Бәріңізге мәлім, өткен жылғы алапат тасқын салдарынан алақандай қаламызды су басып, үй-жайдан бөлек, тайға таңба басқандай тегіс жолдарымыз да адам көргісіз күйге түсіп, автокөлік жүргізушілеріне үлкен қиындық туғызды. Бірі көп ұзамай жөнделсе, бірі сағызша созылып, «жол жүремін» дегендердің жүйкесін жұқартты. Олардың бірі – қаламыздың Атырау қаласына бағытталған шығаберісіндегі республикалық маңызы бар А33 автожолы. Жергілікті халық жақсы біледі, 2024 жылы болған тасқын судың салдарынан кейін бұл жол ойылып, жамылғысы әбден бүлінді. Жуырда ғана оның жөнделетіні туралы хабар жетті.
Иә, 2024 жылдан бері күні бүгінге дейін бұл жол учаскесі қараусыз қалып, бірде-бір рет жөнделмеді. Өткен-кеткеннің ығына жығылып, ойлы-шұқырлы қара жер болып қалғалы қашан?! Жыл басында ҚР Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай бұл мәселені Парламентке көтеріп, өңіріміздегі жол жайын жақсылап тұрып жеткізді. Бұл уақытта ауданымыздың мәслихат депутаты Бекет Құлбаев та қатарласа қимылдап, жырға айналған тас жолдың мән-жайын тереңірек түсіндіріп, қосымша түсіндірме хат жолдаған. Ал «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының жаңа басшысы «Amanat» партиясының ұйымдастырған кезекті бір кездесуінде жөндеу жұмыстарының тамыз айына дейін аяқталатынына уәдесін берген. Алайда, жұмыс айтылған уақытта басталып, айтылған уақытта аяқталмады.
- Өткен жылы болған тасқын судан кейін қаламыздың шығаберісіндегі республикалық маңызы бар А33 автожолы қатты бүлініп, жолдың төсемі ойылып қалған болатын. Өкінішке қарай, сол уақыттан бері 2025 жылдың 30 шілдесіне дейін бұл мәселе шешімін таппады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Көлік министрлігіне ресми депутаттық сауалымды жолдадым. Сауалда жөндеу жұмыстарының қашан басталып, қашан аяқталатыны, қай мердігер мекеме орындайтыны, тиісті шаралардың нақты мерзімдері туралы ресми ақпарат беру сұралды. Сонымен қатар сауалыма Instagram әлеуметтік желісіне жариялаған бейнематериалдарымды да дәлел ретінде қоса тіркедім. Жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мәселеге тиісті органдар жауап беріп, көптен күткен жолға жөндеу жұмыстары басталса, бұл тек біздің өңір үшін емес, біздің қаладан өтетін саяхатшылар мен шетел туристері үшін де жағымды жаңалық болары анық,-дейді бұл жөнінде депутат Бекет Құлбаев.
Араға бір аптадай уақыт салып, қалың жұртты алаңдатқан мәселе төңірегінде «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Атырау облыстық филиалынан да жауап келді. Бұл туралы мәжіліс депутаты Бекет Бағытжанұлының өзі әлеуметтік парақшасында бөлісті. Жауап хатқа сүйенсек, республикалық маңызы бар KAZ-11 Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау теңіз порты автомобиль жолының Құлсары қаласына кіреберісіндегі 2024 жылғы көктемнің су тасқыны салдарынан бұзылған жол қабаттарын, яғни 119,6-122 шақырым аралығына орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған. Және мердігер мекеменің, атап айтқанда, «Сине Мидас Строй» ЖШС-нің жоғарыда көрсетілген шақырымдағы жөндеу жұмыстарын 2025 жылдың қыркүйек айында жасайтындығын алға тартты. Сонымен қатар «мердігер мекемеге жұмыстарды тез аяқтау тапсырмасы қоса берілді»,- дейді «ҚазАвтожол» Ұлттық компаниясы» директорының орынбасары Абзал Олжабаев. Жылыойлықтардың сөзінше, бұл жол Құлсары арқылы өтетін стратегиялық бағыт, Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден Ақтауға баратын туристердің негізгі жолы. Жолдың нашар жағдайы қалаға теріс имидж қалыптастырып, жергілікті тұрғындарға да үлкен қиындық туғызуда.
Енді бар үміт мердігер мекеме уәде еткен мерзімін созбай, жолды сапалы әрі уақытында жөндеп бітіруінде. Өйткені бұл тек тас жол мәселесі емес, қала халқының күнделікті тіршілігі, өңірдің көлік қатынасы және туристік тартымдылығы үшін аса маңызды міндет. Тас жолдың қайта жаңарып, өткен жылдан бері жыр болған мәселенің түбегейлі шешілуі Жылыой жұрты үшін үлкен жеңіс болмақ. Ал әзірге тұрғындар мен қоғам белсенділері жұмыстардың барысын жіті қадағалап, орындалған іс пен берілген уәденің сәйкестігін бақыламақ.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ