Жаңа зауыт бой көтеріп келеді

«Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен 2017 жылы Теңіз кенішінде 28,7 млн тонна қара алтын өндіріп, тағы бір рекордтық көрсеткішке қол жеткізген еді. Сөйтіп, ТШО өнім өндіру көрсеткішін былтыр 4,1 пайызға арттыруға қол жеткізді.

 

Биылғы меже де жаман емес. Бір ғана 9 айдың көрсеткішіне көз салсақ, онда ТШО-лықтар жеті қат жер астынан 21,5 млн. тонна мұнай алыпты. Осы мерзім ішінде сұйытылған газ сату мөлшері 1 млн. тоннадан асып, 6,9 текше метр құрғақ газ өткізілді. Ал күкірт саудасы 1,8 млн. тоннаға жетті. Бұл ретте біріккен компанияның Қазақстанға төлеген қаржысының көлемі 7,2 млрд АҚШ долларынан асып жығылды. Жалпы қаңтар мен қыркүйек айларының ішінде ТШО қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануға 2,5 млрд доллар шамасында қаражат құйды. Оның 1,6 млрд-ы қазір кеніштің үшінші тынысына айналған Келешек кеңею жобасы - Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасына жұмсалды.

Үшінші зауыт демекші, бүгінде Теңіз төсінде ірі жобаны жүзеге асыру жұмыстары қарқын алды. Онда 45 мыңнан астам қазақстандық азамат еселі еңбек ету үстінде. Бұл ондағы жұмысшы-қызметкерлер санының 92 пайызын құрайды. Жоба басталғалы ТШО қазақстандық қамтуға 5 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы шығындады.

Өткен күзде жалғасын тапқан еліміздің «Ерсай» өндірістік алаңындағы құрастырмалы-модульдік эстакадаларды монтаждау жұмыстарының нәтижесінде олардың бірнешеуі Теңіз кенішіндегі құрылыс алаңына жеткізілген-ді. Италияның Авенца қаласындағы алаңда жасалып жатқан «Фрейм-9» газ турбиналы генераторларының алғашқы модульдері де маусым айында мұхит кемесіне тиелген еді. Ол Болгарияның Бургас қаласындағы жүкті ауыстырып тиеу базасы арқылы кемемен Ресей Федерациясының ішкі су жолдарымен тасымалданды. Зауыттың аталған алып құрылғылары да Каспий теңізінің терминалынан түсіріліп, Теңізден орын тепті. Құрастырмалы модульдік блоктар Оңтүстік Кореяда құрастырылып жатқан-ды. Оның алғашқы легі де мұхитты кешіп өтіп, Финляндияның Хамина қаласындағы базадан Ресей арқылы болашақ зауыт алаңына әкелінді.

Теңіз кен орнында жаңа жоғары қысымды алғашқы мұнай жинау жүйесінің құрылысы қарқын алды. Дәлірек айтқанда, ұңғы алаңдары мен құбыр желілерінде және өлшеуіш қондырғыларында негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқтала келді. Үшінші буын зауытында жалпы құрылыс және жерасты жұмыстары жалғасып, күзде құрастырмалы модульдік эстакадалардың алғашқы іргетасы қадалды. Сонымен бірге тасжолдар төселіп, бетон тасымалы қарқын алды. Электрмен жабдықтау жүйесінде базалық қосалқы станцияның негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары өз мәресіне жетіп келеді. Су қоймаларын тұрғызу, іргетастар құю, жерасты құбырлары мен кабельдерін жүргізу секілді істер қоса қабат атқарылуда.

Ең бастысы, мұнда еңбеккерлердің еңбек етуіне қолайлы жағдай туғызылған. Өндірістік нысандарда жеті асхана пайдалануға беріліп, қалтқысыз қызмет ету үстінде.

Ербол Қошақанов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521