Орынды талап, заңды мүдде

 Өткен дүйсенбіде әлеуметтік желілерден бір топ жұмысшылардың өз басшыларына қойған талаптары туралы бейнежазба тарады. Кейін белгілі болғанындай, бұл Теңіз кенішіндегі «Caspian Offshore Construction Realty» (COCR) компаниясының мердігері «Кәсіби таңдау» ЖШС-ның қойма қызметкерлері болып шықты. Ал COCR өз кезегінде Теңіз кен орнында тасымалдау қызметін көрсететінТШО-ның мердігер мекемесі екен.

    Олар  компания басшылығынан өз жалақыларын 50 пайызға көтеруді және 28 күндікпен еңбек ететін жұмысшылар жұмыс жасау тәсілін 14 күндік вахталық әдіске ауыстыру туралы талап қойған.

   «Ақ Жайық» сайтының хабарлауынша, жұмысшылар осыған дейін де ТШО компаниясының бас директоры Уильям Лакобиға, СОСR-дың бас директоры Аджай Майкқа және «Кәсіби таңдау» ЖШС-ның директоры Айнұр Смитке жалақыны көтеру туралы жазбаша өтініш жолдапты. Олар қазіргі инфляция, бағаның өсуі және ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғарылауына байланысты қазіргі алып отырған айлығының жұмысшылар отбасының тұрмыстық қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмайтынын алға тартқан. Жұмысшылар жалақыны көтеру еңбек өнімділігі мен жауапкершілікті арттыруға ықпал ететінін мәлімдеді. Қызметкерлер үш жұмыс күн ішінде ресми жауап беруді талап етті.

  21 сәуірдегі таралған жазба жұмысшылардың осыған дейінгі компания басшыларына қойған өз талаптарын ауызша қайталап жолдаған бейнеүндеуі болып шықты. Онда қойма және жүк тиеу қызметінің жұмысшы-қызметкерлері адал әрі тұрақты түрде еңбек етіп келе жатқанын көрсетіп, еңбекақыны 50 пайызға дейін көтеруді  сұрады. Ұжымдық үндеуге 140-тан астам адам қол қойғаны белгілі болды.

  Қазіргі таңда өндіріс ошағында жұмыс жалғасып жатыр және тоқтатылған жоқ делінген ресми ақпаратта. Және өткен сейсенбі күні жұмысшылармен келіссөз жүріп жатырғаны хабарланды. Онда аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, аудан прокуроры Еркебұлан Ермеков және мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Игілік Әубекеровтер барып, мәселенің ақ-қарасын анықтауға тырысты. Ал кеше, яғни, сәрсенбі күні компания басшылығының уәдесі алынғаннан кейін жұмысшылар тарап, жұмыс орындарына оралғанын білдік. Бірақ жалақыны көтеру туралы талаптары әлі ашық күйінде қалған.  

   Компания басшылығы мекеменің өз бағдарламасы мен жоспары негізінде жыл сайын жалақы мен нарық бағасына талдау жүргізіп, жыл аяғында жұмысшы-қызметкерлердің еңбекақысын көтеріп тұратынын мәлімдеді. Бірақ қанша пайызға өсетіні белгісіз. «Оны компанияның жүргізген талдау қорытындысы шешеді» - дейді И.Әубекеров.  

   Сондай-ақ, жұмыс тәсілін 14 күндікке ауыстыру туралы да нақты шешім шықпады.Тек айлықта айтарлықтай айырма болып, еңбекақының екі есе төмендеп кететіні айтылды.

Өз тілшімізден

Сурет ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT