Жасыратыны жоқ, өңірде бой жазып, демалатын, таза ауада тыныстап, серуендейтін саябақтар саны саусақпен санарлық. Құлсарыдағы көзге көрнектісі - «Достық», «Жеңіс», «Жансая», «Нұрсая» саябақтарының бой көтергеніне де көп жыл болған жоқ. Жасыл желекке бөленіп, қаланың сәнін кіргізер бұл орындар 84 000-нан астам халқы бар ауданға аздық етері анық. Ертеректе пайда болған «Мұнайшылармен» бірге «Қамыскөл» саябағы да шағын шаһарымыздың шырайын шығарып, әсіресе жас жұбайлардың жиі келетін орнына айналып еді. Бүгінде ол «тастанды баланың» күйін кешіп тұр.
ЖАБАЙЫЛЫҚ ЖАЙЛАҒАН ДЕМАЛЫС ОРНЫ
Иә, қаламыздың 8-учаскесіндегі бұл саябақ Қамыскөл көлінің жағалауында орналасқан соң, оны ел ішінде «Қамыскөл» саябағы деп атап кеткен еді. Мұнда аудан жастары бас қосып, жас жұбайлар неке қиғаннан кейін қыдырып, естелікке фотосуретке түсетін. Тіпті ақ бантик таққан мектеп оқушылары мен түлектер де саябақтың сәнін кіргізетін. Осы бір керемет жасыл желекті бүгінгі жас ұрпаққа тарту еткен өткен ғасырда өмір сүріп, еңбек еткен алдыңғы толқын аға буын еді.
Өкінішке қарай, қазір мұның бәрі көрген бір тәтті түске айналғандай. Себебі көрікті орынның көретін жері жоқ. Жайқалып өсіп тұрған талтеректер себепсіз кесіліп, ішіндегі нысандар ашық-шашық жатыр. Саябаққа келсеңіз ғимараттардың қабырғасына салынған жаға ұстатар жағымсыз суреттер мен төгілген лас-қоқыстан көз ашпайсыз. Осыдан-ақ, бұл жердің маскүнем мен нашақорлар жиналатын, бұзақылардың бас қосып, қылмыс пен түрлі құқық бұзушылық жасайтын орынға айналғанын бағамдау қиын емес. Оның мұндай халге дейін жетуіне себеп те бар.
Халық арасында көкейтесті мәселеге айналған саябақ «жырын» біз де сараптап көруге тырыстық. Іс барысында демалыс орны деп айтуға келмейтін оның қазіргі таңда жеке кәсіпкердің меншігінде екенін білдік. Және анықтау үшін жер иесінің өзімен де байланыстық. Нақты қай жылы мемлекеттен сатып алғанын білмейтін жеке кәсіпкер Әлімжан Балжігітов өз сөзінде:
- Маған осыдан екі жыл бұрын әкімдіктен «Сіздің жеріңіз өзгеріске тап болуына байланысты бұл жерді мемлекет меншігіне өткізуіңізді сұраймын» деген хабар келді. Мен оған қарсы шыға алмаймын. Келсін, өтемақымды берсін немесе басқа жақтан жер ұсынсын. Мен қай кезде де қайтарып беруге дайынмын. Олар, алдымен, менің жерімді бағалауы керек. Үкіметтің бекітіп, белгілеген бір шаршы метрге шаққандағы өз бағасы бар ғой. Жердің көлемі, оның үстіне салынған нысандар қанша, міне, осының бәрін есептей келе мемлекет маған тиісті қаражатымды беруі тиіс. Қазір ол процесс жүріп жатыр. Маған дейін бұл жер басқа біреудің меншігінде болды. Қай жылы екенін нақты білмеймін, мен әкімдіктен емес, сол кісіден сатып алдым. Мен келгенде ол жерде ештеңе болмады. Кейін өзім демалыс орнын аштым, 6 мейрамхана, балалар ойнайтын компьютерлік нысан салдым. Айналаны жасыл желекке орап, төсемтасын орнаттым. Ол кезде бәрі әдемі еді. Қазір шынымен де тас-талқаны шықты. Неге? Себебі сол жердің тұрғындары саябақты осындай күйге жеткізген. Ғимараттардағы жылу батареясына дейін ұрлап, ештеңені де қалдырмай қиратты. Сондай қитұрқы әрекеттерді көре тұра, мен қалай әрі қарай ол жерді дамытамын, жұмыс жасаймын? Жұмыс жасау, тіпті, мүмкін емес. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дегендей, өзіміздің өңірдің адамдары сол жерді күйреткен. Шөлмектерін алып келеді, отырып ащы судан ішеді. Төбелеседі, сындырады. Бұл – кейбір пенделердің жабайылығы деп ойлаймын өз басым. Сол үшін де әкімдік «сатып алам» дегесін бірден келістім. Бірақ оны қашан алатынын мен нақты білмеймін. Мүмкін, қазынада әзір сатып алуға қаражат жоқ та шығар, ол жағын білмеймін ғой. Оның үстіне, маған келген хатта жалғыз мен емес, 200-ге жуық адамның тізімі тұрды. Соған сәйкес мемлекетке өтетін жалғыз менің емес, 6, 7, 8-ауылдағы өзге де жерлер, одан бөлек мекемелер мен жекеменшік үйлер де бар. Егер әкімдіктің бас жоспарына сәйкес менің үйімнің қақ ортасынан жол түсетін болса, онда мен пәтерімді де әкімдікке өткізуім керек болады. Заң солай. Сен келісесің бе, келіспейсің бе, бәрібір. Бірақ әкімдік өтемақымды төлеп немесе басқа жер беруі тиіс. Ал ел ішіндегі «Саябақтың тасталқанын шығарған жеке кәсіпкердің өзі» деген әңгімелермен келіспеймін. Мен мемлекет заңын құрметтейтін адаммын. Ол жерді сатып алғаннан кейін не істесем де өзім білемін ғой. Мұны әкімге де талай айттым. Бірақ халыққа түсіндіре алмадым,-дейді саябақтың қазіргі халіне жауап ретінде.
«ҚАМЫСКӨЛ» АТАУЫ ҚАЙТАРЫЛСА...
Көз көріп, құлақ естіп отырған бұл саябақ - қаншама жылыойлықтың балалық пен жастық шағы өткен көрікті орнына айналғаны рас. Қаншама қызжігіттің отау құруына себепші болып, соншама досты табыстырып, осыншама жанұяның ыстық ықыласына айналған саябақтың қазіргі күйі кім-кімнің де жанына батады. Бұл туралы 8-учаске тұрғыны Серік Ясин:
- Мен 1962 жылы дүниеге келдім. Есімді білгелі осы ауылда ойнап өстім. Ол кезде бұл жер Құлсарыдағы ең тамаша мекен еді. Үлкен кісілерден естуімше, 1949- 1950 жылдары мұнда «Қамыскөл» елді мекені құрылған. «Қамыскөл» саябағының ішіндегі сақталған ескі тұрбада да «1955» деген жазу әлі күнге тұр. Сол өткен ғасырдың 50-жылдардың басында 8-ауылға барак үйлер салына бастады. Ал 1955- 1956 жылы осы «Қамыскөл» саябағы бой көтерді. Менің бала кезімде, сол 70-жылдардың басында үйлерге келіп тұрған су түгілі, былайғы көшелерде де су болмады. Бірақ осы «Қамыскөл» саябағына қасындағы көлден мотормен су тартылып, суарылып тұратын. Саябақтағы шыбықтар тез өсіп, орман сияқты қалың боп бой көтерді. Талдардың биіктігінен, қалыңдығынан ішінде жүрген адамдардың өздері көрінбейтін, тек дауысы ғана алыстан естіліп тұрушы еді. Бір тал қураса, орнына екінші бір шыбық егіліп жатты. Жастардың билейтін, волейбол ойнайтын, спортпен шұғылданатын орындары да табылды. Саябаққа беттейтін тұста «Мир» деген клуб болды. Ары қарай жүре бергенде үлкен қақпасы тұрғанын білесіздер. Одан әрі кірсеңіз шағын қақпалары болды. Одан өткенде үлкен жағажайды көретін едік. Энергетик Арон Қорғанбаев дейтін ағамыз болды. Саябаққа қамқорлық танытқан нағыз жанашыр жан еді. Ол кісі сыртындағы шарбағында кішкентай тесік пайда болып, бір бұрышы ашық қалса, түннің бір уағы ауғанына да қарамай, дәнекерлеуші адамды оятып, ертіп әкеліп, міндетті түрде сол жерді бітейтін. «Мал кіріп, талды жеп кете ме» деп алаңдап, құр жата алмайтын еді. Міне, сондай азаматтардың арқасында «Қамыскөл» өз алдына қалашық ретінде гүлденді, құлпырды. Ал бертін келе, яғни 2000-жылдары бұл саябақ жекеменшікке өтіп кетті. Шет елдерде көріп жүрміз ғой, жекеменшік ғимараттардың қалай сәнденіп, ерекше дамып кететінін. Соған сеніп, «Саябағымыз одан әрі өркен жаятын болды-ау» деп қуанғанымыз рас. Бірақ қуанышымыз су сепкендей басылды. Саябақ қазір іс жүзінде иесіз қалды. Бұрын тоқтаусыз жүріп жататын су да тоқтады. Талдың бәрі себепсіз кесілді. Шыны керек, қазір ол жер құдды бір соғыс болғандай қаңырады да қалды. Кірудің өзі қорқынышты. Одан бөлек, үлкендер білетін болар, қала ішінен бізге қарай кіріп келе жатқанда «Камысколь поселок энергетиков» деген жазу болды. Яғни, Құлсарының орталығынан қатынаған адамдар «Қамыскөлге келе жатырмыз» дейтін де, керісінше қалаға қарай шыққанда «Қамыскөлден Құлсарыға бара жатырмыз» дейтін. Сонда бұл аудан орталығындағы өз алдына бөлек, басқа елді мекендер қызыға да, қызғана қарайтын, ел ішінде ауыз толтырып айтатындай ең тамаша қалашық болды. Кейінгі жылдары қала ішіндегі ауыл-ауылдарға «Береке», «Кең Жылыой», «Жадырасын», «Атырау» деген секілді есімді еншілетіп, өз алдына «ықшам аудан» деп атап кетті ғой. Ал біздің «Қамыскөлге» «Атамұра» деген атау тақты. Шыны керек, халық бұл атауды білмейді де, қолданбайды да. Білгенінің көкейінде «Осы жердің тұрғындарымен неге ақылдасып қоймады екен» деген реніші де жоқ емес. Меніңше, 8-учаскеге бұрынғы «Қамыскөл» атауын қайтарған абзал. Бұл осындағы тұрғындардың да тілегі,-деп өткеннің естелігімен бөліскен ол өз ой-пікірін де білдіріп қалды.
Ал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы Бауыржан Жанафияұлы бұл мәселе аясында:
-8-учаскеде орналасқан саябақтың нақты қанша шақырымды құрайтынын білмедім. Бірақ саябаққа байланысты 2023 жылы 11-ші желтоқсанда мемлекет мұқтаждығы үшін аталған жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі №419 қаулы жарық көрді. Алайда ол құжатта тек қана осы саябақтың аумағы ғана емес, мемлекетке қайтарылатын өзге де учаскелер бар болғасын, оның үстіне, олардың құжаттары дұрыс рәсімделмегендіктен жалпылама жасалатын бағалау жұмыстары кідіріп қалды. Ол мәселелердің бәрі қазір шешілді. Жақын арада бағалау жүргізіліп, нәтижесі шығады. Алдағы уақытта бұл жер мемлекет меншігіне өткеннен кейін бас жоспарымызға сәйкес кері демалыс орнына айналуы мүмкін. Бірақ оған әлі нақты жоба жасақталмады. Қазіргі таңда қаулының орындалу мерзімі ұзартылды. Бағалаушы мекеме өз жұмыстарын жасап жатыр. Егер саябақтың иесі жазбаша түрде өтінім беріп, «Мен осы бағаға келісемін» десе, онда 2 айда жұмыс аяқталады. Яғни, сол уақыт ішінде саябақ мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін,-деді.
Иә, ел аузында «Қамыскөл» аталып кеткен бұл саябақтың қала жұртшылығына тым қажет екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Ендеше жұрт болып жұдырықтай жұмылып, тарихы терең саябақтың жұмысын қайта жандандырсақ, бұл аудан тұрғындарының ауызбіршілігінің де айқын дәлелі болар еді-ау. Десек те, демалыс орнының ел игілігіне қайта берілетін күні де алыс емес секілді. Егер жақын арада ол мемлекет меншігіне өтіп, қаламыздағы саябақтар қатарын толықтырса, онда құзырлы орындардың санға емес, сапаға мән бергенін қалар едік. Қос ғасырдың куәгеріне айналған «Қамыскөл» саябағының игілігін келер ұрпақ та көруі тиіс.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ