Ежірейген ұл мен бедірейген қыз қайдан шығады?

Жасыратыны жоқ, елімізде жастар арасындағы ұсақ құқық бұзушылық пен тәртіпке бағынбау деректері артып келеді. Бір қарағанда, аса ауыр емес болып көрінгенімен, алдын алмасақ арты келешекте үлкен қылмысқа ұласып кетпесіне кім кепіл?! Бұл тұста бесіктен бастау алатын тәрбиенің өзегі бос болса, ертеңгі ересек өмірдің іргетасы әлсіз боларын ұмытпаған жөн.

«Қырық үйден тыйым» болмаса...

Бүгінде өңірдегі осы жасөспірімдер мәселесі төңірегінде аудандық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері жиі бас қатырып, өз отырысының күн тәртібіне енгізіп, талқылап жүр. Десек те, мектеп жасындағы ұл-қыздардың сана-сезімінен бе, иә тәрбиесінен, иә өз ортасының әсерінен бе, бұл тақырыпқа әлі де нүкте қойылмай келеді. Оған жуырда өткен осы комиссия мүшелерінің кезекті отырысы дәлел.

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиынның алғашқы мәселесі кәмелет жасқа толмаған қос қыздың оқиғасымен басталды. Аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшыларына учаскелік дәрігер хабарласып, қыздардың бірі дене жарақатымен емханаға қаралып жатқандығын жеткізген.

Сөйтсек, оқиға былай болған. Қаладағы білім ордасының бірінде оқитын 10 «б» сынып оқушысы 10 «ә»-дағы құрбысын көруге барып, артқы партаның біріне жайғасады. Ұстаздарының айтуынша, бұл қоңырау уақыты болса керек. Өзге сабақ бөлмесіне кіріп келген оны сол сыныптың оқушысы байқап, есікті қағып кірмегені үшін шығуын талап етеді. Ал 10 «б» сыныптың қызы оның сөзіне мән бермей, балағат сөзбен жауап қатқан. Түсініспеушілік осы жерден туындады. Өзіне қарата айтылған балағат сөзді естіген қыз көрші сыныптан келген «қонақтың» жанына барып, ашулы күйде оның екі қолы мен білегін тырнап алған. Нәтижесінде жәбір алған оқушы аудандық орталық аурухана дәрігерлерінің көмегіне жүгініп, ашық дене жарақатымен емделеді. Дене жарақатын салған 10 «ә» сыныбында оқитын жасөспірімнің ата-анасына қатысты құжаттар жинақталып, әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамында болуына байланысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл төлеуге әкеп соқтырған.

Сынып жетекшісінің сөзінен кейін білгеніміздей, қыздар арасындағы мұндай ұрыс-керіс жиі орын алатын көрінеді. Ол «Шудың басында көбіне 10 «б» сыныбының оқушысы тұрады» дейді. Қоңырау уақытында өз бөлмесінде отырмай, өзге сыныптарды кезіп жүретін оқушы қыз тыныш жүрмей, үнемі ұрысып, лас сөздермен өзі қатарлы құрбысының намысына тиеді екен.

Осы оқиғадан кейін екі қыздың да анасы бір-бірінің үстінен арызданып, мәселені одан әрі ушықтырған. Осылайша оқушылар арасындағы түсініспеушіліктің арты аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысының талқылауына дейін жеткен.

Комиссия мүшелерінің алдына келген қос қыз жасаған іс-әрекетіне ұяла ма десек, керісінше, өз-өздерін ақтап әлекке түсті. Сөз таласына аналары да қосылып, үлкен жиналыс үстінде өз балаларын жақтап жарыса түсті. Тіпті, ересек адам бола тұра, комиссия мүшелерімен сөз таластырғаны орынсыз болды. «Түймедейді түйедей қылып», ақыры іс насырға шауып, соңында 10 «б» сынып оқушысының отбасы «Жайсыз жанұя» ретінде аудандық полиция бөлімінің есебіне алынды. Оның үстіне ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабымен: «Ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру, олардың құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға күтім жасау және оларды күтіп-бағу жөніндегі шараларды орындамағаны» үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болды.

Жиені үшін шырылдаған әже

Күн тәртібіндегі келесі мәселе аудандағы көп қабатты пәтерлердің бірінде тұратын 2 баланың анасына қатысты болды. Орыс ұлтты келіншектің ішкілікке салынып, перзенттеріне бас-көз бола алмай жүргендігін аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бақылап жүр еді. Ақыры мәселенің мән-жайын комиссия отырысында шешуді дұрыс санаған. 1992 жылғы келіншектің анасының айтуынша, ол өз қызын осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейге фельдшер мамандығында білім алу үшін оқуға жіберген. Білікті мамандардан дәріс алуға кеткен бойжеткен сол жылдары орыс азаматымен танысып, ақыры жүкті болып қалады. Кейіннен іштегі сәбиін өмірге әкелу үшін Құлсарыға қайтып келіп, тұрғылықты мекен-жайында тұңғышын қолына алады. Арада жылдар өткеннен кейін анасы оны қайтадан «білімін жалғастырсын» деген ниетпен Ақтау қаласындағы медицина колледжіне оқуға түсіреді. Ол жақта Корея елінің азаматымен танысып, екінші баласына жүкті болады. Кейін Қарағанды қаласына барып жолдасымен некеге отырып, сол жерде дүниеге тағы да сәби әкеледі.

Алайда қос перзентінің тәрбиесіне көңіл бөлудің орнына, жолдасымен қосылып жарыса ішімдік ішкен ол күнәлі іске құмар болып алады. Оны естіген Құлсарыдағы анасы 2024 жылы қызы мен оның бір ұл, бір қызын өз үйіне көшіріп әкеледі. Бірақ, ащы суға деген құмарлық қала мен баспана ауыстырса да басылмайды, күнделікті жаман әдетін Құлсарыға келіп те жалғастырады.

Аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың алдына қызы мен екі жиенін ертіп келген алпысты алқымдаған ана бұл істің арты жақсылыққа апармайтынын білсе де, жиын басында бірден қызына соңғы рет кешірім беруін сұрады. Ал өңірдің полиция сақшылары қызының өзгермейтінін айтып, екі перзентін балалар үйіне өткізуді талап етті.

Осы тұста әңгімеге бастауыш сынып оқушыларының мұғалімдері де араласты. Ұстаздардың сөзіне сүйенсек, апалы-інілі қос бауыр сабақты жақсы оқып, білім ордасында өздерін өте салмақты ұстайтын көрінеді. «Жүріс-тұрыстары да ұқыпты, киген киімі де бүтін әрі тап-таза» дейді олар. Бұның бәрі жиендерінің тәрбиесін өз қолына алған нағашы әжесінің қамқорлығы болса керек. Вахталық қызметте жасайтын ол жұмысқа кеткен уақытында немерелері үшін алаңдайтынын жасырмады. Себебі қызы ішімдіктің соңына түсіп, кейде үйдің тыныштығын бұзады екен. Десе де, олардың балалар үйіне бармауы үшін өзінің қолынан келгеннің барлығын жасайтынын жеткізіп, керек десе жұмыстан шығып, тек үйде отыратындығын айтып өтінді. Қазақ тілінде сайрап тұрған орыс әжейдің әр сөзінен немереге деген жылулық есіп тұрды, тіпті, бойынан қазақ әжелерінің даналығына тән болмысты да байқауға болатын. Әңгіме арасында комиссия мүшелері кішкентай жиендеріне: «Әжелеріңді жақсы көресіңдер ме?» деген сауал қойды. Олар «Әрине!» деген жауап беріп, әжелерін құшақтай алды.

Комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақова маскүнем келіншектен ішімдіктен алыстамаса, балаларынан айырылатынын ескертіп, оған белгілі уақыт төңірегінде емге баруын ұсынды. Ал оған келіншек келісетінін айтты. Ал білімге құштар балалардың тағдыры талқыға түскен комиссиямен арада жасалған келісім нәтижесінде екі баланың нағашы әжесі жұмыстан шығып, немере тәрбиесімен тұрақты айналысатын болды. Ал аналары жақын күндері ішімдікке қарсы ем алу курстарын бастайды. Бұл шешім комиссия мүшелерін қуантқаны рас. Себебі бейкүнә балалардың мөлдіреген жанарынан олардың ана мейірімі мен әже жанының жылуынан жырақтап, балдәурен шағын балалар үйінің қабырғасында өткізгісі келмейтінін аңғардық.

Түнгі жортуыл

Кәмелет жасқа толмаған төрт жасөспірімнің мына бір оқиғасы наурыз айының басында болған. Ата-анасының жеке шаруаларымен Атырауға кетіп қалғанын пайдаланған 2009 жылғы мектеп оқушысы өзінің үш досына хабарласып, үйіне қонуға шақырады. Ұсынысы аяқсыз қалмай, кешқұрым 2008, 2009, 2010 жылғы достар бас қосады. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожасы» болмаған төртеу түнгі сағат 04:30 – да үйіне қонған досының «идеясымен» үй иесінің «Лада приора» маркалы көлігін айдап кетеді де, орталық көшеден бір-ақ шығады. Көлік өз әкесінің мүлкі болған соң, темір тұлпардың тізгінін үй иесі – жасөспірімнің өзі ұстайды. «Ғанибет» дүкеніне бағыт алған бойда аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлеріне кезігеді. Қала халқы шырт ұйқыда жатқанда тәртіп сақшылары көше кезіп жүрген мектеп оқушыларына мән бермей қоймағаны анық. Нәтижесінде жүргізуші куәлігі жоқ, оның үстіне кәмелеттік жасқа жетпеген достар аудандық полиция бөлімінің ғимаратынан бір шыққан. Болған жайт жасөспірімдердің ата-аналарының құлағына жетіп, көлік тізгіндеген мектеп оқушысының әкесіне ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы, 3-бөлігімен ата-ана ретінде «кәмелетке толмаған баласын оқыту, тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны» үшін әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік іс Атырау қаласындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды.

Полиция қызметкерлері жиынға түн жорытқан төрт жасөспірім мен олардың ата-аналарын кіргізді. Өткен оқиғаны өз ауыздарымен әңгімелеп берген олар мұндай теріс әрекетті енді қайтып жасамайтынын айтып, кешірім сұрады. «Көлікті алғаш рет жүргізіп тұрсың ба?» деген сұрағына көлік тізгіндеген бала «Иә» деп жауап берді. Десе де, оған комиссия мүшелері сеніңкіремеді. Өйткені оның жеңіл автокөлікті емін-еркін жүргізіп, еш қорықпастан қала орталығына шығып кетуі себеп еді. Ал әкесі көлік кілтін ұмытып кеткенін айтады.

Комиссия мүшелерінің шешіміне сәйкес қатарлас достардың ата-аналарына айыппұл салынып, төртеуі де мектепішілік бақылауға алынатын болды.

Сабақтан қашқан он бес оқушы

Полиция бөліміне хабарласқан мектеп мұғалімдері бір күнде 15 қыз баланың бірдей мектепке келмей, сабақтан белгісіз себеппен қалғандығын айтып шағымданады. Іс бірден тергеуге алынып, полицейлердің жылдам әрекет етуінің нәтижесінде сыныптас қыздардың бірінің туған күні екендігі анықталады да, мектепке келмеген оқушылар туған күн иесінің үйінен табылады.

Оқиға күні түскі ауысымда жүрген мұғалімнің бірі өзі дәріс беретін сыныпта қыз балалардың түгелдей жоқ екендігін байқаған. Оны дереу мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасарына айтып, қосымша полиция бөліміне де хабарлаған. Істі анықтай келе, қыздардың тең жартысы ата-аналары арқылы сынып жетекшісінен отбасылық жағдайына байланысты сұранғаны белгілі болды. Ал қалған жартысы түскі сабақ басталар уақытқа бірнеше сағат қалғанда аяқасты «тісім ауырып қалды», «ішім түйіліп тұр» деп сылтауратып келмей қалған екен. Сөйтсек, олардың алдын ала құрған жоспары болып шыққан.

Сабақтан түрлі сылтау айтып, бір күнде бірге қалған қыздардың қылығы көп ұзамай аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысына жолданды. Оған полиция қызметкерлерінің шақыртуымен бір топ қыз бала мен олардың аналары да кірді.

Қыздары үшін жалған сөйлеп, өтірігі шығып қалған аналар ұяттан кірерге тесік таба алмай, қателік жасағанын сөз басында бірден мойындады. Туған күн иесі - 12 жасқа толып жатқан мектеп оқушысының анасы сөздің басын ашып, қызына мерекелік дастарханды сенбі немесе жексенбі жасауын өтінген екен. Бірақ анасының өтінішін орындамаған «бойжеткен» сабақ уақытында туған күніне арналған дастарханын жайып, өзімен бірге басқа да оқушылардың комиссия мүшелерінің алдына келуіне себепкер болды. Олардың туған күнде отырғанын мұғалімдер мектепте қалған сыныптастары арқылы білсе керек. Бірден үйіне жол бастаған екі-үш мұғалім қыздардың отырған жерін анықтап, бас сала кіріп барады. Алаңсыз туған күнін тойлап жатқан сыныптастарды сол бойда білім ордасындағы мектеп директорының кабинетінен бір-ақ шығарған. Артынша полиция қызметкерлері келіп, іс осылайша насырға шабады.

Иә, аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның негізгі мақсаты - осындай оқиғаға қатысы бар, ұсақ болса да құқық бұзған жасөспірімдерді қайта тәртіпке салып, ескерту, сондай-ақ мұндай жағдайдың кері қайталанбауын қадағалау. Сол себепті болар, полиция қызметкерінің ата-аналарды «Жайсыз жанұя» ретінде бөлім есебіне алу туралы ұсынысы қаралмай, айыппұл төлетумен ғана шектелді. Сөйтіп 5-сынып оқушылары енді мұғалімдердің қатаң бақылауында болатын болды.

Иә, бесіктен берілмеген тәлім мен мектептен түзелмеген мінез ертең қоғамға қауіп, ұлтқа салмақ салуы әбден мүмкін. Сондықтан кәмелет жасқа толмаған мектеп оқушылары мен жастардың тура жолдан тайқып кетпеуі үшін комиссия мүшелері мен ұстаздар, сондай-ақ ата-аналар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлесіп жұмыс істеп келеді. Өйткені, баланың әр тентектігіне – тыйым, әр сөзіне – назар, әр арманына қолдау қажет. Сонда ғана біз «балалықпен жасалған» әрекеттің арты өкінішке емес, өмірлік сабаққа айналғанын көреміз. Бұл ретте мектеп партасындағы бүгінгі жасөспірім ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстар азаматқа айналарын ұмытпауымыз керек.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT