Каспий теңізінің Атырау облысындағы жағалауынан батпақай (кефаль) балығы қырылған жерді тікұшақпен іздеп жатыр. Әзірге өлі балық табылған жоқ.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Мәншүк Темешеваның мәліметінше, 29 тамызда әлеуметтік желіде батпақай балығының қырылғаны туралы видео тараған.
Осыған байланысты басқарманың қызметкерлері 29 және 30 тамызда Каспий теңізінің жағалауын тексерген. Онда Атырау облысындағы Ракуша, Тереңөзек, сондай-ақ, Маңғыстау өңіріндегі Қаламқас және Қаражанбас учаскелері бар.
«Біз облыстық балық шаруашылығы басқармасының өкілдерімен бірлесіп, Каспий теңізі жағалауының басым бөлігін зерттедік. Мәселен, Атырау облысындағы Ракуша, Тереңөзек, Прорва, Прорва теңіз каналы жағалауларын араладық. Іздеуді маңғыстаулық мамандар да жүргізіп жатыр. Әзірге өлі балық табылған жоқ. Біз тірі батпақайдың шоғырын көрдік. Кеше теңіз жағалауын әуеден барлау үшін МИ-8 тікұшағы тартылды», -деп хабарлады Мәншүк Темешева.
Оның айтуынша, бүгін, 31 тамызда тікұшақпен Каспий теңізінің Атырау мен Маңғыстау облыстарының шекарасындағы жағалауы тексеріледі. Сондай-ақ, Маңғыстау облысының аумағындағы Қаламқас және Қаражанбас кен орындарына таяу маңдағы жағалау учаскелері зерттелетін болады.