Ауданның өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарының маңдай тері мен тынымсыз тірлігі – бүгінгі бейбіт өмірдің берекесі. Әсіресе ел экономикасының күре тамыры - мұнай-газ саласында күндіз-түні еңбек етіп жүрген азаматтар – өңірдің дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Сондай еңбек десе ішкен асын жерге қоятын жанның бірі - Құлсары мұнай құбырларыбасқармасының өндірістік қызмет көрсету базасының басшысы Мұхан Жәрдем.
Жәрдем Бердіғалиұлы жуырда Астана қаласынан зор марапатқа ие болып оралды. Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында конференция өткізілген еді. Онда «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығының ұйымдастыруымен «Еңбек сіңірген қызметкер» атты республикалық байқаудың жеңімпаздары да ұлығыланды. Бұл дүбірлі дода ел ішіндегі еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру және Президенттің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласында айтылғандай ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды анықтау мақсатында өтті. Міне, осы республикалық байқаудаан басқарманың өндірістік қызмет көрсету базасының басшысы Жәрдем Мұхан қоғам дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін «Үздік еңбек адамы» төсбелгісімен наградталды және орталық директоры Б.Сәлімгереевтің атынан І дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл сөз жоқ, жылыойлық азаматтың мұнай-газ саласындағы көп жылғы еңбегі мен қоғам өміріндегі абыройлы қызметін жоғары бағалағандықтың белгісі.
Әрине, Жәрдем Бердіғалиұлы осы саладағы еселі еңбек жолында бұған дейін де көптеген марапаттарға ие болды. Құрмет грамоталары мен төсбелгілерін айтпағанда, 2014 жылы Атырау облысы Кәсіподақтар Федерациясының, 2015 жылы «Қазақстанның құбыр көлігіне - 80 жыл» мерекесіне орай облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, 2019 жылы «Қазақстан мұнайына - 120 жыл», 2022 жылы «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапаттар – жылдар бойғы қажырлы еңбектің жемісі.
«Үздік еңбек адамы» Жәрдем Мұхан жастарға ақыл-кеңесін де аямайды:
– Ерінбей еңбек ету керек. «Еңбек етсең – емерсің, ерінбесең – жеңерсің» деген. Ауа райының ыстығына, суығына қарамай, жұмысты сапалы әрі қауіпсіз жүргізу ауадай қажет. Себебі оқыс оқиғалар ұсақ қателіктен туындайды. Адам өмірі – бәрінен қымбат. Жастар өз мамандығын жақсы көріп, соған шын көңілмен берілсе, міндетті түрде жетістікке жетеді. Менің шәкірттерім бар. Өз тәжірибемді үйретуге ешқашан жалыққан емеспін. Бір кезде жөндеуші(слесарь) болып еңбек етіп жүрген шәкірттерім қазір орталық аппаратта қызмет етуде. Құлсары мұнай құбырлары басқармасында да менің тәрбиемнен өткен мамандар цех басшысы, түрлі лауазымда еңбек етіп жүр.
Иә, осындай өз міндетіне адал, елге еңбегімен пайдасын тигізіп жүрген азаматтың өмірі – жастар үшін үлгі, ел үшін мақтаныш. Мұнай-газ саласы сияқты күрделі әрі жауапты салада жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, жас мамандарды тәрбиелеп, тәжірибесімен бөлісіп жүрген Жәрдем Мұхандай өндірісті тетігін тауып, ұтымды ұйымдастыра білетін басшылар барда өлкеміз өркендеп, өсе берері хақ.
Азамат МОЛДАШЕВ