Жалған түбіртекпен сауда жасаған...

KP.KZ

Таяуда аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіровтің төрағалық етуімен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы болып өтті. Күн тәртібінде  кәмелет  жасқа  толмағандар арасындағы  құқық бұзушылықтың алдын алу,  қараусыз және  панасыз қалған жасөспірімдер мәселесі қаралды. Аталған  тақырыптар  бойынша жергілікті  полиция қызметінің ювеналды  полиция  тобы жыл бойғы атқарылған жұмыстардың есебін берді. Сондай-ақ отырыста   бірнеше жасөспірімдер  мен олардың  ата-аналарына  қатысты  өзекті  мәселелер де күн тәртібіне  маңызды  тақырып ретінде  қойылып, жеке-жеке қаралды.

            Ұ.Қ есімді  Құлсары қаласының тұрғыны өзінің  2011 жылы туған қызын  аудандағы №8 жалпы орта білім беретін мектептің  6 сыныбына ауыстыру  үшін аталған мектеп әкімшілігіне келіп, қабылдау анықтама-талонын 2022  жылдың 4 қарашасы күні алып кетеді. Ал қыз бала бұдан бұрын Түркістан облысындағы «Даму» жекеменшік  мектебінде оқыған. Арада бірнеше күн өткен соң қыздың әкесі  Ж.Ү  келіп, қызының  басқа  оқушылар секілді  мектеп формасын кимейтінін айтып  «мектепке орамал тағып барады, сыныпта орамалын шешпейді»  деген талабын қойған. Қыз баланың әке-шешесі   бірнеше мәрте арнайы шақыртылып, мектеп әкімшілігі оларға түсіндіру  жұмыстарын жүргізген.Алайда ата-ана мектеп формасы туралы қойылған  талапты орындамайтынын айтқан. Тіпті аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Г.Айшуақова мен  аталған білім беру ұйымының  директоры С.Жұмағалиева және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Р.Тұрашова  қыз баланың үйіне барып, түсінік шараларын жүргізіп кеткен.  Дін жолында жүрген қыңыр әкенің әрекеті салдарынан қазіргі таңда оқушы ешқандай мектепке орналаспай  отыр. Отырысқа мектеп талабын орындауға қарсылық көрсеткен азамат  арнайы шақыртылып,  оның қызына не себепті мектеп  формасын кигізуге қарсылық танытып отырғаны жайлы пікірі тыңдалды.

            2009  жылы туған, кәмелет жасқа толмаған С.  «қиын» жасөспірім  қатарына еніп отыр. Қыз бала қаладағы «Барыс» дүкенінен «Горилла» сусынын  ақшасын төлемей алып бара  жатқан. Оның бұл күдікті  әрекетін көзі шалып қалған дүкен сатушысы ұстап алып, 102  арнасына қоңырау шалу арқылы аудандық полиция бөліміне  хабарлама түсірген. Жасөспірім өзінің берген түсініктемесінде де 3 құрбысымен бірге сауда орнына  барғанын, құрбылары үйлеріне қайтып кеткен кезде сусынды  ұралап алып, сатушыға ұсталып қалғанын көрсетіп отыр. Жоғарыда сөз болған жағдайлардың негізінде кәмелетке толмаған  балаларын тәрбиелеу жөніндегі  міндеттерін орындамағаны  үшін С-ның анасына заң бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданып, 20 мың теңгенің үстінде айыппұл салынған. Бұл жасөспірімнің  үйінен мезгілсіз уақытқа, белгісіз бағытқа шығып кететіні, мектепке бармайтыны, сабаққа қатыспайтыны да белгілі болды. Оның анасы қызының үстінен полиция бөліміне арызын да түсіріп үлгерген. Қызының  бір жігітпен кездесіп жүргенін біліп қалып, ол жігітке қоңырау шалып, аулақ жүруін ескерткенін өз түсініктемесінде көрсетіп  отыр. Қыз баланың ерте жыныстық қатынасқа түсіп үлгергені де баяндамашалыр тарапынан айтылды. Тиісті шешім қабылдау үшін  қыз бала мен оның анасы отырысқа шақыртылып, комиссия мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, жауап алынды.

            Келесі қаралған мәселе - Жаңа Қаратон кентінде орналасқан «Салтан» азық-түлік  дүкенінде сауда жасап, «Каспи голд» қосымшасы арқылы төленгенін  жалған скриншотталған түбіртекті көрсеткен  мектеп оқушыларының теріс  әрекеті еді. Жасөспірім Н.Т  сұрастыру барысында 2022  жылдың  22 қарашасында сағат 20.00 шамасында 3  сыныптас құрбылармен аталған  азық-түлік  дүкеніне сауда жасауға барғаны анықталған. Осы кезде А есімді сыныптасының  «Телеграмм» желісі, «Отрисовщик» каналы арқылы 19 қараша күні  18.00 шамасында аталған дүкенге барып, 1300 теңгеге  2 «чипсы», 2 шырын  алғанын айтып отыр. Олар бұл әрекеттерін бір емес, бірнеше мәрте қайталаған. Отырысқа мектеп  оқушылары  мен олардың ата-аналары шақыртылып, неліктен бұл іске барғандығы сұралды.  Олар ұрлық болып есептелетін бұл көзбояушылық істерін үлкен сыныптың балаларын көріп қайталағанын, балалықпен, қызығушылықпен жасағанын айтып ақталды. Комиссия мүшелері балалардан келесіде мұндай іске бармайтындары жөніндегі  уәдесін алды.

            Комиссия отырысында күн тәртібіне қойылып, бірақ заң шеңберіндегі  қабылдануы керек шешімдер  нақты көрсетілмегендіктен кейбір мәселелер келесі отырыста қаралатын болды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521