Шетелдік маманды отандық мұнайшымен алмастырады

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлімдеді.

«Ақ Жайық» сайтының хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі елдегі қазіргі жағдайға байланысты мұнай-газ компанияларының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында және жұмыс орындарын сақтау үшін шаралар алынып жатқандығына сендірген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта министрлік орталық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, қауымдастықтармен және Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, осы бағытта жұмыстар жүргізуде. Үкімет делегациясының мұнайлы өңірлерге жұмыс сапары барысында бірінші кезекте орындалуы қажет бірқатар міндеттер белгіленді.

Бұдан басқа, бірқатар мемлекеттерде шетелдік мамандардың елге кіруіне қойылған шектеуге байланысты жоғары білікті мамандарды алмастыру үшін жергілікті еңбек нарығында кадрларды іздестіру жалғасатын болады. Мысалы, Мағауовтың айтуынша, қазіргі уақытта «КРІ» ЖШС жобасында 397 Қытай азаматы жұмыс істейді. Шектеуге орай шекарадан 161 Қытай азаматы өте алмады. Энергетика министрлігі премьер-министрдің тапсырмасын орындау үшін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, Атырау облысының әкімдігімен, «ҚазМұнайГаз»ҰК АҚ және KPI-мен бірлесіп, олардың орнын жергілікті мамандармен толықтыру шараларын әзірлеуде.

Бүгінде жергілікті кадрларды тарту үшін арнайы комиссия құрылды. Әңгімелесу мен тәжірибелік емтиханның қорытындысымен құрылыс алаңындағы жалпы жұмыстарға 50 адам ұсынылып, 45 маман жұмысқа қабылданды. «Бұл жұмыс тұрақты негізде жалғасатын болады», - деп атап өтті Мағауов.

Вице-министр COVID-19 коронавирус инфекциясының алдын-алу шараларына тоқталды.

«Әр жобада қолданыстағы ҚР заңнамасында және компаниялардың ішкі ережелерінде қарастырылған аурудың алдын алу шаралары алынады. Барлық операторларға алдын алу және сақтандыру шараларының аса қажеттігі ескертілген және оны толық көлемде орындайды. Мысалы, COVID-19 коронавирусының қаупіне қарсы әрекет ету шараларын жоспарлау, жүзеге асыру мақсатында ТШО дағдарыс жағдайын басқару тобын және апатты жағдайларды басқарудың үш тобын құрды. Топ күн сайын жиналыс өткізеді. Құрамына өндірістің үздіксіз жұмыс жасауын жоспарлау, медициналық және техникалық әрекет ету, сондай-ақ коммуникация тұрғысындағы профильді топтар кіреді»,-деді Ә.Мағауов.

Дайындаған Ербол Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521