«Қоғамда ер мен әйел тең» десек те...

ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ - ҚОҒАМДЫҚ ӨМІРДІҢ БАРЛЫҚ САЛАЛАРЫНДА ЕРЛЕР МЕН ӘЙЕЛДЕРДІҢ ТЕҢДІГІНЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТ. АЛ ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК САЯСАТЫНЫҢ АЛҒА ЖЫЛЖУЫ ҮШІН ӘЙЕЛДЕРГЕ САЯСИ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ӨМІРГЕ АРАЛАСУ ҚАЖЕТ.


БІЗДІҢ ЕЛІМІЗДЕ ГЕНДЕРЛІК САЯСАТТЫҢ МІНДЕТТЕРІНЕ МЫНАЛАР ЖАТАДЫ: БИЛІК ҚҰРЫЛЫМЫНА ӘЙЕЛДЕР МЕН ЕРЛЕРДІҢ ТЕҢ ҚАТЫСУЫ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕРДІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ, ОТБАСЫНДАҒЫ ТЕҢ ҚҰҚЫҚТАР МЕН МІНДЕТТЕР ҮШІН ТАЛАПТАР ҚҰРУ, БІЗДІҢ ҚОҒАМЫМЫЗДЫҢ ДАМУЫНДА ӘЙЕЛДЕРДІҢ РӨЛІН БҰДАН ӘРІ ДАМЫТУ ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР АШАТЫН ШЕШІМДЕР.

Қоғамда гендерлік теңсіздік көріністерін отбасындағы ұрыс-жанжалдан, соның ішінде ер-азаматтардың жұбайына қол жұмсау деректерінен көруге болады. Осының салдарынан көптеген шаңырақ шайқалып, неке бұзылып жатады.
2021 жылдың 10 айында аудандық сот арқылы 99 ерлі-зайыптының некесі бұзылған екен. Ажырасу жөніндегі азаматтық істердің басым көпшілігінде ер мен әйелдің мінездері үйлеспей, соның кесірінен бірін-бір сыйламай, аяғы әйелі соққыға жығылған деректер болған. Осындай жағымсыз оқиғалардың алдын алу үшін, әрине, қоғам болып күрес жүргізліп, көптеген іс-шаралар қолға алынып келеді. Соның бірі - 2009 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңы қабылданып, ол 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.
Соның нәтижесінде елімізде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер құрылды. Содан бері тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау ұйғарымдарының саны жылдан жылға өсуде. Қазақстанның барлық өңірінде ондай нәзік жандарға тегін медициналық-әлеуметтік, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-психологиялық көмектер беріліп, сондай-ақ уақытша баспана болатын дағдарыс орталықтары жұмыс жасауда. Осылайша, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасында белгілі бір прогреске қол жеткізілді.
Үйде орындалатын барлық міндеттер, соның ішінде бала тәрбиелеу әйелге жүктеледі. Сонымен бірге әйел қоғамдық еңбекке де ерлермен бірдей қатысады. Осыдан келіп тұрмыстық дискриминация туындайды.
Аудандық соттың 2021 жылғы 10 айлық статистикалық есебіне сүйенсек, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Зорлау» деп аталатын 120 және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» деген 121-баптарымен 2 қылмыстық іс түскен. Әйелге қатысты зорлық мәселесі қоғамдағы гендерлік дискриминация тудыратын құбылыс болып есептеледі. Дискриминацияның бірден-бір қауіпті түрі - қылмыстық жауапкершілік. Соның ішінде әйелдерге қатысты(зорлау, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу және сексуалдық сипаттағы басқа да зорлаушылық іс-әрекеттер) зорлық-зомбылықтың көрсетілуі болып табылады. Ол аздай әйелдерді жұмысқа қабылдауда, карьералық баспалдақ бойынша жоғарылауында жынысына байланысты оның абыройын кемсіту секілді құқығы мен бостандықтарын шектеу немесе таптау болып табылатын жабық дискриминация түрі де бар. Рас, соңғы жылдары билік құрылымдарында әйелдердің саны өсуде. Дегенмен оларды қызметтік деңгейлері бойынша қарастыратын болсақ, бұл сан азая түсер еді. Әйелдің жоғары біліміне, біліктілігіне, ұқыптылығына, атқарушы қабілетіне қарамастан (әсіресе, әйел репродуктивті жаста болса) жұмыс беруші бос қызмет орнына ер адамды қабылдағанды дұрыс деп санайды. Мұның себебі: әйел декреттік демалысқа кеткенде жұмыс берушіге қолайсыз жағдай тудырады. Сондықтан да көптеген әйелдер білім беру, денсаулық сақтау сияқты жалақысы төмен дәстүрлі «әйелдік» салаларда қызмет етеді. Ер мен әйел арасындағы салалық және кәсіби дифференциация еңбекақы деңгейіне де ықпал етеді. Салалардағы еңбекақының деңгейі ерлердің жұмысбастылығының өсуіне, сәйкесінше жалақысы төмен жұмыстарға әйелдердің ығыстырылуына алып келеді
Елдегі әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін шешу үшін қолға алынатиын шараның негізгі үш тобын қабылдау қажет: ұлттық заңдылықты және оның орындалу механизмін жетілдіру; зорлық құрбанына көмек көрсету және оның ақталуына кепілдік беретін әлеуметтік қызметтің кең тараған жүйесін құру. Сонымен бірге, Бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен білім беру бағдарламасы және ағарту жұмыстарын күшейтіп, сол арқылы алдын алу шараларын қабылдау.
Гендерлік теңдік деңгейі артқан сайын, отбасы мүшелерінің өздерінің тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындаудағы жауапкершілігі, тепе-теңдігі мен нәтижелілігі де жоғары болады.


А.ОСПАНОВА
аудандық сот кеңсесінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521