Жұмыссыздарды жұбатқан жоба

Биылғы ақпан айында аудан қалың түскен ақтүтек қар мен ақшұнақ аязбен арпалысып жатқанда жұмыссыз жүрген жандар да ашуға мініп, аудан әкімдігінің алдына жиналғаны аян. Кейін аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде осы мәселеге байланысты алқалы жиын өтті. Онда аудан әкімі Жұмабек Қаражанов өңірде қос жобаның жүзеге асатынын алға тартты. Соның бірі – Теңіз кенішіндегі газды бөлу кешенінің құрылысы. Жақында республикалық бұқаралық ақпарат құралдары Теңіз кен орнындағы осы кешенді салатын компанияның атын жарыса жазды. Біз көп алысқа бармай-ақ, «Нефть и газ Казахстана» телеграм-арнасының хабарламасына сілтеме жасаған өңірдің «Ақ Жайық» сайтының ақпарына сүйендік.

Онда «ЕРС-келісім шарты итальяндық Tecnimont компаниясы басқаратын консорциумге берілді» - делінген. Ресми деректер «Upstream Online» мәліметіне сүйенеді. Онда келісім шарт құны 2 миллиард доллардан асатыны айтылған. Жобаға қол жеткізу үшін Оңтүстік Корея елінің «Hyundai Engineering» және испандық «Tecnicas Reunidas» компаниялары да таласқа түскен көрінеді. Бірақ жеме-жемге келгенде «Hyundai Engineering» құрылыс құнын оңтайландыру мәселесін талқылау кезеңінде үміткерліктен шығып қалған.

Мамандардың түсіндіруінше, болашақта салынатын газды бөлшектеу кешені – Теңіз кенішінен өндірілетін газдан этанды бөліп алуға бағытталған жоба. Ол биылғы наурыз айында Атырау аймағынан басталған полиэтилен өндіру зауытының шикізаты ретінде өндірілетін болады. Зауыт іске қосылса, жылына 1,25 млн. тонна полиэтилен шығаратын болады. Бүгінде бұл жобаға 7 млрд. доллар инвестиция құйылды. Ал Теңіз кенішіндегі кешенге келсек, қуаттылығы жылына 9,1 миллиард текше метр құрғақ газды құрайды және онда 1,6 миллион тонна этан өндіріледі деп жоспарланған. Ал жобаның операторы – «KMG Petrochem» компаниясы саналады. Жыл басында жұмыссыздарды жұбатқан ірі жоба жүзеге асса, шынымен де, қос қолына бір кәсіп көзін таба алмай жүрген біраз жылыойлықтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесері белгілі.

Е.ЕСЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT