Қамыскөлге қамқорлық керек

Халықтың болашақтан күтері көп. Экономикалық, әлеуметтік, материалдық тұрғыдағы талаптардың шегі жоқ. Бұл - орынды. Халықтың тілегі ескерусіз қалмауы керек. Бірақ онымен бірге адамның тіршілігі де соған сай болуы тиіс. Бүгінгі мақалада - талабы таудай тұрғындардың, өкінішке қарай, Құлсары қаласына көрік беріп тұрған Қамыскөл көліне өз қолымен жасап отырған қиянаты туралы сөз қозғамақпыз.

Қамыскөл жағасында тұратын тұрақты тұрғын ретінде мен бұл көлдің жылдар бойғы жай-күйін көз алдымда көріп келемін. Бірде арнасынан аса жаздап, тасып, бірде күрт тартылып кетіп, тұрғындарды алаңдатқан, шыдамын тауысып шырылдатқан кездері де болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қамыскөлге су келмей құрғақшылық басталған жаз әлі есімізде. Сол сәтте, ауыл жанашырлары дабыл қағып, көлдің жойылып кетпеуі үшін тосқауыл болды. Ал мен сол сәтте балаң көңілмен халықтың табиғатқа деген жанашырлығы күшті, туған өлкеге деген махаббаты шексіз деп ойладым. Қамыскөлді көздің қарашығындай сақтап, құрғатпайтын халықтың барына сендім.

Бірақ арада бірнеше жылдар өтіп, Қамыскөл жағалауына аяқ басқан сәтте-ақ сол кездегі балаң көңіліме орнығып қалған қуанышым су сепкендей басылды. Көпке топырақ шашпасақ та, адамдардың жылдар бойы қайталайтын, табиғатқа жасаған әдепсіз әрекеттерін немен түсіндіреміз?

Дәлірек айтар болсақ, Құлсары қаласының 8-учаскесінің іргесіндегі Қамыскөл жағалауы бүгінгі таңда бақылаусыз, қараусыз күйге түскендей. Бұл тәртіп пен талаптың әлсіздігінен бе, әлде тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігінің төмендігінен бе, дөп басып айту қиын. Бірақ бір нәрсе анық: жағалаудағы қоқыс жыл өткен сайын көбейіп, бірте-бірте жағалау полигонға айналып бара жатқандай. Әрине, оған адамдардың жағымсыз әрекеті тікелей себеп. Өйткені лас қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтарды тастап, көл жағалауын бүлдіріп жатқан жұрт алыстан келмейді, өзіміздің ауылдың тұрғындары.

Көл тағдыры тек табиғаттың ғана емес, адамның да қолында. Егер әрбір тұрғын өзінен бастап тазалықты сақтаса, табиғат та мейіріммен жауап береді. Өйткені ол тек сыртқы көрініс емес, ішкі мәдениеттің айнасы. Сонымен қатар, көл – адам үшін тек су көзі ғана емес, таза ауада тынығу, жанға жайлы тыныштық табу мекені. Сол көл жағасында демалған әр адам артында қоқыс емес, жақсы әсер қалдыруы тиіс емес пе?!

Иә, табиғаттың сыйын тиімді пайдаланған жан, ең алдымен, оған деген құрметін тазалықпен көрсеткені абзал. Себебі тазалық адамның өзіне деген адалдығы мен ілтипатының белгісі. Ал Қамыскөл жағалауында бөтелке сынықтары, тамақ қалдықтары, пластик бөтелкелер секілді қоршаған ортаға зиянды қалдықтар көптеп кездеседі. Бұл тек көл көркіне ғана емес, ондағы тіршілік атаулыға қауіп төндіретін жағдай. Мұндай бейқамдық экожүйенің бұзылуына, тіпті адам өміріне де қатер төндіруі мүмкін.

Осындай оқиғалардан кейін Қамыскөлдің ластануы, шомылуға тыйым салынуы, тіпті адам денсаулығына зиян келтіруі туралы шектеулер қойылса, кім кінәлі болмақ? Табиғатты қорғаудың орнына, оны өз қолымызбен улап, көз алдымызда өшіріп жатсақ, қалай ақтала аламыз?

Біз бүгін тазалықты сақтамасақ, ертең табиғат бізге сол әрекетпен жауап қайтарады. Көлдің суы тартылып, жағалауы жарамсыз күйге түссе, бұл табиғаттың емес, адамның салғырттығының салдары, адамның жауапсыздығы.

Табиғат бізбен сөйлеспейді, ол үнсіз бақылайды, үнсіз жауап береді. Қамыскөл – соның айқын дәлелі. Егер біз осы үнсіздіктен жағалаудың жанайқайын ұғынып, табиғатпен үйлесімді өмір сүрсек, табиғат та мейіріммен қайтарады. Ал егер өз қолымызбен ластап, құндылығымыздан айырылып жатсақ, ол ешкімге емес, өзімізге өкпе. Келер ұрпақтың алдындағы қиянатымыз.

Иә, айдынымен қаланың айнасына айналып, әсемдігін айқара ашып, шырайлы шағын шаһардың көркіне көрік қосып тұрған Қамыскөліміз барша Жылыой жұртына ортақ байлық. Ендеше, көлдің жағалауын таза ұстау – барша Жылыой халқының парызы екенін ұмытпайық!

Ә.Ғалымжан,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

журналистика факультетінің 2-курс студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT