«АЛДАТӨМПЕК» ЖАЙЛАҒАН АУЫЛ

Ондаған жылдан бері Майкөмген тұрғындарының басты мәселесіне айналған «термиттерден» құтылудың амалы әлі күнге табылмай келеді. Ел арасында «аққұмырсқа», «алдатөмпек» деп аталып кеткен, шөп-шөңгеден бастап ағашқа дейін кеміретін бұл зиянкестер ауыл халқының басты бас ауруына айналғалы қашан?! Бүгінде олар ауданнан шалғай жатқан шағын ауылдан бөлек, Майкөмген мен Құлсары аралығындағы далалық алқапқа да таралып барады. Бірте-бірте көбейіп, аудан орталығына қарай беттеп келе жатқаны да алаңдатады. Сазды топырақта мекендеп, ылғалды ыңғайлы көретін жәндіктер ауыл тұрғындарының айтуынша ірі қара, мал жайына тиіспейді. Адамға да зияны жоқ. Десек те, әр үйдің табалдырығын тоздырып, төбесін ортасына түсіріп, мал қорасын шетінен жеп жатырған көрінеді. Өкінішке қарай, өзекті мәселені ауылдың жанашырлары жоғарғы жаққа қанша айтса да, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып тұр.

Иә, айтқандай, тұрғындардың жанайқайы бекер болмады. «Мың рет естігенше, бір рет көр» дегендей, «термитті» көрмекке арнайылап алыстағы ауылға бардық. Алдымыздан күтіп алған Майкөмген тұрғыны Інжу Ермекбаева өзінің анасының үйіне жол бастап барып, бізге баспананың бүгінгі жағдайымен таныстырды. Табалдырықтан аттай сала үйдің кіреберісінің төбесі жоқ екенін байқадық. Сөйтсек, барлық бөлменің де төбежабындысының қабатын жәндіктер жеп, үй иелерін жарықсыз қа лдырған екен. Қуықтай бір бөлмеде ғана күнелтіп, термиттің кесірінен тіршілігін жасай алмай жүрген анасы мен баласы аққұмырсқалардан құтылу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаса керек. Бұл мәселе жөнінде ауыл тұрғыны Інжу Ермекбаева толығырақ түсіндіріп, сөзін бастады.

-Мына баспана өзімнің туған інім Телман деген жігіттің үйі. Анамыз екеуі тұрады бұл үйде. 2022 жылы анам мен бауырымды ауылдың орталығына көшіру мақсатында осы үйді сатып алып бердім. Саудаласу барысында «жерінде алдатөмпек бар» дегенді естідік. Бірақ тап мынадай жағдайға жетеді деп ойламадық, шыны керек. Үйді аларда бұл жарқырап тұрған пәтер болды, оның үстіне баспананың бұрынғы иелері бұл жәндіктің аулада барын, бірақ уақытылы тазалап отырса кететінін айтып, ескертті. Сөйтіп арада 2 жыл уақыт өткеннен кейін, яғни, 2024-тің күзінде үйдегілер қоңырау шалды. «Ойбай, Інжу, төбеміз құлап жатыр» деген анамның жанайқайынан шошып кеттім. Асыға басып, інімнің шаңырағына жетіп келсем, төбені сол «алдатөмпектер» ортасына түсірген болып шықты. Алдымен, бір бөлменің төбесі құлады, кейін екіншісі, кейіннен бәрі құлады. Біздің игеруге мүмкіндігіміз болмай кетті. Біз бұл жәндіктен құтылудың түрлі амалын іздестірдік. Ағайын-тумамыздан «Бейнеуде термитке қарсы шөп-дәрі бар екен, соны үйдің әр жеріне қойса, жәндіктер соны жеп, өледі екен» дегенді естіп 90 000 теңгеге 18-ін алып, баспананың әр бұрышына орналастырдық. Нәтижесі, міне, көріп тұрғаныңыздай, түк те көмектеспеді,-дейді ашынып.

– «Термиттерді» ас үйде қолданылатын сірке қышқылымен де көзін құртуға болатынын естідік. Бірақ бүтін бір үй мен оның ауласындағы жәндікті кетіру үшін қанша литр сірке қышқылы қажет болары белгісіз. Сайып келгенде, ол қалтаға салмақ салары анық. Баспана иесі Телман Ермекбаев әкімдіктен үйді қайта жөндеуді де, жеке бас шаруасына көмектесуді де сұрамайтынын жеткізді. Ол тек бүтін ауылдың мазасын қашырған түймедей жәндіктің көзін біржолата құртудың амалын тапса дейді. Ауыл үлкендерінің сөзінше, уақ жәндіктер Маңғыстау облысының Боранқұл ауылынан келген. «Ондағы тұрғындар үйді түгелдей бетон тастан салып жатыр» дейді олар. Құрылыстың мұндай түрі Майкөмген ауылында да бастау алып, баспанасын бетон тастан тұрғызғандар бар болып шықты.

Бір күнде 30 мыңға дейін жұмыртқалайтын «аққұмырсқалар» жөнінде ауыл әкімі Нұржарық Сауытов та өз ойын білдірді. «Бұған ғылыми зерттеу керек деп ойлаймын» деп сөзін бастаған ол:

-Бұл енді табиғаттың заңдылығы. Көзі көрмегенмен, титтей болғанымен тез көбейеді. Ауылымызда бұрыннан бар. Әр үй өзінің қолынан келгенінше дәрі-дәрмегін сеуіп, улап жатыр. Мен бұл мәселе төңірегінде аудандағы, облыстағы осы салада жұмыс жасайтын мамандармен сөйлестім. Олар тек дезинфекция жасайтынын, бірақ ол толықтай жәндіктерді кетірмейтінін жеткізді. Енді бұл мәселемен ғылыми-зерттеу институттары айналыспаса, біздің қолымыздан келетін шара жоқ. Әрине, жәндіктерді көбейтпеудің ама лын қарастыруымыз қажет. Бірақ қолдан келер амал аз. Мен тек әлеуметтік желіге жариялап, бізде осындай мәселе барын таратып жүрмін,- дейді Майкөмген ауылдық округінің әкімі Нұржарық Сауытов.

Ал Майкөмген ауылынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Әлібек Амандықов Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне осы мәселе негізінде депутаттық ұсынысын жолдағанын айтып, хабарын күтіп жүргендігін жеткізді. Иә, бұл жыл сайын қайталанатын мәселе болса да әзірге шешімін таппай келеді. Бүгінде «аққұмырсқалар» Майкөмгенге Маңғыстау облысының Боранқұл ауылынан «қоныс аударып», аудан орталығы Құлсары қаласына қарай беттеп келеді. Оны күн өткен сайын көбейіп бара жатқан Майкөмген-Құлсары тас жолының екі жағындағы төмпешіктерден байқауға болады. Табиғат-ананың тынысын тарылтып, тұрғынның тыныштығын бұзып, айдың-күннің аманында ағайынның шаңырағын ортасына түсірген бұл ахуалға қазірден бастап шындап көңіл бөлмесе, ертеңіне бармақ тістеп қаларымыз хақ. Сондықтан тез таралатын «термиттер» мәселесін мемлекеттік деңгейде көтеріп, күрделеніп кетпеуіне күш салуымыз қажет-ау!

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT