ТШО қолдан келген көмекті көрсетті

Құлсары қаласы суға кетіп, халық қиын жағдайда қалғаны баршамызға белгілі. Осы кезде тұрғындар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, көмек қолын созды. Одан бөлек ауданда өз қызметін жүзеге асыратын «Теңізшевройл» компаниясы да үлкен қолдау көрсетті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, оның жасаған қамқорлығын бір еске салғанды жөн санадық.
Иә, қиын жағдайға тап болған жылыойлықтарға көмек қолын созған компаниялардың алғашқысы – «Теңізшеврой»л болды. Сәуірде ТШО және оның мердігер мекемелері аудан қажеттілігі үшін 100-ге жуық арнайы техника, 20 автобус, азық-түлік және жанар-жағармай ұсынды. Ал кейін Теңіз кен орнына 8000-ға жуық Құлсары қаласының және Тұрғызба ауылының тұрғындары эвакуацияланды. Олардың көпшілігі - балалы аналар мен қарттар. Араларында жүкті әйелдер де бар. Барлық тұрғындар жатын орынмен, ыстық тамақпен, қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етілді. Тіпті тұрғындарды күн сайын медициналық бақылаудан өткізіп, жүкті әйелдерге арнайы маман шақырылды.
- Бәріне де оңай болған жоқ. Су келе салысымен заттарымызды жинап, түнде Теңізге эвакуацияландық. Ол жерде өмір сүруге жақсы жағдай жасалған, өзімізді үйдегідей сезіндік. Тіпті тағамның түр-түрі беріліп, бізге жақсы қызмет көрсетілді, – дейді аудан тұрғыны Мақпал Шахарбаева.

Балаларға да ерекше көңіл бөлінді. Оларға түрлі ойындар ұйымдастырылып, тіпті кинотеатр ашылды. Кинотеатрда еліміздің ең ірі кинотеатрларында беріліп жатырған мультфильмдер көрсетілді. Ыңғайлы өмір сүруді және қашықтан оқытуды жалғастыруды қамтамасыз ету үшін Теңіздегі қалашықтарға иелік ететін мердігер компаниялар эвакуацияланған тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етті. Бұл балаларға осындай қиын-қыстау кезеңде үзбей білім алуға мүмкіндік беретін маңызды әрі жауапкершілігі мол қадам болды. Осылайша балалар Теңізде онлайн білім алды. Көпбалалы Қырмызы Жұмағали 7 сәуірде эвакуацияланып, Теңіз кен орнында тұрды. Оның бес баласының үшеуі онлайн білім алды.

– Балаларыма барлық жағдай жасалып, тіпті кеңсе тауарларымен де қамтамасыз етілді. Үстелдер де балаларға ыңғайлы етіп жабдықталды. Менің ойымша, бұл балаларға қиын жағдайға қарамастан оқуын жалғастыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам болды деп ойлаймын, - дейді көпбалалы ана.

Тұрғындарға ТШО мен мердігерлерден бөлек, еріктілер де көмектесті. Компания қызметкерлері гуманитарлық көмек жинап, ұшақпен Теңізге және Құлсарыға келіп, тұрғындарды керек-жарақтарымен қамтамасыз етті. ТШО баспасөз қызметі хабарлағандай, төрт күннің ішінде ТШО мен мердігер ұйымдардың қызметкерлері 4,5 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинаған. Көмекті қабылдаған еріктілер компания қызметкерлерінің жомарттығына таң қалды: бірі көпбалалы аналарға арналған импорттық азық-түлігі бар себет әкелсе, ал басқасы бүкіл отбасы үшін гигиеналық керек-жарақтарды жинаған. Құлсарылықтарға бірінші болып көмекке келген ТШО-ның мердігері – “Аspar Kashagan” ЖШС. Техникалық қолдау мен гуманитарлық көмектен бөлек, компания басшылығы өз жатақханаларында 700-ден астам адамды қабылдауға шешім қабылдады. Осылайша, мердігердің қалашығы 700 жылыойлықтың үйіне айналды.

-Біз Жылыой ауданында жұмыс істейміз және осындай қиын күндерде жерлестерімізге көмектескенімізге қуаныштымыз. Эвакуацияланған тұрғындар азық-түлікпен және медициналық көмекпен қамтамасыз етілді, – дейді “Аspar Kashagan” ЖШС-нің өндірістік менеджері Салтанат Сүлейменова.

Сондай-ақ Құлсарыдан эвакуацияланған әйелдер Теңіз қызметкерлеріне – біреулері аспаздарға, енді біреулері техникалық қызметкерлерге көмектесті. Олар осындай қиын сәттерде бір-біріне қолдау көрсету маңызды екенін түсініп, қол ұшын созды.

-Иә, бізге қызмет көрсетілді және өзімізді маңызды қонақ ретінде сезіндік. Бірақ таңертеңнен кешке дейін қол қусырып отырғымыз келмей, қызметкерлерге көмектестік. Бұның айыбы жоқ, керісінше, «Келісе пішкен тон келте болмас», - дейді Құлсарыдан эвакуацияланған әйелдің бірі.

Теңізде тұрғындар 1 шілдеге дейін тұрып, үйлеріне оралды. Бірақ олар Теңіз тек жақсы естеліктермен естерінде қалғанын айтты. Осыған дейін «Теңізшевройл» компаниясының ресми өкілі су басқан Құлсары тұрғындарына көмек көрсету үшін 2 миллиард теңге қаражат бөлінетінін хабарлаған болатын. ТШО мердігер компаниялармен бірлесе отырып, бөгет салуға және су тартып шығаруға көмектесу үшін Теңізден Құлсарыға арнайы техника, азық-түлік және жанар-жағармай тасымалдады. Компания отбасыларына қолдау көрсету үшін үйлеріне қайтып оралуға мәжбүр болған ТШО-ның барлық қызметкерлерінің әл-ауқатына айтарлықтай зиян келтірместен жағдай жасады.

Сонымен қатар, ТШО өзінің бизнес серіктестерімен бірге Атырау қаласының маңындағы Сарыөзек арнасының (Қара өзек) бойында бөгет салып, Атырау қаласын судан аман алып қалуға күш салды. Алмалы көпірі маңынан басталып Қара өзек арнасының бойына дейін созылатын бөгеттің ені 5 метр, биіктігі 3 метрді құрады. Құрылыс жұмыстарына 100 маман, 70 техника жұмылдырылған. Жұмыстар күндізгі және түнгі кезекшілікпен тәулік бойы жүрді. Құлсарыда жағдай тұрақталғанымен, көшелер мен үйлерді су басып жатты. Осы кезде Теңізден келген бірнеше суперсакер су сорғыш техникалары үйлерді судан тазартып, тұрғындарға көмектесті.
Мамырдың соңында ауданда ауыз су тапшылығы сезініп, ТШО Құлсары қаласының тұрғындарына бөтелкедегі су жеткізуді ұйымдастырды. Аз уақыт ішінде ТШО Құлсарыға 24 мың литр су жеткізді.

- Біздің өтінішімізді қанағаттандырып, қауіпсіз бөтелкедегі таза сумен қамтамасыз еткені үшін тұрғындар атынан ТШО-ға үлкен алғысымызды білдіреміз. Бұған дейін де компания қолдан келген көмекті көрсетіп келген еді. Көпбалалы отбасыларды, қарттарды сумен қамтамасыз еттік, – дейді аудан тұрғыны Раиса Телеубаева.

Сондай-ақ ТШО жанар-жағар май құюшылары екі айдан астам уақыт Құлсарыда жұмыс істеп, қажетті техникаларды отынмен қамтамасыз етті. Осы уақыт аралығында 560 мың литр жанар-жағар май халық игіліне жұмсалды.

- Екі айдан астам уақыт тәулік бойы Құлсары қаласындағы техникаларды жанар-жағар маймен қамтамасыз еттік. Нәтижесінде техникалар бір сағатқа да тұрмай, жұмыстарын жалғастырып, Құлсарыны қайта қалпына келтіруге атсалысты. Біз осындай кезеңде аудан тұрғындарымен бірге болғанымызға қуаныштымыз, - дейді ТШО қызметкерлері Саламат Сарбалин мен Сәрсен Ерболов.

Бұл игі істер «Теңізшевройлдың» әрқашанда Жылыой ауданы тұрғындарымен бірге екендігінің жарқын мысалы. Осы көмектің нәтижесінде аудан қайтадан қалпына келіп, күнделікті бейбіт өмірге оралуына себеп болғандай.
Қайрат Арман

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521