Соңғы жылдары «жыр» болып келе жатқан аудандағы басты мәселенің бірі – Теңіз кенішіндегі ТШО-ның мердігер мекемелеріндегі жұмысшылардың вахталық ауысымын 14 күнге ауыстыру жайы. Мұны көппен бірге көтеріп жүрген, негізінен, халық қалаулылары, соның ішінде бел шеше кіріскен белсендінің бірі де бірегейі – облыстық мәслихаттың депутаты Сырымбек Сәрсембаев екені белгілі. Соның арқасында «жұмысшылардың жанайқайы» облыс асып, астаналық депутаттар мен басшы азаматтардың құлағын шулатқалы қашан?!
Шетелдіктерге тиімсіз тәсіл
Бұл мәселе, негізінен, бұған дейін де қозғалып келе жатқаны жасырын емес. Тек соңғы кездері «AMANAT» партиясының араласуымен жиі-жиі сөз болып, күн тәртібінен түспеуге айналды. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, мұның астарында алып кеніште таңның атысы, күннің батысы бір айға тарта уақыт тыным таппай тер төгіп келген жұмысшылардың жанайқайы жатқаны анық.
Иә, біріншіден, 28 күндік жұмыс тәртібі еңбеккерлердің денсаулығы мен қажыр-қайратына кері әсер етсе, екіншіден, басты құндылық - ұрпақ тәрбиесіне, отбасылық қарым-қатынасқа да кесірін тигізіп отырғаны жасырын емес. Бірнеше апталап, айлап вахтада жүрген ата-анасын көрмеген жасөспірім балалар үйде қараусыз қалып, тәрбие діңгегін осалсытып алған жайттар да кездесіп жүр.
Бұл мәселе елордада отырған ел ағаларының назарын аударғаннан кейін сең қозғалып, көбесі сөгілер деген үміт бар. Өйткені, «Теңізшевройл» ЖШС құрылғалы 30 жыл бойына қалыптасып қалған темірдей еңбек тәртібін өзгерту жергілікті депутаттарға оңайға соқпайтыны анық. Жақында осы істің басы-қасында жүрген депутат Сырымбек Сәрсембаевпен хабарласқанымызда, түйіннің тарқатылар күні алыс еместігін білдік. Ол Теңіз кенішіндегі компаниялардың жаңа жылдан бастап вахталық ауысымын 14 күндікке ауыстыратынын мәлім етті. Қуанышты хабар. Тек «Күштінің арты диірмен тартып» кетпесе болғаны.
Әрине, депутаттар ден қойған мәселе келер жылдан бастап толық шешімін тапса нұр үстіне нұр. Бірақ, осы жерде «Неге шетелдіктер халық қалаулыларының алдында кәдімгідей иілмей келеді?» деген заңды сауал туындайды.
Өткен жаз айында Атырау аймағына іс сапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Әділ Жұбановтар да бұл тақырыптан айналып өте алмады. Қос бірдей халық қалаулысы Атырау қаласында ТШО-ның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімі бас менеджерінің орынбасары Хэмиш Полспен жүздесіп, «14 күндікті талап еткен» кездесуіне осы жолдар авторы да қатысқан еді. Сонда Атырауда жұмыс жасап жүрген шетелдік азамат бірден 14 күндіктің Келешек кеңею жобасында еңбек ететін жұмысшылар үшін тиімсіз екенін айтты. Хэмиш Полстің сол күні келтірген дерегіне сүйенсек, Теңіз кен орнында ТШО-ның 74 мердігер мекемесінің тек 2-еуі ғана, яғни 4868 адам 14 күндік ауысыммен жұмыс жасап жатыр екен. Қалған 72 компаниядағы 58464 жұмысшы-қызметкер 28 күнмен еңбек ететіні белгілі болды. Енді ойлап қараңызшы, осыншама компанияны аз ғана уақыттың ішінде жаңа ауысымға көшіре салу мүмкін бе? Отыз жыл бойына тоталитарлық жүйедей тот басып қалған еңбек үрдісіне «төңкеріс» жасау, әрине, оңай емес.
Заң не дейді, депутаттар не дейді?
Әрине, біз бұл жерде халық қалаулыларының қалауына қарсы шығып тұрғанымыз жоқ. «Жаңа Қазақстан» құру жолында қай-қай салада да жаңалықтың енгізілгенін қолдаймыз. Десек те, мәселенің тағы бір ұшы бар. Ол – заңдылық жағы. Сол кездесуде ТШО өкілі Хэмиш Полс мырза еліміздің Еңбек кодексіне арқа сүйейтінін алға тартты. Шынымен де, зерделеп қарасақ, аталған заңның «Вахталық жұмыс әдісі» деп аталатын 135-бабының 4-бөлігінде: «Вахтаның ұзақтығы күнтізбелік он бес күннен аспауы тиіс» деп көрсетілгенімен, келесі жолда: «Жұмыскердің жазбаша келісімімен вахтаның ұзақтығы ұжымдық, еңбек шарттарына сәйкес күнтiзбелiк отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін» деп тайға таңба басқандай жазылған. Демек вахтаны 28 күнге ұзартып, иә қысқарту тікелей компания басшысына байланысты емес. Керісінше, онымен ұжымдық және еңбек шартына отырған қарауындағы қарапайым жұмысшы-қызметкерлердің еркінде екен.
Осы жерде «ТШО-ға халықтың атынан талап қойып отырған депутаттардікі дұрыс па, әлде Еңбек кодексіндегі 135-бапты алға тартқан Хэмиш Полс мырзанікі жөн бе?» деген тағы бір заңды сұрақ туындайды. Егер менеджер орынбасарының айтқаны дұрыс болса, онда неге мәселені шешудің жолын басқа қырынан іздемеске деген ой келеді. Әрине, сол күнгі кездесуге «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Ідірісов пен облыстық мәслихат депутаты Жеңіс Абілкарестер де қатысып отырды. Олар осы мәселеге байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Бірі «шетелдік мамандар 28 күн, ал қазақстандық жұмысшылар 14 күн жұмыс жасаса» деген тілегін жеткізсе, екіншісі Еңбек кодексінің 135-бабындағы «вахтаның ұзақтығы отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін» деген сөз тіркестерін мүлдем алып тастауды ұсынды.
Расында да, соңғы ұсыныстың жаны бар. Заңдылық жағынан алғанда, бұл жерде кодексте көрсетілген талапқа сәйкес жұмыс жасап отырған компания басшыларына кінә арта алмайсың. Мәселенің мәнісін заңды түрде «отыз күнге дейін ұзартуға мүмкіндік» беріп қойып, жұмыс берушіні «вахтаны 14 күнге қысқарт» деп қинап отырған өзімізден іздеуіміз керек секілді. Дұрыстап ойлап қарасақ, бәрі де жоғарғы палатадағы депутаттардың өз қолында! Заң нормаларына жыл сайын дерлік өзгерістер мен түзетулер енгізіліп жатқан жоқ па?! Ендеше, осы еңбек қатынастарына қатысты бөлігіне тағы бір бас қатырып, өздеріне дейінгі әріптестерінің «қателігін» түзетіп жіберсе, «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болмай ма? Қазіргідей кездесулер, келіссөздер өткізіп, ешкімнің басын қатырып, алтын уақытын сарп етудің не жөні бар?! Жай ғана Еңбек кодексінің 135-бабындағы «Жұмыскердің жазбаша келісімімен вахтаның ұзақтығы ұжымдық, еңбек шарттарына сәйкес күнтiзбелiк отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін» деген бөлігін «қиып» тастап, компания басшыларынан «Вахтаның ұзақтығы күнтізбелік он бес күннен аспауы тиіс» деген 4-бөлікті орындауды талап етсе болды емес пе?!
Сонда «14 күндік вахталық әдіс ТШО-ның Келешек кеңею жобасы үшін тиімсіз» деген шетелдік мырзалардың аузына құм құйылып, қарсы уәж айта алмас еді.
Ербол ҚОШАҚАНОВ