Бүгінде өрімдей жастардың заң шеңберінен шығып, қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып барады. Білім мен ғылым бәсекелестігі арқылы жаңашылдық пен жаһандануға қол жеткізетін 21 ғасырда өмір сүре тұра қылмыс жасауға бейім болып келетін тәртібі қиын, бұзақы балалар ісі қоғам үшін ең күрделі дертке айналуда. Айдың-күннің аманында шуылдасқан итше бірін-бірі айтақтап, қатарластарына қарсы "атойлатып" шабатын жасөспірімдер төбелесі аудан көлемінде азаймай тұр. Бұрынғының батырлары жауға қарсы шоқпар алып шапса, бүгінгінің батырлары өз бауырына қарсы шөлмек алып шапшиды. Бірін бірі таяқпен қуып, аяусыз алысады.
Жалпы, бұл қатыгездік пен тәртіпсіздіктің, надандықтың түп-төркіні қайда жатыр? Алдымен соны сараптап көрелік... Жалпы Құлсарының жастары тентектігімен «танымал» болып болды. Топ-топ болып төбелесуді жасөспірім балалар мектеп қабырғасында-ақ бастап кетеді. Бәріне бірдей топырақ шашпасақ та көптеген оқушылар сабақ оқуды келістірмесе де, бұзақылық жасауға келгенде алдарына жан салмайды. Үлкен қалаларға студент болып барғанда туған жеріміз туралы "Құлсарыда көшеде кетіп бара жатсаң атып кетеді дейді ғой, сол рас па?" деген жантүршігерлік сауал қояды. Ауданда ауыл-ауыл болып жаппай төбелесіп, арты орны толмас қайғыға ұласып, бір үйдің үкілеген үміттерін жанбай жатып сөндірген жағдайлар да жиі кездеседі. Бозбала жастық дәуренді бастан кешіп, бүгінде кемеліне келген бір-бір үйдің отағасынан сұрай қалсаң баяғы бұзақылық әрекеттерін ұяла-қызара баяндайды. -Мектеп қабырғасында жүргенімізде тентентікті көп жасадық. Төбелес десе оқып жатқан оқулықты аспанға атып, тұра ұмтылатын едік. Ауыл-ауыл болып бөрідей шулағанымыз ештеңе емес, бір мектепте білім алып жатқан қатарлас-сыныптастарымызбен де болмашы нәрсеге ілініп, жаға жыртысқан жайттар аз болмайтын. Ал біз оқитын мектепке басқа мектептен жаңа оқушы көшіп келсе оны да түртпектеп жүргізбейміз, оңайлықпен қатарға қосқымыз келмей шеттете береміз. Өзімізден үлкендерге әліміз келмей бұйрығына бағынамыз, әлжуаздарға күн көрсетпейміз. Бір Құлсарыда кіндігіміз кесілсе де, аядай ғана ауылымызды "2- ауыл, 3-ауыл, 5-ауыл, 4-ауыл, микрорайонның балдары" деп қырыққа бөліп, төбелесіп, жауға шапқандай көзсіз ессіздікке барамыз. Мысалы: бірінші микрорайонның балалары, біздің ауылдың бір баласын көшеде соғып кетсе, келесі күні оның жалғасы ушығып, өш алу мақсатында жаппай төбелеске айналып кете барады. Тіпті, намысқа тырысып үп-үлкен басымызбен інімізді ұрып кетті деп, өзімізден бірнеше жас кіші балалармен төбелескеніміз бар. Бұл әлі күнге дейін қалмай келе жатқан індет. Кейде балалардың арасында біз секілді күші бойына сыймай жүрген сотқарлардың артынан ергісі келмей, топтан шыққысы келетіндер болады. Ол кезде "өзіміздің круг" дейміз ғой өзімізше. Сол кругтағы балалардың тең жартысы қорыққаннан бізге қосылып жүргендер. Арасында ерме, ақ көз тентектер де кездеседі. Олар төбелеске қашан да дайын тұрады. Кейбірінің сөмкесінде шөлмек, пышақ, тіпті пистолет секілді суық қарулар жүреді. Қазір ойласам солардың көбі не үшін төбелесіп, жауласып жүргендерін өздері де білмейтін секілді. Жалпы, сол уақытта ақымақ болғанымызды мойындаймын. Өзіміз қолдан жасап жүрген сол соғыстың кесірінен әлі күнге араз болып жүрген қатарластарымыз аз емес. Денемізде де сотқарлығымыздың салдарынан жасөспірім кезде жеген таяқтан қалған жара іздері аз емес.
Иә, біз жастықпен, балалықпен, білместікпен көп қателік жасадық. Бірақ, одан жақсы болмадық. Біздің жасаған бұзақылығымыз салдарынан ата-аналарымыз да аз уайым шекпеді. Кәмелеттік жасқа толмай жатып қолын қанға бояған жастар да көп болды сол кезеңдерде. Өкінішті! Мектептегі ұстаздарымызға бұзақылығымызбен танылып, тентектігімізбен естерінде мәңгі қалған болармыз. Ал ізімізден еріп келе жатқан жерлес інілеріме, кіші буынға бұл ісіміздің бұрыс болғанын, надандық қылық көрсеткенімізді жеткізгім келеді. Қазір күшпен емес, біліммен жарысатын заман, - дейді құлсарылық бір кейіпкеріміз.
Сол бүгінде орта жасқа келген азаматтың естелік әңгімелеріне сүйенсек, төбелес жайы осылай өрбиді екен. Иә, бұл өткен шақтағы ессіз естеліктер. Бірақ, атадан балаға қалғандай болып бүгінге дейін жойылмай келе жатқан аудандағы жастар арасындағы төбелес Жылыойды жалпақ жұртқа масқаралап, қасиетті атауына кір келтірген жағымсыз оқиға болып тұр. Былтыр ала жаздай бір-бірімен арпалысқан, тәрбие тізгінінен кеткен жастардың төбелесінен көз ашпадық. Қазіргідей барлық жағдай жасалған тоқшылық пен кеңшілік уақытында бұзақы жастарға не жетпейді? Үйдегі ата-ана тарапынан қадағалаудың болмауы ма, мектептегі тәрбие мен білімнің аздығы ма, үлгі-өнеге көрсететін мәдениетті ортаның қалыптаспауы ма, әлде іш пыстырарлық бос уақыттың көп болуы ма? Жалпы осы және басқа да фактілердің ықпалынан да балалар бұзақылық жасауға құмар келетіні жасырын емес. Кім тойып секіреді, кім тоңып секіреді, ол жағы белгісіз...
Былтыр аудан жаңалықтарын тарататын әлеуметтік желідегі парақшаларды былай қойғанда облыс, республика көлеміндегі сайттар мен парақшаларда осы Жылыойдың «батыр» жастары «хит» болды. Бір ауданда тұратын жерлес жастардың жауыздығы желі қолданушылардың жағасын ұстатты. Енді, ескі жылда ессіздіктер ұмытылып, жаңа жылда жаңашылдық пен дамуға бет бұрамыз ба десек, жылдың басы тағы төбелеспен басталды. Таяуда ғана Жаңа Қаратон кентінің жасөспірімдері төбелесіп, қылмыс орын алған. Соған сай, облыстан арнайы өкілдер келіп, тиісті шараларды қолға алып, аудандағы жалпы орта білім беретін мектептерге, колледждерге барып оқушылармен, студенттермен кездесулер өткізді. Олардың қатарында облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев, облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалары жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Орынгүл Күшқалиева, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Арман Нәсіпкерей, аудандық прокуратурасының прокуроры Талғат Аюповтар қаңтар айының басында Т.Байсырымов атындағы Құлсары гуманитарлық техникалық колледжі, Құлсары Мед-профил колледжі, Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ колледжі студенттерімен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесудің мақсаты да сол жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, студенттер тарапынан болатын қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу, болдырмау.
Қоғамдағы өзекті мәселе қазіргі таңда жасөспірімдердің тәртіп мәселесі болып отыр. Е.Биғамбаев сөз соңында мәдениет болмай тәртіп қалыптаспайтынын атап өтті. Бұдан әрі бұл кездесулер аудандағы мектептерде жалғасын тапты.
2023 жылдың 12 айының қорытындысымен облыс жасөспірімдерінің арасында болған 70-тің үстінде қылмыс тіркелген. Оның ішінде, «бұзақылық» және «қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» қылмыстары бойынша жыл басынан бері 22 жасөспірімге қатысты 11 қылмыстық іс қозғалып, олардың 8-і екі тараптың татуласуына байланысты өндіріспен қысқартылған. 3 жасөспірімге қатысты іс сотқа жолданып, оларға 1 жылдан 2 жылға дейін шартты түрде жаза тағайындалды. Ал Жылыой ауданында орын алған қылмыстардың басым көпшілігі ҚР ҚК-нің 293 бабымен «бұзақылық»-5, 106 бабымен «қасақана ауыр дене жарақатын салу»-2, 107 бабымен «орташа дәрежедегі дене жарақатын салу»-2, 188 бабымен «ұрлық» қылмысы»-2, 191 бабымен «тонау» қылмысымен-1, барлығы 12 қылмыс орын алып отыр. Одан басқа, ата-анасына бағынбай өз бетімен көше кезіп жүретіндер де көбейіп келеді. Түн кезіп, арынан айырылып, ішімдік пен темекіге үйір болып жүрген «болашақ аналар да» ауданда аз емес...
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді қазақ. Сол себепті келешекте ел тізгінін ұстар ұлы тұлғалар қалыптассын десек, бала тәрбиесіне мұқият болайық. Ауыл-ауыл болып төбелесу – нағыз надандықтың белгісі. Соны үйдегі ата-ана балаларының құлағына әбден сіңіруі керек.
Ш.ХАМИТОВА