Жылыой ауданының жергілікті табиғат жанашырлары мен қоғам белсенділері Теңіз кен орнындағы алғашқы буын зауыты саналатын «Кешенді технологиялық желі» зауытында болып, аумақта орналасқан күкірт карталарының қазіргі жай-күйімен және оларды алдағы уақытта қалпына келтіру жоспарларымен танысты. Бұл сапар «Теңізшевройл» ЖШС-нің ашықтық пен өзара түсіністікті дамытуға бағытталған таныстыру жұмыстары аясында өтті.
Түйіршіктелген күкірт
Зауыт аумағына кірер алдында қатысушыларға қауіпсіздік техникасы бойынша міндетті түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Белсенділерге өндірістік нысанда сақталуы тиіс талаптар, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану тәртібі, қозғалыс ережелері мен қауіпсіздік нормалары егжей-тегжейлі таныстырылды.
«Теңізшевройл» ЖШС үшін қауіпсіздік басты басымдық болғандықтан өндірістік аумаққа келушілерміндетті түрде арнайы қауіпсіздік нұсқаулықтарынанөтеді. Бұл жадынамалар компанияның адам өмірі мен денсаулығына немқұрайды қарамайтынын көрсетсе керек. Қауіпті аймақтарда жұмыс істеу тәртібі, жеке қорғаныс құралдары, газдан сақтану, дабыл беру және эвакуация жолдары нақты белгіленген. Яғни компания үшін басты құндылық өндіріс көлемі ғана емес, сол жерде еңбек етіп жүрген әрбір адамның қауіпсіздігі.

Арнайы нұсқаулықтан өткеннен кейін ғана белсенділер зауыт аумағына кіріп, өндірістік бөлімдердің жұмысымен танысуға мүмкіндік алды.
КТЖ зауыты экспорт бөлімінің басшысы Рустам Ищанов түйіршіктеу қондырғыларында өндірілетін күкірт түйіршіктеу процесі туралы айтты.
– Күкірт өндірісі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен күкірт сұйық күйде алынады, кейін ол арнайы технологиялық процесс арқылы салқындатылып, түйіршіктелген күкіртке айналады. Бұл жерде 5 қондырғы жұмыс істейді. Түйіршіктелген күкірт сақтау мен тасымалдауға анағұрлым ыңғайлы, сондай-ақ экологиялық және өндірістік қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. Бүгінде түйіршіктелген күкірт халықаралық нарықта жоғары сұранысқа ие. Өнім экспортқа шығарылар алдында сапа көрсеткіштері мұқият тексеріліп, барлық қажетті стандарттар мен талаптарға сай екені расталады. Бұл өз кезегінде отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорттық әлеуетімізді кеңейтуге мүмкіндік береді, - деді Рустам Қайратұлы.
Бұл өнім сақтау мен тасымалдауға қолайлы болғандықтан, негізінен экспортқа және өнеркәсіптік мақсаттарға бағытталады.
Сынаманы шетелден күтеді
Бұдан соң табиғат жанашырлары зауыт аумағындағы №6,7,8,9 күкірт карталарының аумағында болып, қазіргі көрінісімен танысты. Әр күкірт картасының аумағы шамамен 30-130 мың шаршы метрді құрайды.


Мамандардан білгеніміздей, күкірт карталары бірнеше қорғаныш қабаттан тұрады. Күкірт сақтау алаңдарының іргетасына мұқият араластырылған қиыршықтас қабаты төселген. Қиыршықтас қабатының астында 800 мм құм қабаты орналасады, ал құм мен қиыршықтас арасына геотекстиль төселеді, бұл төсеніштің беріктігін арттырып, құм мен қиыршықтастың араласып кетуін болдырмайды. Алаңаумағында биік темірбетон қоршау орнатылған.Қоршау мен үйілген күкірттің арасындағы қашықтықшамамен 4 м. Қоршау мен үйілген күкірттің арасындағы аумақ полиэтиленнен жасалған тығыздығы жоғары жабынмен оқшауланған, бұлжаңбыр суының іргетас арқылы жер асты суларынасіңіп кетуінен қорғайтын тағы бір құрал. Осы қорғаныш қабаттардың үстіне ғана күкірт үйіледі.
Өткен жылы «Теңізшевройл» ЖШС нысандары үшін экологиялық рұқсат алу мақсатында өткізілген қоғамдық тыңдауларда жергілікті белсенділер маңызды тақырыпты талқыға салды. Олар Жылыой ауданында ұзақ жылдар бойы сақталып келген күкірт карталарының орны қалай қалпына келтірілетініне, бұл жұмыстардың қандай әдіспен жүргізілетініне және жиналған материалдың қалай өңделетініне көз жеткізгісі келетінін айтты. Белсенділердің бұл уәжі экологиялық қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз ету тұрғысынан қоғамда үлкен қызығушылық тудырған болатын. Сондықтан да олар зауыт аумағындағы күкірт карталарын өз көздерімен көріп, танысуды мақсат еткен болатын.
«Байтақ» жасылдар партиясының Жылыой ауданындағы мүшесі Әли Сәменовтің айтуынша, бірнеше жыл бойы күкірт жиналған аумақтың нақты көлемін көзбен көруді мақсат етіп келгендерін айтады.
– Бізді толғандырып тұрған басты сұрақ шетелдік сараптама қорытындысы келмей тұрып, әрі нақты жоба болмай жатып, қалпына келтіру жұмыстарына халықтан алдын ала рұқсат алуға ұмтылуы. Экологияға, жерасты суына, тұрғындарға зияны бар мадеген қауіп бізді алаңдатады, - деді Әли Сәменов.
КТЖ зауыты құрылыс бөлімінің жетекші маманы Мизамғали Иғалиев күкірт картасынан алынған сынамалар мен техникалық деректер Канада мен АҚШ елдеріне жіберіліп, оның қауіпсіздігі мен құрылысқа жарамдылығына халықаралық сараптама алынатынын айтты. Бұл сараптаманың нәтижесінде күкірт картасының орнын қалай өңдеп, қандай жұмыстар атқарылатыны нақты айқындалмақ. Білгеніміздей, соңғы екі жылдан бері күкірт картасына жаңа күкірт жиналып жатқан жоқ. Қазір №6, 7, 8 күкірт карталарынкезең-кезеңмен пайдаланудан шығарып, қайта қалпына келтіруге дайындап жатыр.
– Қазіргі таңда №9 күкірт картасында қалған аз көлемдегі күкірт те кезең-кезеңімен толық сатылымға шығарылып жатыр. Бұрынғыдай тау болып үйілген күкірт жоқ. Осылайша, күкірт карталары өндірістік жүктемеден босатылып, әрі қарай аумақты қайта пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда. Сынамалар күкірт картасының әр қабатын қалай тиімді алуға болатынын анықтау үшін жасалып жатыр. Бұл жұмыстардың басты мақсаты - күкірт қалдығы бар құм мен қиыршықтасты қайта өңдеп пайдаға асыру. Күкірт карталарын қалпына келтіру жұмыстары Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті халықтың ортақ келісіміне қол жеткізілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады, - деді жетекші маман.
Жергілікті белсенділер күкірт карталарының аумағында газталдағыш құрал қолдануды талап етіп, сол арқылы ауаның құрамын тексерді. Бақылау барысында мөлшерден асқан артық көрсеткіштер тіркелмеді.
«Теңізшевройл» ЖШС экологиялық сәйкестіктобының басшысы Ринат Валиев зауыт маңындағы автоматтандырылған қоршаған ортаны бақылау станциясының жұмысымен таныстырды.
– Станция желдің бағыты мен жылдамдығын өлшейтін анемометрмен, ауа сапасын талдайтын ағындық анализатормен жабдықталған. Бұл құрылғылардан алынған деректер онлайн режимде Қазгидрометке жіберіледі. Барлық көрсеткіштерді air.kz сайтынан көруге болады, - деді Ринат Валиев.
ТШО компаниясы ұйымдастырған бұл сапарөндіріс пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтуға, экологиялық мәселелер бойынша өзара түсіністікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Алдағы уақытта күкірт карталарын қалпына келтіру мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдардың талаптары мен жергілікті тұрғындардың пікірлерін ескере отырып шешімін табады деген сенім бар.
Алмас ҚАБДОЛ



