23 000 дана балық құтқарылды

Апта басында әлеуметтік желілерде Қосшағылдан 30 шақырым жерде орналасқан ауылдық округ аумағына қарасты Ордабай көлінде ұсақ балықтардың қырылып жатқаны туралы хабарлама тарады. Елдің назарын бұрғызған бейнебаянды көрген Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Теңіз балық инспекциясы бөлімінің мамандары жай қарап отыра алмады. Жедел түрде ауданға жетіп, тиісті шұғыл шарасын алды.

   Балықтар Қосшағыл мен Айранкөл кен орыны аралығындағы жолдың үстіндегі екінші көпірдің астына жиналған суда болып шықты. Оған шабақтарды құтқаруға барған Теңіз балық инспекциясының мамандарымен бірге оқиға орнына келгенде көз жеткіздік. Бізбен бірге аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жәнібек Сабыров, Қосшағыл ауылдық округінің әкімі Жанғазы Берікұлы да болды. Олар, алдымен,өлген балықтарды Ордабай көлі маңына көміп, тірі шабақтарды Құлсары қаласының маңындағы Қамыскөл көліне тасымалдап жеткізіп, мұзды ойып, айдынға жіберді. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Теңіз балық инспекция бөлімінің бас маманы Исабек Гумаров құтқару жұмыстары жөнінде былай деді:

    -«Жылыой ауданы маңында балық өліп жатыр» деген ақпарат бізге 4 ақпан күні келіп түсті. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін мамандарымыз қызметтік автокөлікпен келіп аралап, көзбен көріп, тексеру жұмыстарын жүргізді. Іс барысында Ордабай көлінен бөлініп қалған шағын суда балықтардың қалып қойғаны анықталды. Біріккен жұмыстың нәтижесінде 7 кг-дай су бетіне қалқып шыққан өлген шабақтары алынды. Және оларға арнайы шұңқыр қазылып, сол маңға көмілді. Ал тірі балықтар сүзгіш құралдармен сүзіп алынып, арнайы ыдысқа салынды. Оларды Қамыскөл көліне әкеліп, мұзды ойып, осында тірі күйінде жібердік. Бүгінгі есеппен құтқарылған балық саны 23 000 данадай болады,-деді.

 
 Ұсақ балықтарды құтқару жұмысы күндізгі
сағат 16.30-да басталып, кешкі сағат 19 жарымға дейін жалғасын тапты. Теңіз балық инспекциясы мамандарының айтуынша, жұмыс әлі де жалғасатын болады.   

 

                                                                Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT