Теңіз кенішінде жұмыс жасайтын жылыойлықтар неге аз?

Жұмыссыздық – күн тәртібінен түспейтін ең өзекті мәселе болып тұр. Нақ іргеде орналасқан Теңіз кенішіндегі Үшінші буын зауытының құрылыс жұмыстары аяқталуына байланысты ірі мердігер мекемелердегі мыңдаған жұмысшының жаппай қысқартылуы онсыз да ең өткір мәселе боп саналатын жайтты одан әрмен күрделендіре түсті. Бір үйлі жанды, бала-шағасын бір өзі асырап жүрген азаматтар үшін бұл, әрине, қиынға соғып тұр. Өйткені, тамақ қымбат, коммуналдық төлемдердің бағасы да күн санап шарықтауда. Жылыой ауданы әкімдігінің «Теңізшевройл» компаниясына үнемі қойып отыратын бір талабы бар. Ол – Теңіз кенішіне осы жердің ауасын жұтып отырған жергілікті адамдардың басым бөлігін жұмыспен қамту. Бұл – жылда айтылып келе жатқан ұсыныс. Бірақ, мердігер мекемелер бұл ұсынысқа немқұрайлы қарайтын секілді.

Әсіресе, мүйізі қарағайдай, жалақысы көп мекемелер жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға келгенде маңайына да жолатқысы келмейтін сыңай танытады. Ол үшін қырық сылтау тауып, әйтеуір қызметтен қысқарту кезінде де жергілікті тұрғындарды бірінші «іліктіріп» жіберуде. Екі қолға бір күрек таба алмай, қайтсем отбасымды асыраймын деп амалы таусылғаннан ашынған тұрғындардың жағдайын аудан әкімдігі мен аудандық мәслихат жақсы біледі. Аудан әкімі мен мәслихат депутаттарына жұмыссыздығына шағымданып келетін тұрғындар өте көп.

Осы мәселе бойынша Теңіз кенішіндегі мекеме басшыларымен бетпе-бет жүздесіп, талқылау үшін өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова мен аудандық мәслихат депутаттары кенішке арнайы барды. 

Теңіз вахталық қалашығындағы кездесуді Гүлнафис Аязберікқызы ашып, жүргізіп отырды. Алдымен аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев сөз алды. Ол ауданымыздағы жылдан жылға көбейіп бара жатқан жұмыссыздар қатары мен осыған орай орын алып отырған күрделі ахуал туралы баяндады.

Мәслихат төрағасы сөз арасында жылыойлықтардың үлес салмағы аз мекемелер мен, керісінше, жергілікті халықты көбірек қамтып отырған компаниялардың атын атап, түсін түстеп берді. Біраз мекеменің жұмыссыздық мәселесіне немқұрайлы қарайтыны осы басқосуда да аңғарылып тұрды. Өйткені, көптеген мекеме басшысы маңызды кездесуге өздері келмей, өкілдерін жіберген. Бұған дейін белгілі болғандай, Теңіз кеніші басындағы жүздеген мекемеде жұмыс жасайтын Жылыой ауданы тұрғындарының саны өте аз. Мысалы, 600 адам жұмыс жасайтын ірі мекеменің бірі «Гате ИНШААТ»-та қазіргі таңда тек 14 қана жылыойлық азамат жұмыс жасайтын болып шықты. Ал «Даларо» компаниясындағы 812 қызметкердің 43-і ғана – жергілікті тұрғындар.

«Велесстрой» мекемесіндегі жұмысшылардың 3 пайызын ғана жылыойлықтар құрайды. «НовусБолашақ» мекемесіндегі 4 мыңға жуық адамның 391-і ғана – жергілікті халық. Ал «Сенімді Құрылыс» компаниясында 7 мың адам жұмыс жасаса, соның 1бір мыңы ғана – жылыойлықтар. Бұл ірі мекемелердегі ахһуалдан келтірілген мысалдар ғана.

Депутаттар мұның себебін сұрағанда, қашан да дайын тұратын бір жауап – «жылыойлықтардың бұл мекемелерде жұмыс жасауына мамандықтары сәйкес келмейді-мыс». Жұмысқа алғысы келмейтін басшылардың сылтауына қарасаңыз, «ауданда инженер, энергетик мамандар жоқ-мыс». Сонда жұмыс таба алмай жүрген жоғары білімді, дипломды жастар қайда?

Бұдан соң Жылыой аудандық мәслихатының депутаты, мамандығы гинеколог-акушер дәрігер Сәуле Мамбетова сөз кезегін алды:

-Бүгін Жылыой ауданы халқының, елдің аманатын айтқалы келдік. Өйткені, осы өндірістік база аудан орталығынан 100 шақырымдай жерде орналасқан. Халықтың көбі қазір – жұмыссыз. Азық-түлік бағасы күннен-күнге өсіп жатыр, ауданда отбасын, бала-шағасын асырау қазір өте қиын жағдайда. Сонда ауданымызда ағаш кесуші, жұмысшы мамандықтарын игерген жандар жоқ па? Қаншама жастарымыз жұмыссыз жүр. Сәуір айынан бері сіздерге депутаттық сауал жолдап, алдарыңыздан өтіп келеміз. Міне, «Гате ИНШААТ» компаниясы басшыларымен бұған дейін өзім халық қалаулысы ретінде жеке кездесіп, жергілікті жылыойлықтарды жұмыстан босатпауға, мүмкіндік болса, жұмысқа көбірек қабылдауын өтінген болатынмын. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ешқандай өзгеріс жоқ. Сіздер басқа елден, басқа облыстан келіп, вахталық әдіспен 14-28 күн жұмыстарыңызды жасап кетесіздер. Ал осы жердің экологиялық лас ауасын, уын жұтып қалатын – жылыойлықтар. Өңірімізде ауру көбейді,- деді депутат.

Халық қалаулысының айтуы бойынша, өндірісі көп ауданымыздағы қоршаған ортаның нашарлығынан қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқастардың саны өскен. Тіпті соңғы бір жылдың ішінде 10 бала осындай қатерлі дертпен тіркеуге алынған. Ер ертеңі боп саналатын келешегіміз – жас балалардың айықпас науқасқа шалдығуы қасіретті жағдай. Ересектер мен әйел адамдар арасындағы қатерлі ісік ауруларының көбеюін де осы экология мәселесімен байланыстырды дәрігер. Мұндай аурумен ауыратындар саны 400-ден асып кеткен. Бір әйел Теңіз кенішіндегі мекемеде Ақтау қаласынан келіп еден жуушы боп жұмыс жасап, 200 мың теңге айлық алады екен.

-Сонда Жылыой ауданында еден жуушы боп жұмыс жасай алатын адам жоқ па? Қымбатшылық кезде отбасын асырай алмай отырған кез-келген әйел мына іргеміздегі мекемеге барып осындай жұмысты атқара алады ғой. Осындайда көпшілік айтатын «таныс-тамыр» тақырыбының жылт ете қалатынын аңғарамыз. «Бір мекемеге басқа өңірден жұмысқа қабылдайтын маман келеді де, артынан 100 шақты адамды ертіп келеді» дейтін сыбыс бар. Халық айтса, қалт айтпайды. Қазір біз естіп отырған ақпаратқа таңғалып отырмыз. Өз жеріміздегі Теңіз кенішінде жұмыс жасайтын жылыойлықтардың үлесі тек 1-5 пайыз деген не масқара?! Халық осы жердің ауасын жұтып, суын ішіп отырған соң осы жерде, өз туған жерінде жұмысқа орналасуы керек! Алдында біз Астана қаласына форумға бардық. Осы жұмыссыздық мәселесі жөнінде айтылған хатымды Премьер Министр Әлихан Смайлов пен «Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың алдына қойдым. Біздің талабымыз – жұмысқа осы жергілікті жердің халқын қабылдауларыңыз керек. Қазіргі таңда болып жатқан қысқарту мәселесінде де ауданның тұрғындары ең соңынан босатылуы керек,-деді Сәуле Мамбетова.

 Гүлнафис Айшуақова «Сичим» мекемесінің Батыс Қазақстан облысының Ақсай ауданында мердігер мекемесі ашылып жатқанын, ол жақта да жылыойлықтарды жұмысқа тартуға жұмыстанып жатқанын айтып, ризашылығын білдіре кетті. Ол «аудандағы жастардың еңбек өтілі жоқ» деп сылтауратқан мекеме басшыларына ұсыныс айтты. Жаңадан жоғары оқу орнын бітіріп келген жас мамандарға тәлімгер бөліп, сол арқылы жұмысқа қосылуына ықпал етулерін сұрады. Алдағы уақытта бос жұмыс орындары ашылған жағдайда, алдымен жергілікті тұрғындардың қамтылуын қадағалап, назарда ұстайтындарын жеткізді.

Мердігер мекемелердің үстінен тұрғындардың арыз-шағымдары күнделікті түсіп тұратынын тілге тиек етті. Олардың айтатындары тағы да сол – жұмыссыздық мәселесі. Сондай-ақ, аудан әкімі орынбасары пробация тізімінде тұрған адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдау мәселесі де ақсап жатқанын айтты. Гүлнафис Аязберікқызы бұл мәселелер шешімін таппаса, құқық қорғау органдарына шағымданатынын жеткізді.

Аудандық мәслихат депутаты Сымбат Абдрахманова сөз сөйледі. Ол ауданда жұмыс таба алмай қиналып жүрген азаматтардың кіндік қаны тамған жерге маңдай тері де сіңуі керек екенін баса айтты. Алғаш Теңіз кеніші ашылғанда, бөрігін аспанға лақтырып қуанған да осы жылыойлықтар екенін айтып, олардың бірінші кезекте жұмысқа қабылдануын сұрады. Биылғы жарты жылдың өзінде ауданымызда жұмыссыз ретінде 3687 адам ресми тіркелген. Бұлардың ішінде «күнімізді қалай көреміз?» деп Теңіз кенішіне үмітпен қарап отырған жандар қаншама?

Перизат ҚИЗАТОВА,

тілші

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

Әлеуметтік желілеріміз