге оралған соң араб тілін меңгеруге бел буған. Небәрі бір жыл ішінде араб тілінен С1 деңгейіне дейін көтеріліп, ресми сертификат алған.

— Египетте жүргенде қазақ және орыс тілдерімен ғана шектелуге болмайтынын, коммуникацияның адам өміріндегі маңызын түсіндім. Елге келген соң араб тілін мешітте, кейін жеке мұғаліммен оқып, Еуразия ұлттық университетінің араб тілді студенттерімен тәжірибе алмастым. Қазір араб, ағылшын, түрік, француз, испан тілдерін меңгердім, орыс тілі біле жүргем, ал қазақ тілі — ана тілім, — дейді Бахтияр Сәдібеков.
Жас полиглоттың айтуынша, аударма ісі, әсіресе саяси деңгейдегі кездесулер үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол Дипломатия мектебіне амбассадор ретінде қабылданып, Иран елшілігіндегі шарада өзін көрсеткеннен кейін, Оман елшілігінен ресми ұсыныс алған.

— Аударма ісі оңай емес, екі ел арасындағы саяси жағдайды дәл әрі тез жеткізу керек. Араб тілі болса әлемдегі ең бай тіл, оның 12 миллион сөзі бар. «Бір сөзді білмей қалсам не болады?» деген қорқыныш пен қобалжу болады, бірақ тәжірибемде ондай жағдай болмапты. Тіл үйренгісі келетін жастарға күнделікті 10 минут аудио тыңдауға, 10 минут жазуға және 10 минут оқуға уақыт бөлсе, кез келген тілді бағындыруға болады дер едім, — деп кеңес берді жас маман.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT