Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін, қоғамның тұрақтылығы мен әділеттігіне нұқсан келтіретін теріс әлеуметтік құбылыс. Ол мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне, халықтың билікке деген сеніміне тікелей әсер етеді.
Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізетін ең өзекті және қауіпті әлеуметтік құбылыстардың бірі. Ол құқықтық, экономикалық, саяси жүйелерді әлсіретіп қана қоймай, қоғамдағы әділетсіздік пен теңсіздікті өршітіп, халықтың билікке деген сенімін жояды. Мемлекетіміз бұл мәселені ұлттық қауіпсіздік деңгейіне қарап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күресті мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап отыр. Сондықтан бұл мәселемен жүйелі әрі бірізді түрде күресу – әрбір мемлекеттік органның, соның ішінде аудандық қазынашылық басқармасының басты міндеттерінің бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен күрес – елдің болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық міндет екенін үнемі атап өтуде. Осыған орай елімізде 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы қабылданып, нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Одан бөлек елімізде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, сондай-ақ «Адалдық алаңы», «Парасат жолы», «Саналы ұрпақ» сынды жобалар мен бастамалар аясында жұмыстар жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары:
-Құқық үстемдігін қамтамасыз ету;
-Мемлекеттік қызметте ашықтық пен есептілікті арттыру;
-Қоғамның құқықтық мәдениетін көтеру;
-Профилактикалық шараларды күшейту және парасаттылық қағидаттарын енгізу.
Аудандық қазынашылық басқармасында жұмыс істейтін әрбір қызметкер сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жөніндегі жауапкершілікті терең түсініп, өз іс-әрекеттерінде заңдылық пен әдеп кодексін қатаң сақтайды. Мекеме басшылығы тарапынан ұдайы түсіндіру жұмыстары, ішкі семинарлар, құқықтық оқыту шаралары өткізіліп келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес- бұл тек заңмен жазалау ғана емес, ең алдымен профилактика, сапалы басқару, қоғамдық бақылау және парасаттылық мәдениетін қалыптастыру. Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек қана құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғам болып атсалысатын ортақ іс. Әр азамат өзінің күнделікті әрекетінде заңға бағынса, пара мен жең ұшынан жалғасқан әрекеттерге жол бермесе, елімізде әділетті қоғам құруға толық мүмкіндік бар.
Мамық Қошбаева, аудандық қазынашылық
басқармасының бас маман-бас қазынашысы