Алаяқтардан абай болыңыз!

Қазіргі таңда интернет алаяқтықтың әдістері күрделеніп, жаңа қылмыс түрлері пайда болуда. Соның ішінде «дропперлер» алаяқтарға көмектесіп, жәбірленушілердің қаражатын заңсыз аудару немесе шешу әрекеттерін жүзеге асырады. Кибералаяқтар жаңа тәсілдермен қылмыс жасауын әлі де тоқтатар емес. Әлеуметтік желілер мен ақпараттық компаниялар арқылы азаматтар үнемі ескертіліп, алаяқтықтың алдын алу шаралары жүргізілгеніне қарамастан алаяқтардың құрбаны болған азаматтардың да саны азаймай отыр.Киберқылмыстың жаңа схемасының өршуі туралы жергілікті заңгер Жадыра Жұмабайқызы газетімізге берген сұхбатында атап өтті.

– «Дроппер» алаяқтығына ресми тұрғыда қандай түсінік беруге болады? Қазіргі уақытта мұндай қылмыстардың көбеюіне қандай факторлар әсер етіп отыр?

 – Дроппер алаяқтық қылмыстарды жүзеге асыру барысында өз банк шотын немесе төлем картасын үшінші тұлғаларға пайдалануға беретін адам. Бұл тұлғалар арқылы заңсыз жолмен алынған қаражаттар аударылады немесе қолма-қол ақшаға айналдырылады. Интернет пен онлайн қаржылық қызметтердің кеңінен қолданылуы интернет алаяқтық қылмыстарының көбеюіне негізгі себептердің бірі болып отыр. Қазіргі таңда азаматтардың басым бөлігі банк операцияларын, коммуналдық төлемдерді, онлайн сауданы және түрлі қаржылық қызметтерді қашықтан, мобильді қосымшалар арқылы жүзеге асырады. Бұл өз кезегінде алаяқтар үшін қолайлы жағдай туғызып, қылмыстық әрекеттерін жеңіл әрі жедел ұйымдастыруға мүмкіндік беруде. Алаяқтар технологияның дамуына байланысты өз әдістерін үнемі жетілдіріп, жалған қоңыраулар, фишинг сілтемелер, жалған интернет-сайттар, әлеуметтік желілер арқылы хабарласу және өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстыру сияқты тәсілдерді кеңінен қолдануда. Осы жерде айта кететінім, еңбекке етене араласып үлгермеген студент жастар көп алданып қалып жатыр. Олар азаматтарды психологиялық тұрғыда қысымға алып, асықтыру немесе қорқыту арқылы ойлануға мүмкіндік бермей, заңсыз қаржылық операциялар жасауға итермелейді. Сонымен қатар, бұл мәселе тек республикалық деңгейде ғана емес, жергілікті деңгейде де өзекті болып отыр. Атап айтқанда, ауданымызда да интернет алаяқтық фактілері тұрақты түрде тіркелуде. Орта есеппен алғанда, ай сайын шамамен 10-ға жуық тұрғын интернет алаяқтық дерегі бойынша заңгер қызметін тұтынуға келеді. Бұл көрсеткіш интернет алаяқтықтың жүйелі сипат алып келе жатқанын және алдын алу, түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айқын көрсетеді.Осыған байланысты құқық қорғау органдары мен жауапты мемлекеттік мекемелер тарапынан профилактикалық шаралар, ақпараттық түсіндіру жұмыстары және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытындағы іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Алайда алаяқтардың тәсілдері де үнемі өзгеріп, жаңарып отырғандықтан, бұл бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғаса беруі тиіс.

– «Жеңіл табыс» жарнамалары дропперлік әдіске қалай алып келеді?

 – Дропперлік схемалар көбіне әлеуметтік желілер арқылы «оңай табыс», «қосымша жұмыс», «үйден шықпай ақша табу» сияқты ұсыныстар арқылы жүзеге асады. Алаяқтар мұндай жарнамалар арқылы азаматтарды өз банк карталарын немесе шоттарын уақытша пайдалануға көндіреді. Нәтижесінде, азаматтар байқамай қылмыстық әрекетке қатысушы болып қалуы мүмкін,яғни олардың шоттары арқылы заңсыз алынған қаражат айналымға түсіп, үшінші тұлғалардың ақшасы қолды болады. Мысалы, жақында ғана осындай схема бойынша жас студент «TikTok» желісі арқылы жеңіл табыс туралы жарнаманы көріп, көрсетілген шотқа ақша аудару ұсынысын қабылдаған.Алаяқтар бұл қаражатты заңсыз иемденіп, студенттің атына несие рәсімдеу үшін пайдаланған. Нәтижесінде, ақша аударған азамат та, студент те жәбірленуші болып қалып, студент 2 миллион теңге қарызға кіріп, өтеуге заң жүзінде мәжбүр болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өз шотын үшінші тұлғаларға пайдалануға берген азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылуы әбден мүмкін.Осыған байланысты ата-аналарға, студенттер мен жастарға «үйден отырып жеңіл ақша табу» деген жарнамаларға сақтықпен қарау қажеттігін ескерткім келеді. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде мұндай күмәнді ұсыныстар өте көп таралған. Сондықтан заңсыз және күмәнді табыс көздеріне қызықпай, қаржылық және құқықтық қауіпсіздікке аса жауапкершілікпен қарау маңызды.

– Студенттердің дропперлік схемаларға жиі тартылатынын атап өттіңіз. Алаяқтардың дроппер ретінде студенттерді таңдауының негізгі себептері қандай? Сонымен қатар азаматтарға түсінікті болуы үшін дропперлік схема қалай жүзеге асатынын нақты мысалмен түсіндіріп өтсеңіз.

– Қазіргі кезде алаяқтар дропперлік схемаларға студенттерді жиі тартатыны айтылып жүр. Оның негізгі себебі студенттердің әдетте қаржылық тәуелсіздіктің болмауы, тәжірибенің аздығы және интернеттегі қауіпсіздік дағдыларының жеткіліксіздігі. Сонымен қатар студенттер өздерінің қаржылық қиындықтарын шешу үшін тез пайда табудың жолын іздейді, сондықтан олар үшін қарапайым және тез ақша табу идеясы оңайырақ көрінеді. Алаяқтар мұны өз пайдасына пайдаланып, студенттерді дроппер ретінде тартуға тырысады. Дроппер дегеніміз алаяққа ақша немесе тауарды заңсыз жолмен жеткізетін делдал, яғни ол заңсыз әрекеттерге қатысады, бірақ әдетте барлық жауапкершілікті сезбейді немесе түсінбейді деп есептейді. Дропперлік схема қалай жүзеге асатынын нақты мысал арқылы түсіндіруге болады. Мысалы, жақында ғана менің қызметіме Алматы қаласында оқитын студент қыз ата-анасымен бірге келіп, алаяқтарға тап болғанын айтты. Ең алдымен ол әлеуметтік желіде «жеңіл табыс» ұсынған парақшадан хабарлама алып,бірден келісе кетеді. Виртуалды көмекші: «Сізге біреу тауарды сатып алушыға жіберуді тапсырады және сіз әр сәт түскен ақшаны аударып, белгілі бір соммасын өзіңізге алып отырасыз» деп жеңіл ақша табуға әбден қызықтырады. Студент сеніп, өзінің жеке деректері мен банктік шотын береді. Содан кейін ол өзі сияқты бірақ мүлдем басқа жолмен алданып келіп түскен ақшаны, алаяқтардың айтқан шоттарына аударып отырады. Нәтижесінде,студент заңсыз әрекеттерге қатысып қалғанын осы сәтте байқамай қалады, ал жауапкершілігі заң алдында сақталады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін азаматтарға бірнеше сақтық шараларын сақтау қажет. Біріншіден, белгісіз адамдардан келген ұсыныстарға сенбеу керек, әсіресе тез ақша табу немесе тек ақшаны аударып отырсаңыз болады деген ұсыныстарға мүлдем сенбеу керек. Екіншіден, интернетте жеке деректер мен банктік шот туралы ақпаратты ешкімге бермеу қажет. Үшіншіден, тауарларды немесе ақшаны сенімсіз адамдарға жеткізуден бас тарту керек, әсіресе егер ол заңсыз әрекетке қатысуды талап етсе. Төртіншіден, күмән тудыратын ұсынысқа тап болсаңыз, ата-анаға немесе сенімді ересек адамға кеңес алу керек. Ал егер студент немесе азамат заңсыздыққа қатысып қалды деп күмәнданса, құқық қорғау органдарына дереу хабарласу маңызды.

– Дроппер ретінде тартылған азамат заң алдында қандай жауапкершілікке тартылады?

 – Дропперлік әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңа енгізілген 232 1 бап («Банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және немесе ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру») бойынша қарастырылады. Бұл бап 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап күшіне енді. 232 1 баптың негізгі мәні толығырақ: егер адам өзінің банктік шотына, төлем құралдарына немесе сәйкестендіру құралдарына (мысалы, банк картасына, интернет банкинг логині мен пароліне) үшінші тұлғаға заңсыз қолжетімділік берсе немесе оларды өз еркімен пайдалануға берсе, сондай-ақ осы шоттар арқылы төлемдер мен ақша аударымдарын материалдық сыйақы немесе пайда алу мақсатында жасаса, онда ол дропперлік әрекетке қатысушы болып есептеледі. Бұл әрекеттер, әдетте, интернет алаяқтықтың схемалары ішінде қолданылады және ұрланған қаражатты шығару немесе аудару мақсатында жүзеге асырылады. Заң бойынша бұл жауапкершілік қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады. Айыптар мен санкциялар бойынша құқық бұзушыларға айыппұл салу, мүлікті тәркілеу, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары көзделген. Яғни, дроппер ретінде тартылған адам Қылмыстық кодекстің 232 1 бабы бойынша жауапқа тартылады.

– Заңгер маманы ретінде интернет алаяқтықтың құрбандарына қандай құқықтық көмек көрсетесіздер?

– Заңгер дроппер схемаларының құрбандарына бірнеше бағытта құқықтық көмек көрсетеді. Біріншіден, азаматтарға интернеттегі күмәнді ұсыныстар мен алаяқтық схемалардан қалай сақтану керектігі, қаржылық және құқықтық тәуекелдер туралы толық ақпарат беру, өз банк шотын немесе картасын үшінші тұлғаларға бермеу жөнінде ескерту жүргізіледі. Екіншіден, құқық қорғау органдарында өкілдік жасау арқылы клиентті полиция, прокуратура немесе сот алдында қорғау, дәлелдемелер жинау, арыздар мен шағымдарды дұрыс рәсімдеуге көмек көрсету жүзеге асырылады. Үшіншіден, егер азамат немесе оның ата-анасы дропперлік схемалардың нәтижесінде қаржылық шығынға ұшыраса, заңгер ақша қайтару жолдары, талап қою рәсімдері және құқықтық механизмдерді түсіндіреді. Төртіншіден, егер азамат өз шотын алаяқтарға берген болса, бірақ кейін құқық қорғау органдарына хабарлап, қылмыстың ашылуына белсенді түрде көмектессе, заңгер жаза жеңілдету немесе толық босату мүмкіндіктерін бағалайды. Сонымен қатар заңгер азаматтарға ешқашан белгісіз адамдарға банктік деректер мен карталарды бермеу, кез-келген жарнамаларға сенбеу және шоттар мен карталарды қорғау үшін банкпен қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша нақты ұсынымдар береді. Осылайша, заңгердің негізгі қызметі дропперлік схемалардың құрбандарына құқықтық қауіпсіздік, материалдық шығындарды азайту және заң алдында қорғаныс қамтамасыз ету болып табылады, сондай-ақ азаматтарды осындай схемалардан сақтандыру бойынша практикалық кеңестер ұсынады. Осыған байланысты заңгер ретінде барша азаматтарды интернеттегі күмәнді ұсыныстардан сақ болуға, қаржылық және құқықтық қауіпсіздікке аса жауапкершілікпен қарауға шақырамын.

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT