Атырау облысында атыс қаруын сақтау тәртібін бұзған - 84, қаруын тіркемеген 17 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Заңсыз сақталған үш қару мен бір электрлі шокер анықталды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір аумағында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
«Іс-шара аясында тұрғындардан заңсыз сақталған 1 тегіс ұңғылы, 1 шолақ ұңғылы қару, 1 электрлі шокер, 1 қолдан жасалған қару табылды. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабымен (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) 1 қылмыстық іс тіркелді. Ал, 2 адам 482-бапқа сәйкес (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, іс-шара кезінде ішкі істер органдарының есебінде тұрған азаматтық атыс қаруы бар 1 304 адам тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексерілді. Тексеру нәтижесімен азаматтық атыс қаруын сақтау тәртібін бұзғаны үшін 84, азаматтық атыс қаруын тіркеу немесе қайта тіркеуден өткізбегені үшін 17 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.