Тағдыр тәлкегіне түскен қыз

Аудандағы ауылдық округтің бірінде тұратын келіншектің сырқаты асқынып, ақыры айтпай келген ауру оны алып тынады. Артында шиеттей бала-шағасы қалды. Олар осыдан 10 жыл бұрын өмірден өткен бірінші жолдасынан қалған кәмелеттік жасқа толмаған екі ер баласы мен екінші некедегі күйеуінен туған 2 жасар қыз еді. Аналары өмірден өткеннен кейін 14 және 17 жастағы ұлдары нағашы ағасының қолына барып тұруға шешім қабылдайды. Өйткені, өгей әкелері арақ ішеді, екеуіне деген қарым-қатынасы суық, дүкенге ішімдік әкелуге жұмсайды екен. Мұндай жағдайда кішкентай бүлдіршіннің тағдыры не болмақ.

 Міне, осы мәселе жақында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралды. Бұл жерде комиссия мүшелерінің көңіліне күмән ұялатып тұрғаны - қыздың жанында қалған жалғыз әкесінің ішімдік ішіп, жұмыссыз жүргендігі. Ол туралы аудандық білім бөлімінің бас маманы Гүлжансара Таңатарова мәлім етті.

 Комиссия отырысына қатысқан марқұм келіншектің үлкен ұлы 17 жастағы С. есімді жасөспірім анасынан тым жастай қалған кішкентай қарындасының тағдырын сөз еткенде еріксіз көзіне жас алды. Оның да өздерімен бірге тұрғанын қалайтынын, бірақ өгей әкесі ешкімге бермей отырғанына налыды. Бұл әңгімені растаған нағашылары да екі ер баланы қамқорлығына алатынын, ал 2 жасар жиенін амалсыздан әкесіне қалдыруға мәжбүр болғанын жеткізді. Өйтпесе, бұл оқиғаның арты айқай-шуға ұласатын түрі бар. Жалғызбасты әке қызы түгілі, өгей ұлдарының да құжаттарын нағашысына татырғысы келмей отыр. Бұл жерде кезінде орын алған өзара келіспеушіліктің кесірінен балалар жапа шегіп тұрғанға ұқсайды.

 Мұны Гүлжансара Таңатарова да растап, ұлдарды нағашысының қамқорлығына берудің дұрыс шешім болатынын, алайда әкесімен жалғыз қалатын 2 жасар қыздың болашағы қатты алаңдатып отырғанын, сондықтан комиссия мүшелерінен нақты бір шешімін қабылдауды сұрады. Өйткені, қыз бала қазіргі таңда ішімдік ішетін әрі жұмыссыз әкесімен бірге тұрып жатыр. Тіпті, ауырып, балабақшасына да бара алмай жүр. Қазіргі уақытта анасының қадесіне орай көрші ауылдан келген аға-жеңгелерінің уақытша қарауында, кісі тарағасын ертеңгі күні бүлдіршін үйде жалғыз қалып қоюы да мүмкін.

 Әрине, бұл мәселеге орай кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақова қыздың әкесімен сөйлесіп, мән-жайды ұғындырмақ болды. Әкесі өгей ұлдарының нағашысының қамқорлығында қалуына қарсы еместігін, алайда туған қызын ешкімге бермейтінін айтып тұрып алды. Алдағы уақытта Теңіз кенішіне жұмысқа қайта орналасатынын, өзі асырай алатынына сендіріп бақты. Дегенмен, ішімдік ішетінін жасырмай айтқан азаматқа комиссия мүшелері үмітпен қарай алмады. «Сіз 14 күн вахталық ауысыммен жұмысқа кеткенде, 2 жасар қызға кім қарайды?» деген сұраққа бір амалын табатынын айтты. 

 Осылайша бұл мәселе көңілге күдік, жүрекке сызат түсірді. Атамыз қазақ «Әкесіз жетім – құр жетім, шешесіз жетім – тұл жетім» деп осындайда айтса керек. Десе де, екі жасар қызды туған әкесінен ешкім күштеп айыра алмайтыны анық. Сондықтан шешім қабылдаған комиссия мүшелері жасөспірім қос ұл нағашысының қамқорлығында, ал қыз баланы әкесінде қалдыруды ұйғарды. Бірақ, кішкентай бүлдіршін әрдайым өздері тұратын ауыл әкімі мен комиссияның ұдайы бақылауында болатыны қатаң ескертілді. Егер бала қараусыз қалатын болса, онда заңға сәйкес тиісті шара алынады.

 Сонымен қатар, комиссия отырысында түнгі уақытта төбелесіп, ол қылықтары видеоға түсіп қалған жасөспірім балалардың мәселесі сөз болды. Бірақ, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалмады. Өйткені, жапа шеккендер жоқ. Сондықтан ол ұсақ бұзақылыққа жатқызылып, тек ата-аналарына айыппұл салынды.

 Комиссия мүшелері осындай төбелеске бейім жасөспірімдердің алдағы уақытта да құқық бұзушылыққа бармауы үшін қоғамдық шараларға тарту керек деген ұсыныс айтты. Бос уақытын еріктілікке арнап, спорттық-мәдени шараларға қатысуға жұмсаған жастың төбелесуге уақыты болмайды деген ой ондағы...

Перизат ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT