«Азық-түлік қымбаттап кетті. Тамақ бағасы күн өткен сайын шарықтап барады» деп аудан жұртшылығы дабыл қағып жүргелі қашан?!
Қымбатшылық бүгінде тек Жылыой халқын ғана емес, барша ел тұрғындарын әбігерге салып, қалтасын қағуда. Осыған сәйкес, өткен аптада «Amanat» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен арнайы құрылған жұмыс тобы базар маңындағы көтерме сауда дүкендеріне барып, мониторинг жүргізді. Бағаға қатысты құрылған жұмыс тобының құрамында партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ш.Темірбаева, Құлсары қаласы әкімінің орынбасары А.Нұрмаханова, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің маманы А.Мирамбай және аудандық мәслихат депутаттары Е.Дәулетбаев пен С.Кенжеғалиевтар бар.
Азық-түлік саудасына бақылау жүргізудегі мақсат – халыққа ең қажетті әлеуметтік тамақтар құнының шекті бағадан асып кетпеуін қадағалау, сауда орындарында тауар жеткіліктілігіне көз жеткізу.
Тұрғындар тарапынан бағаға қатысты базына көп болғанымен, рейд барысында аудандағы барша халықтың пікірі бірдей еместігі байқалды. Оған дәлел, «Ақтөре» көтерме сауда дүкеніне келген тұрғын Ш. Көбейгенованың сөзі еді.
Осы «Ақтөре» көтерме сауда дүкеніне Қазақстаннан шығатын «Алтын Сандық» шайын сатып алу үшін келемін. Өзімді бұл дүкеннің тұрақты тұтынушысымын деп айтсам артық болмайды. Айтар еш шағымым жоқ. Шайдың бағасы да тиімді, - дейді тұрғын өз пікірінде.
Мониторинг барысында бір емес, бірнеше азық-түлік дүкендері араланып, саудасы сараланды. Сондай-ақ, жұмыс тобы мүшелері сауда дүкендерінің иелері мен саудагерлерге толтыру үшін арнайы бланка беріп, әлеуметтік тағамдардың бар немесе жоқ екенін анықтап, сатылымдағы бағасын жаздырып алды. Өйткені, бекітілген баға мен сатылымдағы баға салыстырылып, рейд жұмыстары алдағы уақытта да жүзеге асатын болады.
Сонымен қатар, жұмыс тобы мүшелері «Беркад» сауда үйіндегі дәріханаларға да аяқ басты. Халыққа сатылып жатқан дәрілердің бағасын анықтап, мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Тек дәріханалар мен азық-түлік орындары емес, қаладағы жанар-жағармай бекеттеріне де бақылау жүргізілді. Жағармай бекеттерінде бензин мен дизель халыққа Министрлік бекіткен арнайы бағамен сатылып жатқаны анықталды.
Жанар-жағармайды сатуда бізде шектеулі бір лимит жоқ. Бензин багы 100 литр көлемде болатын жеңіл автокөліктерге 100 литрден болса, одан көп жүк көліктеріне 300 литрден болады. Шектеу жоқ. Айналып келіп мен айтып өткен мөлшерді құйып ала берсе болады. Қазақстан азаматтарына дизель 230 теңгеден, шетел азаматтарына 450 теңгеден сатылады. Жүргізушілердің құжаттары міндетті түрде тексеріледі, - дейді «Sinooil» АЗС-9 жанар-жағармай бекетінің кассир-операторы Мөлдір Табылдиева.
Одан бөлек, рейдтік шара барасында газ – 55 теңгеден сатылып жатқаны анықталды.
Ш.ХАМИТОВА