Каспий мәселесі – әлем назарында

Өткен аптада еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Тяньцзинь қаласында өткен «Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» тақырыбына арналған «ШЫҰ плюс» саммитіне қатысты. Онда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қытайдың төрағалығы аясында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы халықаралық қоғамдастықтағы өз позициясын айтарлықтай күшейткеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, былтыр Астанадан бастау алған «ШЫҰ плюс» форматы Ұйымның күн тәртібімен үйлесім тапқан. Көптеген мемлекеттің қызығушылығын туғызған ұйым қазіргі заманның өзекті проблемаларын көтеретін нәтижелі пікір алмасу алаңына айнала бастады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте әлемдік деңгейдегі ең өзекті мәселелерді көтеріп, Қазақстанның жаһандық бастамаларын жария етті. Соның бірі - Шанхай ынтымақтастық ұйымына Су мәселелерін зерттеу жөніндегі орталық ашуды ұсынуы еді. Бұл ретте Мемлекет басшысы экология саласындағы ықпалдастықты маңызды міндет деп атады.

- Климат өзгерісі шекара таңдамай, әлемнің көптеген елі мен өңіріне қауіп төндіріп отыр. Нақты қатерлерге, мәселен, шөлейттенуге, құрғақшылыққа, су қоймаларының тартылуына, мұздықтардың еруіне және басқа да экологиялық мәселелерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеу өзекті. Сондықтан Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдаймыз,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президентіміздің бұл бастамасы Қазақстан үшін, соның ішінде Атырау аймағы мен Жылыой өңірі үшін де өзекті мәселе. Өйткені Жайық пен Жем өзендерінен Каспийге құйылатын су көлемі жылдан жылға тартылып, азайып бара жатқаны анық. Соның салдарынан теңіз жылдан жылға тартылып, айдынының ортасында аралдар пайда бола бастады. Бұл, сөз жоқ, халықаралық деңгейде көтеріліп, ғылыми тұрғыдан зерттеуді қажет етеді.

Сондықтан "ШЫҰ плюс" саммитінде сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев климат мәселесіне айрықша назар аудара отырып, Каспий теңізі мәселесіне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, Каспий теңізінің жағдайы мүшкіл.

- Бүгінгідей беделді форум аясында өте шетін, дегенмен күрделі мәселеге тоқталғым келеді. Бұл - Каспий теңізінің мүшкіл хәлі. Жағдай экологиялық апатқа ұласуы мүмкін. Аталған проблема ШЫҰ аясындағы ұзақ мерзімді консультацияның басым бағытына айналғаны жөн.

Осы себепті бүгін Астанада ШЫҰ жанынан Су проблемасын талдау орталығын құру туралы ұсыныс айттым. Таяуда Алматыда БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік орнықты даму орталығы ашылды.

Бұл біздің көпжақты дипломатияға бейіл екенімізді көрсетеді. Орайлы сәтті пайдаланып, барлық серіктеске Өңірлік экологиялық саммитті келесі жылы сәуір айында Астанада өткізу туралы шешім қабылданғанын хабарлаймын,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінен, Қазақстандағы экологиялық ахуал әлем назар аударарлық жағдайға жеткенін аңғарамыз. Соның ішінде Каспий теңізінің жағдайы мүшкіл екенін, мұның соңы экологиялық апатқа әкеп соқтыруы мүмкіндігін көрсетеді.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT